«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркілік ақындардың жинағы шықты

Меркілік ақындардың жинағы шықты
Автор
Жыр әлемінің шексіз кеңістігі мен түпсіз терең тұңғиығына еркін бойлап, мөлдір де сұлу сезімдерін ақ қағазға меруерттей тізіп төгілдіретін ақындар қауымы тасқа табанын тілдіріп, биік тауға өрмелейтін альпинистердің жанкешті күйін кешері анық. Сүйсе шын сүйіп, өкінсе қатты өкінетін арлы жүрек аз жолға мол ұғым сыйғыза жыр шеберлікті қажет етеді. Ал онсыз ұлпа сезім, нәзік жыр тумасы анық. Гегель поэзияны өнердің тәжі, яғни, мұзарт биік шыңы десе, Гёте «Өлең – өмір күнделігі, сезім мұхиты» деп жазды. Ұлы Абай: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дейді. Ал атақты әл Фараби: «Ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алады» деген еді. Әрине, діңгегі мықты емендей өлең жазу оңай дүние емес. Дегенмен, Абай хакім айтқандай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Аспара өңірінде де жүректеріндегі жанартаудай алапат сезімдерін өлең ғып өрген ақындардың көптеп табылғаны мені шын қуантты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап өқитын өңір» жобасы аясында «Меркілік ақындар әлемі» атты жаңа жыр жинағы Алматыдағы «Мирас» баспасынан жарық көрді.

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Бұл кітапта Мерейлі Меркі өңіріндегі шеберлігі шыңдалған және қолына жаңадан қалам алып, жыр жолына түскен 58 ақынның өлең жырлары топтастырылған. Елге, жерге деген сүйіспеншілік, туған өлкенің тарихы мен табиғаты, адамгершілік пен руханият тақырыптары – жинақтың негізгі өзегі. Кітапты оқып отырғанда әйгілі ақын Фариза Оңғарсынованың «Ақын туған топырағының, туған ұлтының барометрі» деген құнды пікірі есіме түсті.

Аудандағы ақындардың Меркісі Дантенің Флоренциясы сияқты олардың өмірлерінің алтын тұғыры, асыл арқауы болғанын байқадым. Ұлттық өнердің ауылда өркен жаюына жағдай жасаған облыс, аудан әкімдігіне, аудандық кітапхана қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Себебі, осындай кітап шығарсақ деп 15 жылдан бері аудан басшылығына талай рет айтып жүруші едім. Тіпті ауданның 80 жылдығына арнайы шығарылған кітапшада оншақты ақынның Меркі жайлы өлеңдерін елге таратқанбыз. Ал мына кітапқа енген ақындардың туған жер, туған табиғат жайлы өлеңдерінде әсем де, әсерлі, ұшқыр да ширақ шумақтар Әбдімомын Қоңқабаевтың, бектай Әлімбаевтың, Серік Құралбаевтың, Есен Нүпбаевтың, Әділ Үсенқұловтың, Мейіркүл Қалдыбекованың, Мэлсхан Жұматаевтың, Нұржан Әліштің, Батима Манатованың, Ғалия Абылайдың туындыларында көптеп кездеседі. Сондай-ақ арыстан жүректі, алдаспан тілді, асқақ ақын Махамбет Өтемісұлына өлең арнаған №33 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрасыл Сағындықтың, Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 орта мектептің 7-сынып оқушысы Жібек Зиядиннің «Өмір – ғажап» өлеңі оқырмандарын бейжай қалдырмайтыны анық. Мектеп партасындағы талантттарымыздың тырнақалды туынды жырлары әдемі ой, теңеуімен қуантты.

Зәредей жасандылығы жоқ, нағыз шынайы жазылған өлеңдерді оқығыңыз келсе аудандық орталық кітапханамен хабарласуларыңызға болады. Осы кітапты жүгіріп жүріп жарыққа шығарған аудандық орталық кітапхана директоры Жанат Сүйімқұлова мен аталған кітапхананың оқу бөлімінің меңгерушісі Назира Қойшыбаеваның тынымсыз тер төккенін ешкім жоққа шығара алмайды. Оған өңірдің көз қуанышына, ауданның алтын қазынасына айналған «Меркі ақындар әлемі» атты жинақ куә.

 

Шырын МАМАСЕРІКОВА

Ақын

Қазақстанның Құрметті жазушысы

«Құрмет» орденінің иегері

Меркі ауданының Құрметті азаматы

Ұқсас жаңалықтар