Салтанатты жиын 20 ұл мен 20 қыздан құралған жастар вальсімен басталып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы үздіктер қатарынан табылған жас мамандарға өнімді еңбекті жалғастырып, Отанның игілігі үшін аянбауға тілектестігін білдірді.
– Бүгінде облыс жастары бәсекеге толы білім және ғылым додаларында, спорт саласында, мәдениетте және қоғамдық өмірде жоғары белсенділік танытып келеді. Бұл – жүргізіліп жатқан мемлекеттік жастар саясатының нақты нәтижесі әрі жастарымыздың табандылығы мен еңбегінің жемісі. 2025 жыл Әулиеата жастары үшін тағылымды әрі нәтижелі болды. Атап айтқанда, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өңірде жастарды еңбекке баулу, техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттау бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Колледж студенттері мен жұмысшы жастардың қатысуымен кәсіби бағдар беру кездесулері, «Ашық есік» күндері, шеберлік сабақтары, еңбек адамын дәріптейтін кездесулер ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың нақты мамандыққа қызығушылығын арттырып, тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашуда. Сонымен қатар өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен бастау алған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жастар үшін рухани әрі зияткерлік дамуға бастайтын нәтижелі жобалардың бірі болды. Жастармен әдеби кештер, кітап фестивальдері, интеллектуалдық сайыстар, танымдық кездесулер ұйымдастырылып, жас оқырмандардың қатары арта түсті. Жалпы алғанда биылғы жыл Жамбылдың жалынды жастары үшін мүмкіндіктер жылы, белсенділік пен жауапкершілік, ізденіс пен ілгерілеу жылы болды. Жастар – жарқын болашақ иесі. Осы жолдағы асқақ армандары, айқын мақсаттары орындала берсін деп тілеймін, – деді Жанболат Нұрмолдаұлы.
Өңірдегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізген еңбектерімен марапатқа ие болғандар «Үздік волонтерлік ұйым немесе топ», «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы», «Үздік волонтер жас», «Үздік студент», «Үздік жастар ұйымы», «Үздік жайдарманшы» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Жастар балы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Техника жаңарған сайын жұмыс та өнімді болады
- 23 желтоқсан, 2025
Жаңа архив ғимараты пайдалануға берілді
- 23 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




