Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: Заңға енгізілген өзгерістің берері не?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:45
- 60
Филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, өзгеріс қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.
– Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы, яғни D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өңірлердегі халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға қосымша серпін береді. Бүгінгі таңда облысымызда емханаларға тіркелген халықтың саны 1175000 адам болса, сақтандырылған азаматтардың саны 946 мыңнан асып, жалпы халықтың 80 пайызын құрап отыр. Оның ішінде 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда 229074 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Облыс бойынша әлеуметтік осал «D – дағдарыс» және «E – мүшкіл» санаттарында 70 мыңнан аса азамат тіркелген. Қазіргі таңда қор филиалы жергілікті атқарушы билікпен бірге ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында заң жобасы жеңілдікті кезеңді ұзарту жөніндегі жаңа норманы көздейді. Енді бес жылдың ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесінде қала алады. Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын. Бұл әділ және маңызды шешім, ол жүйеге тұрақты қатысатын және уақытша қиындықтарға тап болғандарды қолдайды. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады. Бұл тәсіл адамдарға қиын сәттерде медициналық көмекке қолжетімділікті жоғалтпауға мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап Қазақстан барлық тараптардың, яғни мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігінің неғұрлым жоғары дәрежесімен толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр, – дейді Ғайни Төленқызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктері бойынша теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырды. Бұл қадам мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жоюға, пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де медициналық қызметтер тізбесінің айқын шекаралары мен ашықтығын қамтамасыз етуге, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Ғайни Төленқызының айтуынша, 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезеңкезеңімен көшу басталады. Соның нәтижесінде аурулардың ерте профилактикасының қолжетімділігі артады.
Мемлекет онкологиялық ауруларға ерте тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Сол себепті 2026 жылдан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі тізіміне өтіп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан, тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтікдиагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Ал шетелдерде тегін мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетіне қандай қызметтер кіретінін салыстырмалы түрде айта кетелік. Мәселен, Ресейде санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар, Эстонияда жедел медициналық көмек, АИТВ/ ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар, Литвада тек жедел медициналық көмек, Германия мен Нидерландыда тек мейіргерлік күтім ғана тегін көрсетіледі. Бұл біздің елдегі медициналық көмектің қолжетімділігін аңғартады.
– Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы, ал қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақы мөлшерімен бекітілді. Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді. Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде, 2025 жылы 2 пайыз болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9-14,5 пайыз аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді. Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда. Яғни, 2027 жылы – 2,2 пайыз, 2037 жылға дейін – 4,7 пайызға дейін біртіндеп өсіру ұсынылып отыр. Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады, – дейді филиал директоры Ғайни Аймағанбетова.
Пациенттер үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген негізгі өзгерістер пациенттер үшін қандай мүмкіндіктерді кеңейтті? Бұл туралы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасынан сұрадық. Басқарма басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптасуда. Ел кезең-кезеңімен сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшіп жатыр.
– Балалар церебральды сал ауруы қызметтері МӘМС-ке ауыстырылды, алайда қызметтер жойылған жоқ, тек қаржыландыру көзі өзгерді. Бұл сырқатпен ауыратын пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алуды жалғастыра береді. Барлық сақтандырылған азаматтар МӘМС шеңберінде еммен, бақылау және дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. 18 жасқа дейінгі барлық балалар автоматты түрде сақтандырылған. Мемлекет жарналарды толық төлейді. 18 жастан кейін қорғаныс механизмдері қарастырылған. Мүгедектік анықталған жағдайда жарна мемлекеттің есебінен төленеді. Тіркелген тұлға жұмыссыз болса, жарнаны жергілікті атқарушы орган төлейді. Егер студент болса, мемлекет, ал ресми жұмыс істесе, жұмыс беруші төлейді. Өздігінен жұмыспен айналысса, айына 4250 теңге төлеп отырады. Кепілдендірілген пакет көлемінің өзгеруі медициналық көмектің қысқаруын білдірмейді. Барлық қажетті қызметтер сақталады. 2026 жылы жаңа анықталған пациенттерді қоса, дәрі-дәрмек минималды қорын қалыптастыруға 20 миллиард теңге бөлінуі жоспарланып отыр, – дейді Сержан Сәрсенбекұлы.
Егер жұмыссыз азамат болса, сол мәртебені алуы керек, сонда жұмыссыз үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл мәртебені алу үшін алдын ала рәсімдеуге Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе enbek.kz сайтында өтініш бере алады. 2026 жылдан бастап мемлекет төмен табысты азаматтардың медициналық сақтандыруын МӘМС төлейді. Бұл Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вицеминистрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығымен қарастырылған.
Қолдауға жаңа әлеуметтік санаттарға «D» дағдарыстық деңгей және «E» шұғыл деңгейдегі азаматтар кіреді. Олар жеңілдік алушылар емес, әлеуметтік осал деп танылған жаңа топтар. Осы санаттардағы азаматтардың жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейді. «D» немесе «E» санатына жататынын азамат өз аймағындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан біле алады.
– Тұрғындар медициналық көмек алу үшін алдымен поликлиникада тіркелу қажет. eGov.kz порталында онлайн түрінде немесе поликлиникаға барып, тіркеледі. Сақтандырылған мәртебені Telegram-бот: @SaqtandyryBot, eGov. kz/ eGov мобильді қосымшасы, АМСК сайты, және cаll-орталық 1414 нөміріне қоңырау шалып, тексеруге болады. Егер сақтандырылмаған азамат болса, жарна бойынша қарызды төлейді, қажет жағдайда мүгедектік, жұмыссыздық секілді жеңілдік санатына кіруі тиіс. Еnbek.kz арқылы жұмыссыз ретінде тіркеледі және жергілікті әлеуметтік қорғау органында D немесе E санатына жататынын нақтылайды. Статистикалық деректер бойынша, Жамбыл облысында медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1172409 адамды құрайды. Олардың 942017- сі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған, бұл тіркелген халықтың шамамен 80,3 пайызын құрайды. Сақтандырылмаған азаматтар саны 230392 адам, яғни облыс халқының 19,7 пайызы, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек.
Облыста биылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығындағы деректер барлық негізгі нозологиялар бойынша тұрақты жағымды динамика байқалғанын көрсеткен.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
ЖРВИ және тұмаудан сақтану шаралары
- 4 желтоқсан, 2025
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




