«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Техника жаңарған сайын жұмыс та өнімді болады

Техника жаңарған сайын жұмыс та өнімді болады
Автор
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарынан 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Бүгінгі күні егіс алқаптарынан жиналған өнімнің 451,6 мың тоннасы қоймаларда сақталуда. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тонна сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Жиналған өнімнің 888,7 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттеріне экспортталған. Оның ішінде 410 мың тонна пияз бар. Осынша өнімнің жиналуына соңғы жылдары техника паркінің жаңаруы да оң септігін тигізіп отырғаны анық.

Жалпы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына елеулі көңіл бөлінуде. Соның ішінде елімізде аграрлық сектордың тиімділігін арттыру жолында машина-трактор паркін жаңғырту жұмыстарын барынша қолға алуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саланың әлеуетін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балаби Сабырдың айтуынша, биыл салаға 29,2 миллиард теңге қарастырылып, бүгінгі күні оның 29,1 миллиард теңгесі (99,9 пайызға игерілді) облыстағы 5 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде төленіп берілген. Нәтижесінде жыл басынан бері салада 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз өсім көрсеткен. Ал негізгі капиталға 35,3 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Биылғы өнім жинау барысында ауыл шаруашылығы техникасының тиімділігінің артқанын байқау қиын болған жоқ. Өйткені шаруалардың күшімен биыл облыста 762 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 348-і трактор, комбайн болса, 414-і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Жалпы бұл бағытта негізгі құралдың бірі – инвестициялық субсидиялау. Онда басымдыққа байланысты 15 пайыздан 30 пайызға дейін сатып алынған техника құнының бір бөлігін өтеу көзделеді.

Қосымша мемлекет кредит пен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені басым техникалар бойынша 6 пайызға дейін, басқа түрлері бойынша 15 пайызға дейін субсидиялайды. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз, лизинг мерзімі 7 жылға межеленген жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. Бұл бағытта республика бойынша 2025 жылға 250 миллиард теңге бөлінген.

Аталған шаралардың нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту қарқынды өсіп, елімізде көрсеткіш 6,5 пайызға жеткен. «ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша былтыр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 228,5 миллиард теңгеге 10,5 мың техника сатып алған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Әсіресе өздігінен жүретін техникаларға сұраныс артып, 4729 (+66 пайыз 2023 жылмен салыстырғанда) трактор, 924 (+80 пайыз) комбайн алынған. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 255 миллиард теңгеге 10100 техника лизингке берілген, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.

Жалпы 2025 жылы қазақстандық шаруашылықтар 25 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған, бұл сұраныстың тұрақты өсімін және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласына мультипликативтік әсер беріп отыр.

Қарап отырсақ, республикада өздігінен жүретін техника өндіретін 10 зауыт бар екен. Трактор, комбайн, бүріккіш және басқа да техника түрлерінің өндірісі жолға қойылған. Қазақстан сонымен қатар әлемдегі жетекші брендтер – John Deere және CLAAS техникасын құрастыру алаңына айналды. Нәтижесінде отандық өндірушілер тракторлар мен комбайндар бойынша ішкі нарықтың 90 пайыз қажеттілігін қамтамасыз етіп, саланың технологиялық тәуелсіздігін күшейтуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып отыр. Ал облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 5,6 пайызды құраған.

Бұдан бөлек, облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап биыл 11 мың гектарға артып, 66,5 мың гектарға жеткен. Оның 40,4 мың гектарына тамшылатып, 23,5 мың гектары жаңбырлатып суару жүйесі енгізілсе, 2,5 мың гектары лазерлік жоспарлаушы технология бойынша ылғалдандырылған. Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны 3,7 миллион басты құраса, оның ішінде мүйізді ірі қара – 441,1 мың, қой саны – 3,1 миллион, жылқы – 179,7 мың, түйе – 8,3 мың басты құраса, құс саны 1,8 миллионға жеткен. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 2,7 пайызға, сүт өнімдері 1,6 пайызға ұлғайған. Мал басының өсуі арқасында 96056,4 тонна ет, 196747,1 тонна сүт өндірілген.

Жыл басынан бері 4629,9 тонна ет және 539,8 тонна шұжық өнімдері экспортқа шығарылған. Экспорттаушы елдер Қырғыз, Катар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Германия сияқты мемлекеттер. Экспортталған еттің 675,1 тоннасы сиыр, 1419,6 тоннасы қой, 0,4 тоннасы жылқы еті. Сондай-ақ 1721,5 тонна құс еті мен 813,1 тонна малдың ішкі өнімдері бар.

– Облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде. Сондай-ақ 50 бастан 400 басқа дейінгі қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын 43 шаруа қожалығы және 400 бастан жоғары қуаттылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 агроқұрылым сүт өндірумен айналысуда. 2025-2026 жылғы мал қыстатуға 450,1 мың бас мүйізді ірі қара, 3,2 миллион бас қой-ешкі, 183,6 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе түсті. Жем-шөп теңгеріміне сәйкес биыл қыстауға түсетін мал санына қарай 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92,1 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұдан бөлек, қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар. Жалпы аудандарда 5862 мал қыстату орындары бар, оның 1020 шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үй, 2184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өтіп қыс мезгіліне алдын ала дайындалды», – дейді Балаби Сабыр.

Ал өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтегі 8028 жоба қаржыландырылса, өткен жылы кері қайтарылған қаражат есебінен 6,2 миллиард теңгені құрайтын 875 жоба іске асырылған.

Биыл жоба аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 437 жоба қаржыландырылып отыр.

«Өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін – ол инвестициялық жобалар. Сондықтан облыстың агро саласында 2027 жылға дейін құны 365 миллиард теңгеге 1,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 37 жоба іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде сүт тауарлы фермалары, құс фабрикалары, қой және балық шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймалары, су үнемдеу технологиялары мен қайта өңдеу жобалары бар. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында трактор-машина парктері жаңарып, кооперативтер ауыл шаруашылығы техникасымен қамтылуда. Сондайақ жұмыс тиімділігін арттыру үшін шаруашылықтар жаңа технологияларды батыл енгізудің арқасында мал басы өсіп, сүт және ет өндірісінде оң динамика қалыптасып отыр», – дейді басқарма өкілі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар