Президентіміз кешегі күні Ақордада өткен салтанатты жиында биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтауында да бұл сала мамандарының рөліне ерекше тоқталған болатын.
«Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллекті дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің қатысуымен болған атаулы жиында сала мамандары марапатталып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері де бар. Соның бірі – Мойынқұм ауданы электр жүйесінде 35 киловольт және одан жоғары әуе желілерінің шебері Жамалақов Қанатбек Ерділдаұлы. Оған Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өз қолымен ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін табыстады. Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі О. Бектенов пен Энергетика министрі Е.Ақкенженов Қрасногор электр жүйесі оперативтік жедел бригадасының электр монтері Тәжиев Ғалым Әбілұлы мен Қордай ауданы электр жүйесі жоғары вольтты сынақ шебері Қалиев Ғани Әсетұлын «Ерен еңбегі үшін» медалімен салтанатты шара барысында марапатады.
Серіктестікте жалпы 2500-ден астам адам еңбек етсе, оның 198-і – әкімшілік қызметкер, қалғаны өндірістік персонал. Серіктестік бас директоры Сабалақов Жұмағали Бекенұлының айтуынша, кәсіпорын қолданыстағы заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектісі және сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі ретінде электр энергиясын беру қызметін жүзеге асырады. Бүгінде облыс аумағында кернеуі 0,4-220 кВ құрайтын 13421,93 шақырым электр желілері және жалпы қуаты 1918,8 МВА болатын трансформаторлық қосалқы станциялар жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын құрамында 11 орталық өндірістік қызмет, 1 қалалық және 11 аудандық құрылымдық бөлім бар. Олардың әрқайсысы бокс, шеберхана және басқа да әкімшілік және өндірістік жайлармен жабдықталған. Аудандық құрылымдар жөндеуөндірістік базаларымен, автокөлік, арнайы механизмдер, жұмысқа қажетті материал және жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
– «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздің энергетика саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Көптеген жылдар бойы компания өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, заманауи технологияларды енгізіп, білікті кадрлар даярлап, сенімді және қауіпсіз электрмен жабдықтау ісін жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Жамбыл облысы аумағында электр энергиясын беру қызметін ұсынатын табиғи монополияға ие қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі. Электр желілері мен қосалқы станцияларды пайдалану және аймақ тұрғындары, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету осы мекеменің міндеті, – дейді Жұмағали Сабалақов.
Жалпы, өңір энергетикасының тарихы бір ғасырдан астам уақытты қамтиды. Әуелгі кезде генератор орнатылған шағын диірменнен басталған жарықтандырудың – осы күнде жүздеген мың тұрғынды электрмен қамтамасыз ететін заманауи, дамыған энергетикалық жүйеге айналғанына бәріміз куә болып отырмыз. Серіктестік тарихының бастау кезеңі елді жаппай электрлендіру көзделген ГОЭЛРО жоспары қабылданған 1920 жылдарға тиесілі. Әулие-Ата қаласында 1923 жылы ескі диірмен орнында алғашқы электр станциясының іске қосылуы – өңір энергетикасының бастамасы еді. Кейінгі онжылдық қарқынды өсу кезеңі болды. Бұл уақытта энергетикалық нысандардың қуаты артты, дизель электр станциялары салынды, әуе электр желілері тартылып, шағын су электр станциялары және колхозаралық электр станциялары іске қосыла бастады.
Өткен ғасырдың 50-жылдары энергетика саласының дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Қосалқы станциялар салынып, жылу электр станциялары жұмыс істей бастады, облыстың елді мекендерін электрлендіру жүргізілді. 1960-1980 жылдар аралығында энергетика саласы ірі өзгерістер кезеңін өткерді. Атап айтсақ, бұл кезеңде облыста 110кВ және одан жоғары кернеулі желілер салынып, өнеркәсіп дамыды, Орта Азия елдері энергетикалық жүйелерінің өзара байланысы нығайтылды. 1976 жылы «Жамбыл-500» қосалқы станциясының іске қосылуы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның энергетикалық жүйелерін жалғап, Жамбыл облысының электр желілері бірыңғай энергожүйенің құрамдас бөлігіне айналды.
1994 жылы бес кәсіпорын біріктіріліп, Жамбыл облыстық энергетикалық комбинаты құрылды, ол өз кезегінде 1996 жылы «Жамбыл электр желілік тарату компаниясы» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған болатын. 1999 жылы «Жамбыл электр жүйесі» жабық акционерлік қоғамы құрылуымен энергиямен жабдықтаушы ұйымның қазіргі заманауи кезеңі басталды. Осылайша, бүкіл Жамбыл облысы энергетикасының негізіне айналған электр тарату кәсіпорны қалыптасты. Бүгінгі таңда «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ірі, заманауи және технологиялық даму қарқыны жоғары компания.
– Облыс елдімекендері сенімді және үздіксіз электрмен жабдықталған. Президентіміз биылғы Жолдауында тапсырған цифрландыру үдерісін дамыту ісі де қолға алынған. Жалпы, бүгінгі таңда электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесі жобасы мен Қазақстанда жасалған көпфункциялы карточкалық есептеуіштерді қолданысқа енгізу аймақтағы электр тұтынушыларының 48,8 пайызын қамтып отыр. Қазіргі уақытта облыста электр энергиясын есептеудің 145 мыңнан астам «ақылды» абоненттік есептеуіш құралы және трансформаторлық пункттерде 800-ге жуық концентратор (дерек жинақтаушы) орнатылып іске қосылған. Ай сайынғы электр энергиясын тұтынуға қатысты ақпарат серіктестіктің орталық серверіне абоненттік есептеуіш құралы арқылы беріледі. Сондай-ақ байланыс арналары арқылы есепке алу құралының теңгерімін толықтыру үшін де ақпарат беріледі. Өйткені есептеуіш құрал тұтынушыға төлем құжатын ұсынбастан тұтынылған электр энергиясының көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Осы жүйені енгізу нәтижесінде электр энергиясы ұрлығы немесе кем есепке алу мәселелері 45 пайыздан – 15 пайызға дейін қысқарып, осыған дейін біз үшін басты мәселе болып келген тұрғындардың дебиторлық қарызы барынша азайды. Сондай-ақ «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасының белсенді қатысушысы. 2026 жылға мәлімделген ірі жобалар – техникалық оператор болып табылатын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамының оң қорытындысын алды. Қаржыландыру ауқымы бойынша көшбасшы үштікке енетін «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20,649 миллиард теңге мөлшеріндегі 15 жоба ұсынып, 1-орында тұр. Жобаның басты мақсаты – апатты жағдайларды барынша азайту, желілерді жаңарту, цифрландыру және энергия тиімділігін арттыру болып есептеледі. Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру – өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын едәуір нығайтып, электрмен жабдықтау сенімділігін барынша арттыруға мүмкіндік беретін болады, – дейді серіктестік директоры.
Бұдан бөлек, серіктестікте өзіне қажет мамандарды дайындау, білімдерін жетілдіру ісі де жолға қойылған. Кәсіпорынның әкімшілікөндірістік базасы Тараз қаласындағы Махамбет көшесі, 11а мекенжайда орналасқан. Мұнда қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлауға арналған заманауи Оқу орталығы да жұмыс істейді. Оқытушылар құрамы – энергетиктердің жас өкілдерімен өз тәжірибесімен бөлісетін кәсіпорынның үздік мамандарынан жасақталған. Оқу орталығында теориялық және практикалық оқыту үшін толыққанды жағдай жасалған. Мұнда осы уақытқа дейін 600-ден астам маман білімін жетілдіріп, кәсіпорынның кадрлық әлеуеті едәуір арта түсті. Заманауи оқу сыныптары, жайлы жатақхана, тұрмыстық жайлар мен демалыс аймақтары, нақты жағдайларға барынша жақындатылған оқу-жаттығу полигоны да қарастырылған. Кәсіпорынның негізгі бөлімдерінің бірі – жабдықтарды жөндеу цехы.
Мұнда күштік және өлшеу трансформаторлары жөндеуден өткізіліп, трансформатор майы қайта өңделіп, кептіріледі. Механизация және автокөлік орталық қызметі – түрлі жөндеу жұмыстарын атқару орындарымен, көлік гаражы, автокөлік жуу, жанармай құю станциясы және диспетчерлік пунктпен қамтылған. Автокөлік паркін жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, автогидрокөтергіш, манипулятор және басқа да арнайы техникамен жабдықтау жүзеге асырылуда. Биыл инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды іс-шаралар кешені іске асырылды.
Атап айтсақ, 200 километр әуе желілері қайта жаңартылып, СИП желілеріне ауыстырылған. 17 километр жалаң сым, 19 мыңнан аса оқшаулағыш және 5 мыңнан астам темірбетон электр бағаны орнатылды. «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан биыл бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мекеме теңгеріміндегі негізгі қосалқы станциялар жаңартылды. Оның ішінде «Маханов» қосалқы станциясында қуаты 10 000кВА болатын күштік екі дана трансформатор, 10 кВ заманауи ұяшықтар, вакуумдық ажыратқыштар, реле қорғанысы және автоматты микропроцессорлық терминалдарымен қатар – қосалқы станцияның өз қажеттіліктерін өтеу үшін пайдаланылатын ТСН трансформаторлары орнатылды.
Бұл қосалқы станцияға Еңбек сіңірген энергетик, энергетика саласының ардагері Маханов Нұрбек Әлішерұлының есімі 2024 жылы берілген. «Пригородная» қосалқы станциясының инфрақұрылым да биылғы жылы жаңартылған екен. Бұдан бөлек, Жуалы ауданында резервтеу және сенімділік талаптарына сай келуі үшін Шақпақ ата қосалқы станциясы мен Тасбастау қосалқы станциясы арасында ұзындығы 21 километрді құрайтын 35кВ Л-020 әуе желісі салынып, басқа да көптеген жұмыстар атқарылды.
– Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына байланысты, жұмысшы мамандарына барынша көңіл бөлінуде. Осы мақсатпен мекеменің «Құрмет тақтасына» жастарға үлгі ретінде еңбек озаттарының суреттері ілінген. Бұдан бөлек, Тараз қаласы әкімдігімен бірлесе отырып мекеменің еңбек озаттарының суреттері қала көшелеріндегі арнайы баннерлерге ілініп, жұмысшы мамандықтары ел арасында насихатталуда. Бұл да еңбек адамына деген құрмет белгісі екені айқын. Жұмысшыларды жұмыс орындарына жеткізу және кері қайту үшін арнайы автокөлік бөлінген. Сондай-ақ кәсіподақ тарапынан да көптеген қолдау жасалып, сала қызметкерлері отбасы мүшелерінің маусымдық демалуы, балаларын жазғы лагерьлерге жіберу де қаралған, – дейді Жұмағали Сабалақов.
Мақала басында тоқталып өткендей, серіктестік бүгінгі күні автокөлік паркі мен құрал-жабдықтарды жаңартуға басымдық беріп келеді. Бекітілген тарифтік смета және инвестициялық бағдарлама аясында 2021-2025 жылдары «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автопаркі 30 пайызға жаңартылды.
– Балалар спортын дамытуға да көңіл бөлініп, қызметкерлердің балалары жаттығатын «ЖЭС-Energy» футбол клубы жұмыс атқарады. Мекемеде кәсіпорынның ерекше мақтанышы болып табылатын: Ақылбеков, Аралбаев, Рахметов, Көбегенов, Мамедахунов, Кончуков, Жамалақовтар және басқа да энергетиктер дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін еңбек әулеттері жұмыс істеуде, – дейді ол.
«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – энергетиктердің бірнеше буынының еңбегімен жазылған тамыры терең тарихқа ие. Болашаққа деген сенімі нық заманауи кәсіпорын – желілерді жаңартып, инновация енгізіп, кадрлардың біліктілігін дамыта отырып, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды жалғастыруда. Энергетика – алға қарай қарышты қадам басуға жетелейді. Күн сайын «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері Жамбыл облысы аумағындағы үй тұрғындары үшін жарқырап жанған жарықтың сөнбей, тұрақты және қолжетімді болуы үшін талмай еңбек етуді жалғастыра бермек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




