«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа Конституцияны 8 миллионға жуық қазақстандық қолдаған

Жаңа Конституцияны 8 миллионға жуық қазақстандық қолдаған
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.

Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды.

Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі. 

«Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!», – деді Президент. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы референдумге атсалысқан барша жастарға азаматтық алғысын білдірді.

«Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында! Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты! Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ! Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат», – деді Мемлекет басшысы. 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар