«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүргізуші куәлігін қалай алып жүрсіз?

Жүргізуші куәлігін қалай алып жүрсіз?
Автор
Қазір қоғамдағы үлкен қажеттілік – көлік қатынасы. Бұрындары байлыққа саналатын көлік құралдары, бүгінде тұрмыстық қажеттілікті өтейтін құрал ғана болып қалды. Оның үстіне соңғы жылдары елімізде көлік саны артып келеді. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына берген ұлттық статистиканың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 5 843 358 көлік тіркеліпті. Еліміздегі автопарктің негізгі үлесін «В» санатындағы 4 898 203 дана көлік құрап отыр. Ең көп көлік Алматы қаласында 718, ең азы Ұлытау облысы – 33 418 көлік. Ал Жамбыл облысында 310 426 көлік тіркелген екен.

Мәселнің мәнісіне келетін болсақ, жоғарыда атап кеткендей «В» санатындағы көлік санының үлесі басым болғандықтан, көлік жүргізушілерін негізінен дайындайтындар – автомектептер. Қазір Жамбыл облысында 25 автомектеп жұмыс істеп тұр. Қолына көлік жүргізушісі куәлігін алуға талпыныс білдірген курсанттарды дайындайтын жамбылдық автомектеп иелерінің жанайқайы – жүргізуші куәлігін алу үшін үміткерлерді практикалық емтихан қабылдайтын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалына қарасты Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы автоматтандырылған автодром жұмыс істемей тұрғандығы.

Автодром жұмысын тоқтатқанына үшінші айға жуықтап барады. Ал қолына куәлігін алған азаматтар автодром жұмыс істемегендіктен басқа қалаларға барып емтихан тапсыруға мәжбүр. Талап бойынша, емтиханның бірінші кезеңі курсантпен автодромда автомектеп нұсқаушысы жүргізіп, екінші қала ішінде көлік басқару кезеңінде де жанынан нұсқаушы табылуы тиіс. Мұндай жағдайда облыс бойынша полиция департаменті басшысының 12.02.2025 жылғы №169 н/і «Жүргізуші куәлігін алуға кандидаттарды практикалық емтиханы бойынша комиссия құру туралы» бұйрығына өзгеріс енгізілуі керек екен.

Жалпы, бұл «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарын жүргізушілерін даярлау, емтиханды қабылдау және жүргізу куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген қосымшасы Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру Қағидаларының 43 және 75-1 тармағына сәйкес жүзеге асады. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалынан ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде облыстық полиция департаментіне жолдаған хатының негізінде 1 қазанда бұйрық шығып та қойған. Онда аталған №169 н/і бұйрығына толықтырулар енгізуге негізінен Жамбыл облысы бойынша халыққа қызмет көрсету мамандандырылған бөлімінде «А», «А1», «В», «В1», «С», «С1», «ВЕ», «СЕ», «С1Е», «ДЕ», «Д1Е», «Д», «Д1» (мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған) санаттарының үміткерлеріне практикалық емтихан қабылдау үшін автодроммен қамтамасыз етілмегені үшін облыс тұрғындарынан шағым келіп түсуіне байланысты практикалық емтихан қабылдау жөнінде комиссия құрылып, оның құрамы да бекітілген. Қосымша автодромның сызбасы мен техникалық құжаттары да көрсетілген. Бірақ, қалай дегенмен бұйрық шыққан күннен бергі аралықта практикалық емтихандардың өтпеу себебі түсініксіз болып тұр.

«Әулие-Ата Автомектеп» кәсіптік бірлестігінің төрағасы Еркен Молдакаримов халыққа қызмет көрсету орталығына аталған мәселе бойынша хат түсірген. Оның айтуынша, жоғарыдағы бұйрыққа көлік басқару санаттары бойынша өрескел қателіктер де бар көрінеді.

– Бүгінгі күні түсініксіз болып тұрғаны, автоматтандырылған автодром болмаған және оның жарамсыз болған және көлік құра лының жарамсыздығы, сондай-ақ көлік құралының жарамсыздығы бойынша «С», «D» санаттарындағы механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жергілікті әскери басқару органдарының бағыттары бойынша «С1», «D1» санаттарынан емтихан қабылдау курсанттар үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұланының білім беру мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда Астана, Алмат ы , Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында жүргізуші құрамының емтиханды емтихан комиссиясы қабылдайтыны ашық көрсетілмеген. Автодром 1 қазаннан жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ Тараз қаласы аумағында автоматтандырылған автодромның жұмысқа қабілетсіздігіне және практикалық емтихандарды қабылдау тәртібіне қатысты менің өтінішіме жауапта төмендегі жай айтылады. Яғни, филиал мен «Интегра-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында жасалған келісімшартта Тараз қаласы Төле би көшесі, 198А мекенжайы бойынша орналасқан филиалдың халыққа қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған бөлімі үшін автодром жүйелерін жөндеу және қызмет көрсету ағымдағы жылдың 11 сәуірінде жасалған. Одан бері қанша уақыт өтті? Ал автодромға қызмет көрсету бойынша «Интегра-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3 қазанда ұсынған техникалық қорытынды актісінде «Автодром» бағдарламалықаппараттық кешенінің құрамына кіретін бағдаршам бақылаушысы блогының жабдығына жүргізілген аспаптық және бағдарламалықаппараттық диагностиканың нәтижелері бойынша ақаулық – модемнің жалпы жұмыс істемеуі анықталғандығы айтылады. Сондықтан бұл ақау алдын ала брондау бойынша емтихан тапсыруды жүзеге асыруды көрсететін қызметті алушылардың практикалық емтихандардан өтуіне мүмкіндік туғызбай отыр. Қазіргі уақытта автодромдағы ақауларды жою мерзімі тіпті анықталмағандығы алаңдатады. Ал жамбылдықтар теорияны өткенімен, көлікті басқару емтиханынан өту үшін өзге қалаларға баруға мәжбүр. Тіпті, бұл жайында осындағы 25 автомектеп атынан Қазақстан Республикасы Жасанды интеллекті және цифрландыру министрлігіне хат та түсірдім. Мұндағы мамандардың жауаптары мардымсыз болып отыр. Тағы бір ескеретіні, бүгінде еліміздің әр облыс орталығындағы автодромдар жаңғыртылып, жаңартылған. Ал облыста автодром мүлдем жаңғыртылмаған, – дейді Еркен Бейсенбайұлы.

Сондай-ақ осы мәселеге қатысты облыс Жүргізушілер одағының төрағасы Амантай Досмұханбетұлының да пікірін білген едік.

– Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Өткен жылы да бірнеше рет көтерілді. Халыққа қызмет көрсету орталығы дейміз, өзінің аты да айтып тұр – бірақ өз тарапымнан орталықтың тұрғындарға қызмет көрсетудегі жаңашылдығын көріп отырғаным жоқ. Мұнда мәжбүрлікті көріп тұрмын. Жарайды, автодромда ақау болып істемей тұр екен, ендеше жоғарыдағы ҚР ІІМ №862 бұйрығымен комиссия құрып, емтихан қабылдау керек емес пе?! Комиссия құрылыпты, бірақ жұмыс істеп тұрған жоқ қой. Мынандай қиын заманда облыс тұрғындары нақты айтқанда әр облысқа қаңғып кетті. Ал олардың шығыны бар, жол жүру қауіпсіздігі бар ешкім өкінішке орай ескеріп жатқан жоқ. Қазір білесіз, көліксіз бір отбасының шаруасы бітпейді. Бүгіннің өзінде әр шаңырақта екі-үш көліктен бар. Бұл да қажеттіліктен туып отырған дүние. Сондықтан көлікті басқару алдымен үлкен жауапкершілік және адами фактор, қауіпсіздік. Жастар жүргізуші көлігін аламын десе, аға буын өкілдері куәлігіндегі санаттарын ауыстырғысы келеді. Мұны жан-жақты ескеру керек емес пе?! Қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмысқа тұрғысы келетіндер де куәліктерін ала алмай отыр. Автодромда автобус жоқ. Жүк көлігін жүргізгісі келетіндер үшін де жағдай жоқ. Мысалы, бүгінгі күні жеке кәсіпкерлікке әр сала бойынша Үкіметтен қолдау және жаңа бағдарламалар бар дегендей. Алайда автомектеп кәсіпкерлік нысан болып табылғанымен ешқандай көмек те, қолдау да көріп отырған жоқ. Жеңілдікпен несие алу, субсидия біздің салаға қарастырылмаған. Жаңа ғимарат, жаңа көліктер алғысы келеді, бірақ жоғарыда айтқандай оған еш мүмкіндік болмай тұр. Көптеген сала мамандары кабинетте немесе жұмыс орнында отырып жұмыс атқарса, көлік жүргізуші үнемі жол үстінде жүреді. Ал сол жүргізушілерді дайындайтын мектептерге неге қолдау көрсетпеске? Біздің сала ҚР ІІМ-не қарайды. Енді сізге қызықты айтайын, министрлік жеке күзет кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетеді де, бізге келгенде алақан жаяды, түсініксіз. Енді қараңыз, жоғарыдағы министрліктің №862 бұйрығында халыққа қиянат жасап отырған тұстары бар. Ашып айтайын, сол бұйрықта көрсетілгендей жүргізушілер өзін-өзі дайындау деген пункті бар. Осының негізінде сегіз жыл, яғни 2016 жылдан 2024 жылдың сәуіріне дейін елімізде автомектептер жұмыс істеген жоқ. Тұрғындар автомектептерде білім алмай өзін-өзі дайындады ашығын айтқанда. Сөйтеді де жүргізуші куәлігін оңды-солды алды. Ол қалай алды, қандай жолмен алды оған ешкім басын ауыртпады. Өзіңіз есептеп көріңіз, осы мерзімде қанша азамат жүргізуші куәлігін алды. Ал осы мерзімде ҚР ІІМ ақпаратына сүйенсек, елімізде тәулігіне орын алған жол-көлік оқиғаларында орта есеппен тәулігіне 8-10 адам көз жұмды, сонда кім жауапты бұл мәселеге?! Ресей мемлекеті бұл пилоттық жобаны 2012 жылы ашып, бір жылдан соң жауып тастады. Өйткені статистика көріп отырғаныңыздай жаға ұстатады. Осыны көріп, біліп отырған министрлік сонда қайда қарап отырды? Бұл мәселені көтеріп Парламенттің қабырғасында екі рет, министрлікте үш рет болдым. Еститін құлақ көрмедім өкініштісі. Бірақ азаматтардың өзін-өзі дайындалуын көлік басқаруда өте қатер екеніне көз жеткізіп, осылайшы өткен жылы автомектептердің жұмысын қайта жолға қойдық. Бұл әлемде жоқ тәжірибе. Ресей мемлекеті автоматтандырылған автодромды ашты, бірақ бір жылдан соң жауып тастады. Неге? Ал Қазақстанда осындай автоматтандырылған 20- 25 автодром бар. Пре зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы өз Жолдауларында азаматтарымыздың өмір салтын жақсарту жайында жиі айтады. Мысалы, облыста он аудан болса, сол ауылдағы қазақтың қара домалақ баласын облыс орталығындағы автоматтандырылған автодромға алып келіп, шындығын айтқанда, қинап жатырмыз. Автодром жұмыс істемей қалса немесе емтихан болмай қалса қайтып кетіп, екі ортаны жол қылып жүргені. Бұл еліміздің барлық өңіріндегі жағдай, тым күрделендіріп жіберген. Енді қараңыз, дүние жүзінде автоматтандырылған автодром тек 7-8 мемлекетте ғана бар. Бірақ оларда тек бірінші кезең бойынша. Екінші кезең көшеде көлік басқару бойынша емтихан алушымен жүреді. Дамыған елдердің тәжірибесі осындай. Жүргізуші мамандығы күрделі, сондықтан осындай екі кезеңнен өтуі керек. Көшедегі кезең көлік басқарушысының тәжірибелілігін қалыптастырады. Шындығын айтқанда, көп жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар менің өзім осы автоматтандырылған автодромнан өте алмай қалдым. Енді оған не дейсіз? – дейді Амантай Досмұханбетұлы.

Мәселе осындай. Дегенмен екі тараптың да пікірін білмек мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалына қайырылған едік. Осы салаға жауапты мекеме басшысының орынбасары Данияр Медетбеков автоматтандырылған автодромның ақауы қашан бітіп, қашан іске қосылатындығын анық айта алмады.

«Автодромның ақауына қосалқы бөлшек дүкеннен немесе базардан ала салып орнататын дүние емес. Қазір осы жұмысты қолға алған серіктестік өкілдері басқа қалалардағы автодромдарға сұраныс жіберіп отыр. Ал автомектеп өкілдеріне негіздемелерін түсіндіріп бердік. Иә, Шудағы теориялық мектеп жабылды. Өйткені онда сыбайлас жемқорлық сипат бар деген кедергілер болған. Сондықтан Тараз, Қордай, Меркіде қалдырылды. Енді осы аудандарда күндігіне қанша адам келеді оны да зерделеу керек», – деді ол.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл бүгінгі күні Қордай ауданында жаңа автоматтандырылған автодромның құрылысы жүріп жатқанын алға тартып: «Келешекте облыста екі автодром болады. Тараз қаласындағы автоматтандырылған автодромды жаңғырту үшін облыс әкіміне хат та жібергенбіз. Жоспар келесі жылға белгіленген болатын. Алайда бүгінгі күнге жауап алғанымыз жоқ. Ал аудандардағы теориялық емтихан өтетін жерге бейнебақылау қойылған», – деді.

Қалай дегенде де, екі тарапты толық тыңдадық. Бірақ мәселе сол азаматтардың жүргізуші куәлігін алудағы сыбайластық бар ма, жоқ па? Қанша бақылағанмен тұлғалардың азаматтық жауапкершілігі жоғары болу керек. Көлік басқару – үлкен жауапкершілік. Мұндағы басты жауапкершілік – жол үстіндегі қауіпсіздік мәселесі.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар