Мұнан соң жиын театрдың залында жалғасты. Тарихқа да тізгін берілді. 1936 жылы 5 қаңтарда Әулиеата аудандық партия комитеті бірлескен мәжілісінде колхоз-совхоз театрын құру жөнінде қаулы қабылданып, Әулиеата театры ашылды. Осы мәдениет ордасының алғашқы іргетасын қалаушылар тоғыз өнерпаздан тұрған. Олар: Шәріпбай Сакиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Тәжімет Әлмұхаметов, Отарбай Тұрымқұлов, Нұргүл Майтанова, Гүлсара Тұрымқұлова, Молдаш Сакиев, Тұраш Әбуовтер еді. Сол жылғы наурыз айының он алтысы күні Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей», Қасым Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір актілі комедияларымен өнер отауының тұңғыш шымылдығы ашылған. Ал 1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Советі Президиумының қаулысымен Жамбыл облысы құрылды.
Бұған дейін «Әулиеата театры» аталып келген театр сол кезде «облыстық театр» мәртебесін алып, 1940 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театры болып қайта құрылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы № 70 қаулысымен облыстың 80 жылдығына орай, театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, актер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімі берілді. Араға бес жыл салып, театрдың 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді. Өңір театрының жүріп өткен тағылымды жолы осындай. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алды.
– Бүгін ерекше күн. Өңір театрының терең тарихи жолы бар. Сіздерге «Академиялық» мәртебе берілуі театрдың еңбегіне көрсетілген құрмет және әділ баға. Ұзақ жылғы кәсіби еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерді осынау қуаныштарыңызбен облыс әкімінің атынан құттықтаймын. Енді академиялық атаққа байланысты оң өзгерістер болады. Абыройларыңыз арта берсін, – деді ол.
Мұнан соң облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев театрдың көрермен көпшілік алдындағы маңызына терең тоқталса, ардагер актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан әріптестерінің ерен еңбектерін ерекше атап өтті. Соңынан «Сөз бен саздың тоғысуы» театрландырылған композициялық қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл күн театр ұжымына ерекше қуаныш сыйлауымен есте қалды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




