«Байзақ батырдың ақырғы күндері» кімге ой, кімге күй салды?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 03:51
- 120
Жалпы оқырман қауым Сәмен ағаның «Тахауи Ахтановтың прозасы мен драматургиясы», «Жалғасы сүлейлердің Сырда туған», «Ұлттық рух және поэзия», «Уақыт және әдебиет», «Тараз толғамдары», «М.Х.Дулати: Тарихи-рухани сабақтастық» атты тағы да басқа әдебиеттану саласындағы бірнеше шығармаларымен және ғылыми еңбектерімен таныс. Енді бұл әдеби кітаптардың қатары «Байзақ батырдың ақырғы күндері» деген көркем хикаятпен толығып отыр.
Хикаятта Әулиеата өңірінде Қоқан хандығына қарсы ұлтазаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, ел ішінде беделді, ақыл-парасаты мол, іскерлігі мен батырлық қасиеттері арқылы өз дәуірінің ірі қайраткері болған Байзақ Мәмбетұлының соңғы күндеріндегі тарихи оқиғалары көркем бейнеленіп суреттеледі. Сонымен қатар бұл шығармада аңыздық желіге құрылған «Айша бибі» туындысы мен ұлы тарихшы, қолбасшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551) тағдыры арқау болған «Қаза» әңгімесі де қоса енгізілген.
Қысқасы бұл шығармада өз дәуірлерінің күрделі тарихи тұлғаларының тағдыры суреттеледі. Оқырман қауымға ұсынылып отырған «Байзақ батырдың ақырғы күндері» атты әдеби көркем шығарманың орны бөлек. Олай дейтініміздің өзіндік тарихи себептері баршылық. Біздің өңірлік тарихнамамыздағы Қоқан хандығының отаршылдық кезеңіндегі оқиғалары өте сирек баяндалады. Оның өзінде Нысанбай жырау, Сүйінбай, Бөлтірік, Жамбыл сияқты тағы да басқа ақын-жыршылардың жырларынан біздерге жеткен Кенесары – Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Байзақ, Бейназар сияқты өзгеде сол дәуірде өткен тұлғалар туралы там-тұмдап біліп келеміз. Әйтсе де менің пікірімше Байзақ батырдың ғұмыры мен тарихы көбінде бұлыңғыр, толық көрінбей көмескеленіп келеді.
Жалпы ХІХ ғасырдағы қазақ батырлары туралы біршама шығармалар бар. Мәселен, Сыр бойындағы Жанқожа, Жем бойындағы Есет, Жетісудағы Жәменке, Ұзақ сияқты тағы басқа батырларымыз туралы тарихи шығармалар көп болмаса да бірен-саран бар. Тіпті көрнекті жазушы І.Есеберлинде өзінің Көшпенділер трилологиясындағы Қаһар атты үшінші кітабында да ХІХ ғасыр батырларының біршамасына тоқталып, аталған шығармасына кейіпкер еткен. Ал Байзақ батыр туралы шығармалар өте сиреек. Сондықтан да профессор Сәмен ағамыздың Байзақ батыр туралы шығармасының мазмұны өте жоғары деп санаймын. Француз жазушысы М.Дрюон «Орта ғасыр кейіпкері қазіргі тілмен сөйлемеуі керек» дейді. Сондықтан да ең бірінші, қазақ тарихи шығармаларында да архаикалық элементтер, дәстүрлі атаулар, мақал-мәтелдер тарихи ортаға қалыпты үйлесім беруі қажет деп есептеймін. Ал бұл элементтер ғалым Сәмен Құлбарақтың шығармасында өзара толық үйлесім тапқан сияқты әрі көптеп кездеседі де. Мәселен, шығармада жоғарыда француз жазушысы айтқан пікірге мазмұндас детальдар баршылық. Солардың бірі Байзақ батыр мен Өгізбай және Батырбек датқалар арасындағы мына бір эпизодта айқын көрінсе керек: «Іштей көп жылдан бері үзеңгілес, иықтас, кейде бәсекелес келе жатқан Байзақтың мінезіне Батырбек сүйсініп қалды. Оны сыйласа осындай ер көңілі үшін қадірлейтін. Шекіссе де, бекіссе де өзінің теңі санайтын. Дәл осы кезде шыбын жаны үшін жалбаңдап құрақ ұшса, жаны сауғаласа, Байзақтан сөзсіз теріс айналар еді. «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші» дейтіндей мынау қабығы қатты емен ғой...Алып емен», – дейді.
Бұл Байзақ батырды Тәшкент пәрменшісі Нұрмұхамедтің алдап шақырып алып, зынданға тастап, зәбір көрсетіп жатқан кезіндегі оқиғалар төңірегіндегі әңгіме. Шығармаға арқау болған кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарында жоғарыда біз мысалға алып келтірген француз жазушысының тарихи шығармаларға қарата айтқан пікіріне сәйкес келетін дүниелер көптеп үйлесім тапқан. Екіншіден, оқырман тарихи кезеңге «сену» үшін автор мәтіннің ішкі атмосферасын дәл жеткізуі қажет деп санаймын. Бұл атмосфераны қалыптастыратын негізгі құралдар: тұрмыс-тіршілік элементтері, киім, тағам, қару, үй жасау, ол дәуірдің тілдік реңкі, миф, наным-сенім, әдет-ғұрып. Біз пікір білдіріп отырған әдеби көркем шығармада бұл элементтер де жақсы үйлесім тапқан деп айта аламыз. Мысалы, мына бір ғана эпизодты алар болсақ: «Қапастағы жалғыздықтың, жайсыздықтың қасіретін шегіп, қанша қапалы, жаралы арыстандай ызалы болғанымен, Батырбек датқаның келгеніне Байзақтың іші жылып қалды. Нұрмұхамедтің пәрменімен ауызғы есік жақтағы жарық, шағын бөлмеге кірді. Есік жабылып, сыртта жасауыл тұрғанымен, екеуінің оңаша сөйлесуіне мүмкіндік жасалған. Осыны алдын ала ойластырған Батырбек ауылдан қымыз, балбырап піскен семіз жылқының етін, жал-жаясын алдырған.
Бір жұманың үстінде күтім көрмеген Байзақ жуынып-шайынып, Батырбекпен еріп келген жас жігітке сақал-мұртын бастыртып, өзін қалпына келтірді. Үстіндегі киімін шешіп, Батырбек датқа әкелген жаңа киімді киді. Кесек пішіні қуаң тартып, жағы суалғанмен, көз жанарында әлі жарқыл бар екен. Батырбек іштей соған қуанды. Қарттың сірі жанының әлі жасымағанын сезінді. Местің аузын ашып, әбден шайқатылып бабына келген қымызды жас жігіт ағаш тостаққа құйды. Шағын бөлменің ішінде тәбетті ашатын қымыздың ашқылтым қош иісі бұрқырады», – дейді автор. Бұл біз келтіріп отырған бір ғана мысал. Әйткенмен, мұндай атмосфералық элементтер көпақ.
Жалпы автор оқырманның тарихи кезеңге сенуі үшін шығармада мәтіннің ішкі атмосферасын дәл жеткізген. Үшіншіден, тарихи шығарманың міндеті – оқырманды тек қызықтыру емес, өткеннің терең мәнін, өркениеттік сабақтастығын сезіндіру деп санаймын. Мәселен, әлем жазушылары тарихи шығармалардың миссиясы «адамзат тәжірибесінің жалғастығын көрсету» деп таниды. Автор өз шығармасында негізгі миссиясын айқын көрсеткен. Осы тұрғыда шығармадағы тағы бір эпизодты мысалға келтіре кетсек артық болмайды: «Ташкенде Жүніс қожаның билігін құлатқан залым Әлім ханның Әулиеатаға, Талас бойына жасаған шапқыншылығына қарсы Абылай ханның ұлы Әділ Сұлтанның жорығына қатысты. Інісі Бәйтерек те болған жанында.
Ташкен түбіндегі соғыста асыл ер Әділ сұлтан қаза тауып еді-ау. Өзінің де жалындаған жиырмадағы кезі. Содан бергі елу жыл ат үстінде өтіпті. Тойшыбек, Сұраншы, Саурық батырлармен Тентек төренің жанынан табылып, атойлаған қиямет шайқасты да бастан өткерген. Сайран, Түркістан, Шымкент, Әулиеата өңірі түгел көтерілген сонда. Қайран жігерлі жастық, қазақ деп қайралған өр намыс. Сол жолы ала шапан, ақ сәлде қоқандықтарға қазақ қазақтығын танытқан. Содан кейін ғана олар қазақпен санасып, қазақтың өз ішінен датқа сайлауға мәжбүр болған. Улап өлтірген Қойгелді ұрпағы Жампоз, оның жолын құшқан жаңабай шымыр Бәйтеректен соң датқалық кезек бұған тиген», – дейді. Тағы да автор: «Байзақтың ойына сол күндердің алыс сілімі оралды. ...Кеңесте Кенесары хан барынша қатулы, ызғарлы болды.
– Менің айтқан әміріме Орман бастаған қырғыз манаптары көнбейтін сыңай танытты. Абылай ханның тұсында көк қошқар сойып, «бір-бірімізбен енді соғыспайық» деп ант беріп еді кезінде. Бүгін сырт берген. Елшілер жібердім. Хат жаздым. Менің арманым – қазаққырғыз бірігіп, қос өкпеден қысып, жерімізге кірген қоқан менен орыстарға қарсы соғыс ашсам деп едім.
– Кенесары хан іштей түйіліп қалғандай бір кез үнсіз қалды. Ақсары реңі күреңітіп, нарттай қызарып алған. Шегір көзі от шашып, жан-жағына тесіле, қаһарлана қарайды.
– Жіберген елшінің құлағын кесті. Барымталап мал шапты. Елдіктің әрекеті емес бұл, қарғыз манаптарының?», – деген Кенесары ханның негізгі мақсат-мұратын ғажап суреттей білген.
Сондай-ақ автор бұл шығармада қазақ қоғамында сүйекке сіңген жаман әдет рушылдық пен алауыздықты да жоғары деңгейде суреттей алған. Автор шығармасында трайбализм, жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезімдер мен құбылыстардың әділетсіздіктің батпағына батыратының қазақ датқалар арасындағы байланыста терең суреттеген. Бұл әлі де қазақ қоғамында сүйекке сіңіп кеткен усойқыдай улы әдет екенін автор осы еңбегіндегі яғни, өткен ғасырдағы тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы оқырманның көз алдына әкеледі.
Бұл әдеби көркем шығарманы қолға алып оқыған көзі қарақты оқырман қауым біз келтірген мысалдар мен пікірлерді саралап, өзіндік қорытынды жасайтынына сенімдімін. Дейтұрғанмен шығарма тарихи оқиғаларымен құнды. Тағы айта кететін дүние, осы әдеби көркем еңбектің ішіндегі «Айша бибі» туындысы мен ұлы тарихшы, қолбасшы Мұхаммед Хайдар Дулати тағдырына арқау болған «Қаза» әңгімелері де күрделі әрі мазмұнды дүние деп түсіндім. Бұл хикаяттарда да автор тарихи кезеңдерді яғни, өткеннің шынайылығын көркемдік қиялмен ұштастыра алған. Авторды қай қырынан қарасақ та шығармаларға арқау болған деректерді терең зерттеп, дәуір атмосферасын дәл беріп, кейіпкер психологиясын тарихи контекстпен үйлестіріп, көркем қиял мен тарих тепе-теңдігін сақтай отырып тілдік модельді дұрыс таңдай білген.
Ендеше әдебиет сүйер қауымға, саналы оқырман шоғырына бұл көркем әдеби әрі тарихи шығарманы оқуға үн қосамын. «Әдебиеттің әлсіреуі ұлттың құлдырауын білдіреді» деген сөзді Гёте босқа айтпаса керек. Демек ұлтымыз құлдырамау үшін әдебиетімізді әлсіретпеуге міндеттіміз. Әдебиетіміз әлсіремеу үшін Сәмен Құлбарақ сынды аға буын әдебиет өкілдерінен алатын рухани дүниелеріміз кө-ө-п. Барымызды бағамдап, бағалай білейік. Ғалымның шығармашылық кеңістігі тарылмасын, жазары, саналы ұрпаққа берері мол, «Байзақ батырдың ақырғы күндері» атты шығармасының оқырманы көп болсын деп тілейміз.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ
Ш. Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары, Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Жақсылық деген
- 20 желтоқсан, 2025
Ақын Қанатбек Санжардың әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті
- 18 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




