Облыстық Қан орталығы «Донор болу – ерлікке тең» ұранымен халықты қан донорлығына шақырып келеді. Бұл ұранның мәні тереңде. Өйткені донор болу – өз өміріңді қатерге тікпей-ақ, басқа біреуге өмір сыйлау деген сөз. Жыл сайын облыстық қан орталығына қан тапсыру үшін 15 000-нан астам адам келеді. Қан донациясы 100 пайыз ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі. Облыс бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы қан және оның компоненттері донациясының үлесі орта есеппен 6,8 пайызды, ал республикалық көрсеткіш 9,2 пайызды құрайды.
Бүгінгі күні орталықта гемопоэздік дің жасушаларының донорлары бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Қазақстанда Астана қаласының Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы базасында 2012 жылдан бастап Гемопоэздік дің жасушалары донорларының Бірыңғай ұлттық базасы жұмыс істейді. Бұл қатерлі қан ауруларын емдеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін тез дамып келе жатқан индустрия мен технологияның жемісі. Қан орталығына келген донордың келісімі бойынша өтініш және ақпараттық парақ толтырылады, содан кейін, әдетте, жылына екі рет, 80-нен астам қан үлгісі Астана қаласына жіберіледі. Қан жүйесі аурулары бар пациенттер үшін HLA теру бойынша сәйкестіктер қазірдің өзінде бар екенін атап өту керек. Жылына кәсіпорын 25 мыңға жуық түрлі қан компоненттерінің дозасын дайындайды. 2025 жылдың 9 айында эритроцит құрамды компоненттер – 7186 доза, вирус белсенділігі жойылған аферездік тромбоциттер – 1462 доза, барлық түрдегі плазма – 4636 доза, криопреципитат – 402 доза, лейкомасса 37 доза дайындалған.
Мекеме шығарылатын гемоөнімдердің сапасын жақсарту бойынша озық технологияларды үнемі зерттеп, қан компоненттерін дайындаудың неғұрлым жетілдірілген бағыттарын енгізуде. Барлық донорлық қан ИХЛА және ПТР зертханалық диагностикасынан яғни, 2 кезеңдік скринингтен өтеді. Зерттеулер Эббот (АҚШ), Roch (Франция), Орто Клиник (АҚШ), Хуман (Германия) сынды жетекші шетелдік компаниялар жеткізген жоғары дәлдіктегі жабық типті автоматтандырылған жабдықтарда жүргізіледі. 2025 жылдың нәтижелері бойынша, медициналық зертхана СТ РК ISO 15189-2023 стандарты бойынша медициналық зертхананы аккредиттеу аттестатын алды. Зертхананың осы стандарттың талаптарын орындауы, зертхананың қан компоненттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына да, сондай-ақ бүгінгі таңда техникалық сенімді нәтижелер алу үшін қажетті сапа менеджменті жүйесінің талаптарына да сәйкес келетінін білдіреді.
Облыстың қан орталығының маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылғы 5 наурызда Жапония елшілігімен 68790 АҚШ доллары (30307195 миллион теңге) сомасына гранттық келісімшартқа қол қойылды. Бөлінген қаражатқа 5 бірлік заманауи жабдық сатып алынды. Бұл Қан орталығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және қан компоненттерін дайындау мен скрининг сапасын арттыруға мүмкіндік берді. 4 қарашада Қан орталығында Қазақстан республикасындағы Жапония елшілігінің қолдауымен іске асырылған «Шөп тамыры» (KUSANONE) гранттық жобасының аяқталу салтанаты өтті. Жиынға Жапонияның Қазақстан республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса мырза қатысты. Қан орталығы 26 емдеу-профилактикалық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді, олардың арасында ірі кардиологиялық клиникалар да бар.
Соңғы 3 жылда медициналық ұйымдарда 51 мыңға жуық түрлі қан компоненттерінің дозасы құйылған 10 мыңнан астам пациенттің өмірі сақталды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жолында облыстың медициналық ұйымдарында 100 пайыз «Info Blood» орнатылды. Бұл қан орталығының мамандарына гемоөнімдерді ұтымды пайдалануды күн сайын бақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында трансфузиялық белсенділік, медициналық ұйымның қашықтығы және ауа райы сынды географиялық жағдайлардың әсерін ескере отырып, қанның азаймайтын қорын реттеуге және қалыптастыруға бағытталған «Қан менеджменті» бағдарламасы жұмыс істейді.
Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі – халықты өтеусіз қан донорлығы туралы барынша кеңінен ақпараттандыру. Қан орталығы күн сайын барлық жаңалықтарды, жарияланымдарды, құттықтауларды әлеуметтік желілердегі парақшаларына орналастырады. Өтеусіз донорлықты дамытуға Оңтүстік округтің әскери бөлімдері, Amanat партиясы, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері мен волонтерлері, сондай-ақ жоғары білім беру мекемелерінің студенттері де көмектеседі. Атап айтар болсақ, «Қазфосфат» ЖШС, Полиция департаменті, «ОҢТҮСТІК» өңірлік қолбасшылығы, Төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ қалалық және облыстық медициналық мекемелер Қан орталығының тұрақты серіктестері болып келеді.
Облыстық Қан орталығының директоры Гулам Мұхтарұлының айтуынша, донорлық донордың өзі үшін де сөзсіз пайдалы. Өйткені, қан тапсыру кезінде ағза жаңарып, қан түзу жүйесі белсенді жұмыс істей бастайды. Бұл қан айналымын жақсартып, гемопоэздік дің жасушаларының қызметін ынталандырады. Нәтижесінде жаңа әрі сапалы қан жасушалары түзіледі. Сондай-ақ, қан тапсыру қан қоюлануының алдын алып, жүрекқан тамыр ауруларының қаупін төмендетуге де көмектеседі. Көптеген өркениетті елдерде қан донорлығы салауатты өмір салтының ажырамас атрибутына айналған.
Ғалымдар қанды үнемі тапсыру иммундық жүйе ауруларының алдын алып, тұрақты донация донор ағзасының жасару бағдарламасын іске қосады. Статистикаға сәйкес, донорлар өзге азаматтарға қарағанда орта есеппен бірнеше жылға ұзақ өмір сүреді. Қан – бұл адам басқа адамға бере алатын ең құнды нәрсе. Ең бастысы – донор болу адамның рухани жағдайына оң әсер етеді. Біреудің өмірін сақтап қалуға үлес қосу донорға моральдық қанағат пен жауапкершілік сезімін сыйлайды. Сондықтан донорлық – өзгеге де, өзіңе де пайдалы игі іс.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Балалардың қуанышы – әлемнің шаттығы
- 26 желтоқсан, 2025
Адал еңбектің әділ бағасы
- 26 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




