«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітапхана қоры төрт форматта қызмет көрсетуде

Кітапхана қоры төрт форматта қызмет көрсетуде
Автор
«Кітап – сарқылмас қазына» демекші, адамзаттың ең сенімді серігі, рухани азығы – кітап екені баршаға аян. Заман өзгеріп, электронды құралдар кең қолданысқа енгенімен, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы ешқашан кеміген емес. Өйткені кітап – ойды тереңдететін, танымды кеңейтетін, тұлғаны қалыптастыратын бірегей құрал.

Қазіргі таңда облыста 275 мемлекеттік кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 3 облыстық, 17 қалалық, 255 аудандық және ауылдық кітапхана бар. Солардың арасында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы өз ерекшелігімен дараланады. Аталған арнайы кітапхананың басты айырмашылығы – қорындағы әдебиеттердің төрт форматта ұсынылуында.

Облыс бойынша 40807 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде 19881 дана кітап қорын құрайтын бір облыстық арнайы кітапхана және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жанынан 9 аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлім ашылған. Кітапхана заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталып, зағип жандарды жаңа ақпараттық технологияларға оқыту орталығына айналып отыр.

Мұнда мүгедектіктің барлық тобына тең дәрежеде, жедел әрі сапалы ақпарат алу мүмкіндігі жасалған. Бүгінгі таңда жалпы қордың ішіндегі жайпақ баспалы үлкейтілген қаріптегі кітаптар – 28012 дана, оның ішінде 17418 данасы мемлекеттік тілде. Комплектаторлық тәжірибеде дәл осы формат зағиптығы толық емес және нашар көретін оқырмандар арасында ең жоғары сұранысқа ие. Сондықтан бұл бағытта көркем әдебиетпен қатар, танымдық, психологиялық, балалар және өлкетану әдебиеттерін тұрақты түрде жаңарту – басты назарда.

Дыбыстандырылған (электронды) әдебиеттер қоры – 6906 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде – 1356 дана. Қорды толықтыруда кітапхананың өз күшімен дайындалатын аудиокітаптардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Комплектатор үшін бұл – қаржылық тиімділікпен қатар, оқырман сұранысына жедел жауап беру мүмкіндігі. Авторлық құқықты сақтай отырып, заманауи шығармаларды дыбыстық форматта ұсыну – қордың өзектілігін сақтаудың тиімді жолы. Осы орайда жас деңгейіне қарай әлеуметтік мекемелер мен зағиптар орналасқан білім мекемелеріне QR кодты 50 атау түрінен қойылған виртуальді кітап сөрелері орнатылды. Қазақ және орыс тілдердегі шығармалар жинағы оқырмандар сұранысына қарай және айына бір кітапхананың студиясында дыбысталып ауыстырылып отырады.

Электронды сөренің тиімділігі арнайы мекемеге келген оқырман және мектеп оқушылары еш кедергісіз қалаған шығармаға қол жеткізе алады және сөреде көрсетілген мекенжай арқылы тыңдағысы келетін шығармаға ұсыныс немесе тапсырыс бере алады, солай кітапхана оқырмандары қалыптасады. Заман талабына сай оқырмандарға тиімді қызмет көрсету үшін кез келген смартфондардағы мәтіндік хабарландыру, сурет, видео және аудио жөнелтуге болатын What App мессенджер бағдарламасын пайдалана отырып «Кітапхана оқырмандары» чаты жұмыс істеп келеді. 77 оқырманды қамтитын аталған чатта жұмыс күндерінің таңғы уақытында кітапхана мамандары арнайы шығармаларды нақышына келтіріп дауыстап оқыса, оқырмандар тарапынан сол шығарманың желісі бойынша кері байланыс орнатылып, оқылған шығарма кешкі уақытқа дейін өзара пікірталаспен әдеби дискуссиялармен талқыланады. Нәтижесінде біз бір күнде оқырмандар чаты арқылы 77 оқырманмен сұраныстарына қарай бірнеше әдебиеттерді насихаттаймыз. Қордың маңызды бөлігі – бедерлі графикалық құралдар (75 дана).

Бұған қоса, комплекттеу барысында тактильді кітаптар мен арнайы макеттерге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл құралдар әсіресе балалар мен алғаш рет Брайль қарпін меңгеріп жатқан оқырмандар үшін аса қажет. Комплектаторлық тұрғыдан алғанда, мұндай материалдар қордың сапалық көрсеткішін арттырып, кітапхананың оқыту-оңалту функциясын күшейтеді. Қорда бедерлі-нүктелі (Брайль) шрифті әдебиеттер – 5632 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде – 1068 дана бар. Бұл көрсеткіш қазақ тіліндегі Брайль басылымдарын кезең-кезеңімен арттыру қажеттігін көрсетеді және алдағы комплекттеу жұмыстарының басым бағыты болып табылады. Тифлология бөлімінде 2008 жылдан бері 2000-ға жуық кітаптың жарық көруі – қорды ішкі ресурстар есебінен толықтырудың нақты нәтижесі болып табылады.

Бұл тәжірибе комплектатор үшін үлгі боларлық бағыт, себебі жергілікті мазмұндағы, қазақ тіліндегі әдебиеттерді шығару арқылы қордың тілдік теңгерімі қамтамасыз етіледі. Осылайша, жергілікті кітаптар кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, оқырманға сапалы және ұлттық әдеби мұраға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Ағымдағы жылы мерейтойлары аталып өтілген жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары нүктелі-бедерлі шрифті әдебиеттермен толықты. Республика көлемінде алғашқылардың бірі болып 4 форматты инклюзивті балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жарыққа шығарылды.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында Мемлекет басшысының үндеуінде көтерілген, көру қабілеті шектеулі жандар үшін кітаптарды аудио форматта автордың арнайы рұқсатынсыз дайындауға мүмкіндік беретін норма кітапхана қызметін едәуір жеңілдетті. Аталған шешім аудиокітап қорын жедел толықтыруға, оқырман сұранысына уақытылы жауап беруге және инклюзивті қызмет аясын кеңейтуге жол ашты. Кітаптың соңғы нұсқасын смартфонның көмегімен QR-код енгізу арқылы аудио форматта өз бетінше тыңдауға мүмкіндік береді. Барлық аудио ертегілер кітапхана жанындағы студияда кітапханашылардың даусымен жазылған.

Бұл – зағип балалардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашатын маңызды қадам. Бұл форматтағы кітаптар зағип және нашар көретін балалардың әдебиетті көру қабілеті бар құрдастарымен тең дәрежеде оқып, тыңдап, сезінуіне мүмкіндік беріп, инклюзивті қоғам қалыптастыруға нақты үлес қосуда. Бүгінгі таңда облыстық арнайы кітапхана жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, шығармаларды бейнеролик пен мультхикая форматында оқырманға ұсынуда. Соның бір дәлелі – жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «ТоқҚуат» шығармасы желісімен жасанды интеллектінің көмегі арқылы дайындалған мультхикая. Бұл бастамалар кітапхана қызметін жеделдетіп, сапасын арттырумен қатар, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруды да жеңілдетіп отыр. Төрт форматты инклюзивті кітаптар – көру қабілеті шектеулі азаматтар үшін білім мен ақпаратқа апарар сенімді көпір.

Мұндай бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастыруға, тең мүмкіндік ұсынуға және рухани дамуға қызмет етеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қазақ тіліндегі қор одан әрі толыға бермек.

 

 

Жазира ҚАПАРОВА

облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар