«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздық жолдың ұлағаты

Ұстаздық жолдың ұлағаты
Автор
«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің, ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, аурухана төсегіне таңылған осы күндер маған көп ой салды. Төсекте ұзақ сарылып жатып, өмір туралы, ұл-қыз, немерелерім жайлы ұзақ ойға шомдым. Барлық өмірім көз алдымнан өтті. Зымыраған жылдарға көз жүгірттім.

Мен өмірімнің 38 жылын ұстаздыққа арнаған адаммын. Жұмысымызға адал болдық. Елден бұрын мектепке барып, елдің соңынан қайттық. «Қайтсек балаға жақсы білім бере аламын?» деген ой мені үнемі мазалай берді. Көз алдымызда күн сайын жүзге жуық шәкірт отырды. Ол дегеніңіз егемен еліміздің болашағы. Оларға тиянақты білім беруің керек. Баланы алдауға болмайды. Мемлекеттің болашағына жауапсыз қарау – балаға жақсы білім бермеуден басталады. Нағыз ұстаз кім? Нағыз ұстаз – мектептің жүрегі. Шын ұстаз әр балаға бақыт сыйлайды. Шын ұстаздың алдынан балалар күліп шығады, үлкен өмір сабағын біліп шығады.

Жақсы ұстаз оқушыны сырласы санап, оларға көп нәрсе ұқтыра алады. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дейді емес пе хакім Абай. Қалай дәл тауып айтқан десеңізші. Мен де ұзақ жыл еңбек еткенде еш жалыққан емеспін. Қайта сол жылдарым 30 күн секілді тез өте шықты десем артық айта қоймаспын. Сол мектептегі жылдарымды сағынатыным да рас. Ол күндер, әрине қайтып оралмайды. Бірақ, сол мектепте ізіміз қалды. Соған қуанамын. Қазір біздің алдымыздан білім алған шәкірттер арасында сан түрлі мамандық иелері бар. Олар еліміздің әр қиырында, әр саласында еңбек етіп жүр.

Олардың бірқатары әкімшілікте, құқық саласында еңбек етсе, бірі ғалым, бірі депутат. Өзіміз секілді ұстаз болғандары да, мектеп директоры болып жүргендері де бар. Осындай шәкірттеріме қарап өмір жолымның босқа өтпегеніне қуанамын. Шүкіршілік етемін. Жақсы маман болғанымды, шәкіртімді және оның атааналарын әркез қуантқанымды ойласам, көңілім тынышталады. Әрине, сынып болған соң әртүрлі оқушы болады. Сыныптағы 18-20 оқушының бәрі оқу озаты бола алмайды. Ол – заңдылық. Бірақ, нашар оқитын оқушыны да жігерлендіру ұстаздың міндеті. Себебі, ата-анасы әр оқушыны саған сеніп тапсырған. Ол үшін жауап бересің. Тіпті, нашар оқушының ата-анасымен күліп сөйлесіп, көңілін көтеру мұғалім ретінде біліктілігіңнің жоғары екенін көрсетеді. Сенің айтқан әр сөзің ата-анаға әсер етеді.

Мен сол әр ата-анамен жылы сөйлесіп, жүректерін түсіне алдым деп ойлаймын. Жыл сайын жүздеген шәкірттерім ауылға келіп, елге деген сағыныштарын білдіреді. Әр шәкіртім үйіме келіп амандасып, қуантады. Ғалым да, шахтер де бас иетін ұстаздық жолдың үлгілі жол екенін сол кезде тағы да бір сезінемін. Әр жылым босқа өтпегеніне қуанамын.

Қазіргі таңда перзенттеріміз есейді. Немере сүйдік. Өмірлік жарым Мақсатбек Байболов екеуіміз бір ауылдың сыйлы қартына айналып келе жатырмыз. Көлтоған ауылында бізді көп адам сыйлайды. Осы күнімізге шүкір дейміз. Осынша ғұмыр беріп, баршаға сыйлы еткен жаратушыға алғысымды күн сайын айтудан жалыққан емеспін. Өзімнің кейде жыр жазатыным бар. Оны ақындық емес, жан сырымды ақтару деп есептеймін. Азат еліміздің әр таңына қуанып, елімнің ертеңіне де тек жақсылық тілеймін.

Пейілі кең қазақ елі барлық жақсылықтарға лайық.

Қазақты жамандама, қазақ бала,

Қазақ деген халық қой аз-ақ ғана.

Мәңгілік ай астында, жер үстінде,

Қазақтың жанашыры қазақ ғана, деп белгілі ақын Күләш Ахметова дәл тауып, жанашырлықпен айтқандай.

Қазақ елінің аспанынан күн нұрын төге берсін.

 

Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА

ардагер ұстаз.

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар