Ол кісілер жастар үшін – бір-бір университет секілді еді. Сол тағылымды біз сезіндік. Жұмысбасты едік. Бірақ, қанша қауырт болсақ та бала тәрбиесін ұмытпадық. Отбасына әрқашан көңіл бөлуге тырыстық. Бәлкім, сол жоғарыда айтқан жақсы ағалардың кісілік қасиеттері бізге үлгі болған шығар. Себебі, бала деген – болашағың. Балалар елдің де болашағы. Қазір Тараз қаласында тұрамын. Жасым 75-ке қарай кетті. Біздің де қария ретінде жастарға ақыл-кеңес беріп, өнеге айтатын кезіміз келді.
Менің айтайын дегенім, ата-ана мен оқушы баланың қатынасы. Қазір ата-ананың көбісі жұмысбасты. Бірі қызметте, бірі кәсіпкерлікте, өнерде, спортта, базарда. Әйтеуір ата-ананың тірліктен қолдары босай бермейді. Әкесі мен шешесінің жұмыс істегені, әрине жақсы. Ол да – тіршіліктің талабы. Алайда бала деген – болашағың. Сенің жасап жатқан ісіңнің бәрі сол балаң үшін емес пе? Жақында Тараз қаласындағы үлкен мектептердің бірінде ата-аналар жиналысына қатыстым. Әлгі білім ордасында 2 мың оқушы оқиды. Ал 11-сыныпта 108 жеткіншек білім алады екен. Жиналыс негізінен 11-сынып атааналарына арналып еді. Әлгі 108 ата-анадан 30-ы ғана барды. Сонда қалған 78 ата-анаға бәрібір ме? Ұл-қыздарының мектеп бітірер жылғы нәтижелері маңызды емес пе? Ал жиналыс Ұлттық бірыңғай тестке дайындық, 11-сынып оқушысының білімі мен тәрбиесі туралы болды. Бұл ата-ана үшін ең керек мәселе, маңызды тақырып емес пе?
Мектеп директоры алғашқы айлардағы тестілеудің қорытындысы бойынша шырылдап айтып жатыр. Мектепте 3 «Алтын белгі», 5 «Ерекше аттестатқа» үміткер бар. Солардың ішінде тек бір оқушы ғана 108 балл жинап, ертеңінен үміттендіріп отыр. Қалған үздіктермен де ұстаздар жұмыс істеуге тура келеді.Бұл жерде ата-ананың рөлі үлкен. Мен түсінемін, әлгі 108 оқушының ішінде бірінің әкесі, енді бірінің анасы өмірде жоқ оқушылар бар шығар. Тіпті, әкесі мен шешесі де жоқ жеткіншектер де бар болуы мүмкін. Бірақ, біздің мемлекетте ешқандай бала қамқорлықсыз қалмайды. Тіпті, жиналысқа бірге туған бауырлары келсе де, қамқоршылары қатысса да болады.
Айтпақшы, сол 30 атаананың ішінде екі-үшеуі аз ғана отырып, тойға сұранып шығып кетті. Баланың мәселесі қозғалған жиналыстан гөрі той қызығырақ болып тұрғаны ма? Әйтеуір сол жиыннан жағамды ұстап, көңілсіз қайттым. Жасөспірімдер қылмысы көбейді дейміз, жасөспірімдер ұстаз бен ата-ананы тыңдамайды дейміз. Соның бәрі өзімізден емес пе? Өзіміз жас кезінен баланың тағдырына жанашырлықпен қарадық па? Баланы еркелете алдық па, мейірім төге алдық па? Баламен сырласа алдық па? Ал, бала деген әкесі мен шешесінің назар аударғанын қалайды. Былайша, «бала ғой» деп мән бермеуіміз мүмкін. Сол «бала ғой» деп жүрген адамыңызда үлкен сезім, ой, сыр жатыр. Сенбесеңіз ең төмен 3 немесе 4-сынып оқушысына «Менің ата-анам» деген тақырыппен эссе-шығарма жаздырыңызшы. Қалай төгілтіп жазар екен. Сол жазудан олардың ата-ана жылуын керек ететінін, «жұмыс-жұмыс» дей бермей, әке мен шеше бір мезгіл балаға көңіл бөлгені жөн екенін байқайсыз. Себебі, әр бала – ел болашағы. Әр баланың жүрегі, көңіл-күйі, сезімі бар. Олардың әрқайсысы бақытты және білімді болуға лайық. Ол үшін сіздер ата-аналар балаға уақыт табуларыңыз керек. Баланы ойнатып, әңгімелесіп, ішкі әлеміне құлақ түруіңіз керек. Сонда ол бала сіз ойлағандай перзент болып өседі.
Жас көшетті баптамасаңыз, су құйып, нәр бермесеңіз, өсуі әлсіз болмайды ма? Бала деген де сол – жас көшет сияқты. Жас көшетті күтіп баптау парызымыз. Содан соң ата-аналар жиналысы мен мектеппен байланысуға әкелер аз қадам жасайды. Әлгі жиналысқа барған ата-ананың көпшілігі әйелдер. Сонда әкенің жауапкершілігі мен рөлі қайда қалды? Баласы 11-сынып оқып жүргенде жиналысына 30 минут уақыт таба алмаған әке қандай әке? Ойланатын мәселе көп. Шешімі қашан табылар екен? Бала тәрбиесіне көңіл бөлу – басты мұрат.
Ерубай ӘБДӘШІМОВ
еңбек ардагері.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




