«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіптік білімі барлар жұмыс таба ала ма?

Кәсіптік білімі барлар жұмыс таба ала ма?
Автор
Жастарды кәсіпкерлікке баулып, адал табыс табудың жолын көрсетуде колледждердің орыны ерек. Қазіргі уақыт талабына лайықты білім беріп, студенттерді кәсіби тұрғыда маман етіп дайындаудың тиімді жолдарын іздеуде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Кәсіптік білім. Еңбек. Табыс» атты облыстық еңбек форумында да осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

Форум техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлау және білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етті. Оған облыстық білім саласының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, әлеуметтік серіктестіктер, студенттер мен жас мамандар қатысты. Жиынға қатысушылардың назарына жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өнімдерінен көрме ұсынылды. Форум Жұмысшы мамандықтары жылына арналған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің флешмобымен ашылды.

– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған жылды да қорытындылап отырмыз. Бұл бастама қарапайым еңбек адамдарын қуантып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандарының мәртебесін арттырды. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесі реформаланып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталды, – деген облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Айбар Сапарғали облыста осы бағытта жүзеге асқан жұмыстарды мәлімдеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қорытындысы бойынша бейнеролик көрсетілді. Іс-шара барысында дуалды білім беру жүйесін жетілдіру, өндірістік оқыту сапасын арттыру, студенттердің өндірістік істәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту және колледж түлектерінің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар білім беру мен өндіріс арасындағы өзара байланысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Форум аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қолдауға және өндірістік іс-тәжірибені жетілдіруге елеулі үлес қосқан бірқатар әлеуметтік серіктестіктер марапатталды. Сонымен қатар «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатының жеңімпаздары да салтанатты марапатқа ие болды. Студенттердің шеберлігін шыңдап, тәжірибесін тоғыстыратын облыстық «WorldSkills Jambyl – 2025» кәсіби шеберлік чемпионаты биыл 28 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылып, 175 жас қатысты.

Жалпы саны 39 облыстық кезең жеңімпаздары республикалық чемпионатта облысымыздың намысын қорғады. Нәтижесінде 2 алтын, 16 медальді иеленді. Жұмысшы кадрлар даярлауда өңірдегі ірі кәсіпорындар мен колледждер арасында ынтымақтастық жұмысы жалғасын тауып отырғанын да атап айтуға болады. Осы ынтымақтастық турасында НДФЗ «Фосфор зауытының» бас директоры Адиль Алиев пен «Smart Light Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аян Мырза өз пікірлерін білдірді. Бұл ынтымақтастық еңбек нарығына қажетті сапалы кадрлардың жұмысқа орналасуымен нәтижелі болары анық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар