«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Басты ұстанымым – қарапайымдылық пен іскерлік»

«Басты ұстанымым – қарапайымдылық пен іскерлік»
Автор
Байзақ – облыс орталығына жақын орналасқан аграрлы аудан. Қазіргі таңда аудан экономикасы көтеріліп, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Президент және облыс әкімі берген тапсырмалар жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Алда да атқарылуы тиіс тірлік аз емес. Осы бағытта аудан әкімі Олжас Баққараевқа бірнеше сұрақ қойған едік.

– Олжас Елебекұлы, Мемлекет басшысы биылғы жылғы қыркүйек айындағы Жолдауында елімізге қомақты инвестиция тарту мәселесі туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл жөнінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз? Ауданда өнеркәсіп, экономиканы индустрияландыру барысы қалай жүргізілуде?

– Ең әуелі ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдың 10 айында жалпы шығарылған өнім 118,4 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,3, ауыл шаруашылығы – 24,6, құрылыс жұмыстары – 24,1 тұрғын үй – 10,4, сауда 1,9, ал негізгі капиталға инвестиция 13 пайызға артты. Жыл басынан бері 9,8 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 103,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша аудан облыс көлемінде 4 – орынды иеленіп отыр. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 91 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Өндірістегі өнім көлемінің өсуі өңдеу өнеркәсібі өндірісінің 2,4 пайызға артуына байланысты. Ауданға тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша аудан өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық орындады. Қазіргі т аңда цифрландыру үдерісі инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуының кепілі болып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес, аймақтың өндірістің әлеуетін арттыру мақс атында бірқат ар нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Үлгілі ауылдық округінде қуаттылығы жылына 100 мың шаршы метр шыны шыңдайтын «JS GLASS» серіктестігінің заманауи өндірістік кәсіпорны ашылды. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Онда 40 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Зауыттағы қондырғылар заманауи, автоматтандырылған жүйелер арқылы жабдықталған, шыны шыңдау процесі Қытайдан әкелінген технологиялармен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырмасы аясында жақында ғана «Тараз» индустриялық аймағынан инвестициялық құны 2 миллиард теңге тұратын әк өндіретін зауыт ашылды. Жылына 70 мың тонна әк өндіретін зауытта 100 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Инвестиция тарту арқылы соғылған кәсіпорындар ауданымыздың экономикалық дамуына серпін береді.

– Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету екенін жақсы білеміз. Бұл мәселелер қалай шешімін табуда?

– Ауданда бүгінде 100 мыңға жуық халық тұрады. Халық саны жыл сайын өсіп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Өздері жекеше үй салып жатқандар да бар. Жетібай, Диқан, Базарбай ауылдары маңынан жекеше үй салушыларға жер дайындалып, инфрақұрылымдары әзірленіп қойылды. Өкініштісі сол, үй салуға жерді алып, құрылысты ұзаққа созатындар да бар. Ал ондай жерлер тиісті заң аясында кері қайтарылып алынатын болады. Дегенмен, бұл бағытта кейінгі екі жылда біршама жұмыстар атқарылды. Аудан аумағында 6 бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 360 пәтер халық игілігіне ұсынылды. Бүгінде ауданда тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде 3234 адам кезекте тұр. Олар көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік осал топтар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер болып 4 топқа бөлінген. Биылғы жылдың шілде айынан бастап тұрғын үйге кезекке қою, кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй беру, оны бөлу және басқа да тиісті функциялар «Отбасы банк» -тің құзырына берілгенін де айта кеткенім жөн болар.

Президентіміз жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын назардан тыс қалдырған емес. Өнім өндірумен бірге оны өңдеу мәселесі қалай шешімін табуда? Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтсеңіз?

– Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі ауданда 72,6 миллиард теңгені құрады. Дақылдардың егістік алқабы 58,1 мың гектарға жетті. Ауданда тиісті кезеңде 342,4 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде 29,3 мың тоннасы масақты дәнді дақыл, 15,4 мың тоннасы дәндік жүгері, 0,84 тоннасы майлы дақылдар, 244,1 мың тоннасы көкөніс дақыл, 9,4 мың тоннасы картоп, 43,4 мың тоннасы бақша дақылдары. Қант қызылшасы 1300 гектар алқапқа орналастырылып, бүгінгі күнге 100 пайыз жиналып, 55350 тонна өнім алынды. Жиналған өнім Меркі қант зауытына өткізілді. Аудан бойынша 2025 жылы жалпы 58 130 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Мал қыстау науқанына 275 мың тонна пішен, 21500 тонна пішендеме, 18 мың тонна сүрлем, 56 мың тонна сабан дайындалды. Бұлардан басқа арнайы тапсырма бойынша 2024 жылы әр ауылдық округ аумағында 300, ал биыл 200 түктен шөп жиналды. 37 шаруашылық жалпы құны – 1090,5 миллион теңге тұратын 43 жаңа техника сатып алды. 2025 жылы 4800 гектар алқаптың 2100 гектар тамшылатып, 750 гектар жаңбырлатып, 1950 гектар алқапқа лазерлік жоспарлаушы қолданылып, су үнемделді. Аудан бойынша 134 шаруашылық 6850 тонна тыңайтқыш алды. Тыңайтқыш енгізілген алқап 21795 гектарға жетті. Шаруашылықтар тарапынан минералды тыңайтқыштарды алу жұмыстары жалғасуда. Өткен 10 айда 25,9 мың тонна сүт, 22,3 мың тонна ет, 10,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ал биылғы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауданда мал басы мүйізді ірі қара 60739, қой мен ешкі 471568, жылқы 25194, түйе 1227 басқа, ал құс 1202,6 мыңға жетті. 1,4 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі қайтарылды. Сарыкемер ауылдық округіне қарасты Қосақ ауылында «Нұрлыжай» шаруа қожалығы аумағы 50 гектар жерге 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүзеге асыруда. Жобаның қуаттылығы жылына 5 мың тонна сүт өнімдерін шығару болса, құны 900 миллион теңгені құрайды.

– Ауданда кейінгі екі жылда егін суына байланысты қиындықтар туындап отырғанын білеміз. Өз күнін бау-бақша, көкөніс егіп көріп отырған аудан тұрғындары мен бидай, арпа, жүгері, қызылша егіп жатқан шаруалар үшін қиындық тууда. Бұл мәселе ауданда қалай шешімін таппақ?

– Биылғы жыл шаруашылықпен айналысатын азаматтар үшін егін суынан қиындықтар кездесті. Оның үстіне көктем, жазда жауын-шашын да болмады. Қыста қардың аз түскені де белгілі. Сондықтан да шаруаларға алдын ала суды аз қажет ететін өнімдер егу туралы тапсырмалар берілген. Суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жобасы аясында 2019 жылдан бастап «КазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан 8 миллиард 725 миллион теңгеге «Еуропалық қайта құру және даму банкі» есебінен ұзындығы 348 шақырымды құрайтын 72 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Құрылыс ТӘД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Медеу», «Сатыбалды», «Сеңкібай» каналдарының 3,4-15,5 шақырым аралықтары бетондалды. Сондайақ «Свекловичный» каналының 2,3 шақырымы бетондалып, 6,4 шақырымына лоток қойылды. Талас өзені арқылы келетін суларды бір жерге жинау және жеткілікті су көлемін сақтап тұру мақсатында Байзақ және Талас аудандарының шекарасында «Ақмола» су қоймасының құрылысын жүргізу жұмыстары 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Су қоймасының көлемі 15 миллион текше метрді құрайды. «Байзақ» және «Сәмбет» каналдарына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, мердігер мекеме белгіленді. Ауданның коммуналдық меншігіне қабылданған 19 каналды жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін оның 18 каналына «Ислам даму» банкінің несиесі арқылы қаржыландыру жұмыстары қолға алынды. 43 каналға ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Міне осылайша каналдар тазаланып, бетондалып, лотоктар қойылған жағдайда шаруаларға су беру мәселесі түгелдей шешілетін болады. Алайда біз оған қарап отырмай көптеген егістіктерді жаңбырлатып, тамшылатып суару технологияларын пайдалана отырып, өнім алуда біршама табыстарға жетіп келеміз.

– Басшы ретінде сіздің басты ұстанымыңыз қандай?

– Мен үшін басты ұстаным – қарапайымдылық пен іскерліктің үйлесуі. Халыққа жақын болып, елдің пікірін тыңдай білу кез келген басшыға қажет қасиет. Бірақ сонымен бірге ауданның дамуына жауапты тұлға ретінде әрбір мәселені кәсіби, нақты шешу үшін іскерлік те аса маңызды. Сондықтан менің түсінігімде бұл екі қасиет бір-бірін толықтырып, нәтижелі қызметтің негізін құрайды.

– Аудан әкімінің орынбасары болдыңыз, басқарма басқардыңыз. Бұған дейін жинаған тәжірибеңіз аудан әкімі кезіңізде көмегін беріп жатыр ма?

– Әрине, көмегін беріп жатыр. Аудан әкімінің орынбасары ретінде де, басқарма басшысы ретінде де атқарған қызметім маған үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Сол кезеңде түрлі саладағы мәселелерді терең түсініп, ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдадым. Қазір әкім ретінде қабылдайтын әр шешімімде сол жинаған тәжірибем маңызды рөл атқарады. Жұмыстың жүйесін білу, жауапкершілігі жоғары жағдайда дұрыс шешім қабылдау – бәрі сол жылдардағы тәжірибенің жемісі.

– Қандас бауырлар көп шоғырланған аудан. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ауданымызға қоныс аударып жатқан азаматтар өте көп. Қазіргі уақытта аудан халқының жалпы саны 95480 адам болса оның ішінде 34554 адам қандас бауырлар, яғни жалпы аудан халқының 36,1 пайызын құрап отыр. Биыл біз аудандық «Мансап» орталығы арқылы жалпы 3294 адамды жұмыспен қамтысақ, бұл көрсеткіштің 10 пайызынан астамы қандас бауырлар. Негізінен Отанын аңсап келген бауырларымыз өте еңбекқор және басым көпшілігі ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуде. Олар аудандағы өзге ұлт өкілдерімен де тату-тәтті араласып, бірқалыпты өмір сүруде.

– Байзақ – Тараз қаласына жақын аудан. Облыс орталығына жақын ауданды басқару ешқашан оңай болмаған. Біраз ауылдарыңыз Тараз қаласына өтіп кетті. Қалаға жақынсыздар. Тұрғындарды еңбекпен қамту бойынша біраз іс атқарылды ма? Тағы қандай мәселелер бар?

– Байзақ ауданының орталығы мен Тараз қаласының арақашықтығы небәрі 13 шақырымды ғана құрайды. Бұл жақындықтың өз ұтымды тұстары да бар. Неге десеңіз аудан халқының басым бөлігі Тараз қаласында қызмет атқарады. Биылғы жылы 3 елді мекен (станса Талас, Талас және Қызылжұлдыз ауылдары) Тараз қаласы аумағына өтті. Тараз қаласы әкімдігімен байланысымыз тұрақты. Бірлескен жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру үшін тұрақты кездесулер, келіссөздер жүргізіледі. Әсіре се, қалалық инфрақұрылым мен көлік мәселелері бойынша өзара әрекеттесу маңызды. Аудандағы көлік мәселесі біртіндеп: шағын автобус бағыттары көбейтіліп, тұрғындардың қалаға қатынау мүмкіндігі жақсарды. Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындар мен шағын бизнеске қолдау көрсету арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жүргізілді. Жұмыс орындарын ашу және жастарды кәсіптік оқыту – басым бағыттардың бірі.

– Байзақ ауданын жұртшылық батырлар мен ақындар елі ретінде жақсы таниды. Кейінгі жылдары бұған саңлақ спортшылар мекені дегенді де қосып жүр. Демек, аудандағы денсаулық мәдениет, спорт, білім, жалпы әлеуметтік салалар арасында қол жеткен жетістіктерді де елдің білгісі келеді?

– Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген жақсы сөз бар. Сондықтан аудандағы ел есінде мәңгілікке қалған бабалар мен батырлар, ауданымыздың дамуына ерекше үлес қосқан атпал азаматтар еске алынып отырады. Мәселен, өткен жылы Мәдімар ауылында Мәдімар болыс Райымбекұлының 160 жылдығы, Түймекент ауылында ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы, Социалистік Еңбек Ері Александр Нахмановичтің 100 жылдығы, ал биыл ауданды ұзақ жылдар басқарған, еңбек және соғыс ардагері Ұзақбай Сыздықбаевтың 100 жылдығы мен Қосы батыр ауылында Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдық мерейтойлары кең көлемде атап өтілді. Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 1276 жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Бұдан басқа, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында аудан бойынша 63 жұмыс орны құрылды. Оның 11-і тұрақты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 4507 адам қамтылды. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 38,8 пайызға қысқарды. 2024 жылдың 5 желтоқсанында ашылған Отбасыларды қолдау орталығы бүгінгі күнге дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған 134 отбасыға көмек көрсетті. Ауданымыздағы 40 елді мекеннің барлығына табиғи газ кіргізілген. Сол 40 ауылдың бәрі таза ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ ауылдар арасындағы жолдар мен әрбір ауыл көшелері негізінен асфальтталған. Жарықпен қамтамасыз етуде өз дәрежесінде. Аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Әрбір сенбі күндері аудан тұрғындары ауылдардағы саябақтар мен қоғамдық орындарды, өздері тұрып жатқан көшелерді тазалап, талдарақтар егуді қолға алды. Кейінгі екі жылда Кеңес ауылында 90, Мырзатай ауылында 120 орындық жаңа клубтар ел игілігіне берілді. Сарыкемер ауылында 600, Сарыбарақ ауылында 100 орындық мектеп, Түймекент, Жетібай, Абай, Диқан, Тегістік, Базарбай ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер соғылып, пайдалануға берілсе, Дихан ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін Аққия ауылындағы 100 орындық жаңа мектеп, Сарыкемер ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілетін болады. Биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен Қайнар, Бурыл ауылдарында кіші футбол алаңы ел игілігіне берілсе, тағы екі елді мекендегі шағын футбол алаңшалары ағымдағы жөндеуден өткізілді. Тегістік, Көкбастау ауылдарында балалар ойын алаңын соғуға қаржы бөлінсе, демеушілер тарапынан осындай балалардың ойын алаңшасы Мырзатай, Үлгілі, Көктал ауылдарында салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ жеке кәсіпкердің көмегімен Кеңес ауылында «Орынбасар-Тати» атындағы спорт кешені, Үлгілі, Аққия, Жеңіс, Көктал ауылдарында мешіт құрылысы пайдалануға берілді. Ал Қостөбе, Үлгілі, Сеңкібай, Қосақ ауылдарында шағын футбол алаңдары салынды. Ауданымызда жерлесіміз, айтыскер ақын, марқұм Әзімбек Жанқұлиев атындағы облыстық «Алты Алашқа танылған ақын еді» атты облыстық айтыста Кеңес ауылының тұрғыны, жас ақын Рай Дөңбай бас жүлдені иеленді. Өнер саласында басқада қол жеткізген жетістіктер бар. Оған ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы ауданда облыстың 85 жылдығына орай, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында апта сайын «Ауыл кеші көңілді» тақырыбында мәдениет күндері өтті. Аудандық және ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда барлығы 80 үйірме жұмыс атқарады, оған 844 адам қатысады. Оның ішінде, 68 балалар үйірмесі, оған 702 бала қатысуда. Ауданымыздан шыққан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, елімізге танымал басқа да спортшылардың жеңісті жолын жалғастырып жүрген жастарды мақтан етуге болады. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымберген, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Юсуф Ашрапов, кикбоксингтен әлем кубогының иегері Әліби Сабыр, Халықаралық көшпенділер ойындарының жеңімпазы, көкпаршы Есжан Құрманбай, тағы басқа да аудан абыройын асқақтатып жүрген спортшылар аз емес. Биылдың өзінде 4 спортшы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атақтарына қол жеткізді. Білім саласына келсек Астана қаласында өткен мұғалімдердің республикалық Тамыз кеңесінде Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Раушан Абуеваның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алуы аудан үшін үлкен абырой болды. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өткен ақын Маралтай Райымбекұлы атындағы республикалық «Маралтай оқулары» байқауында Бурыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Батырхан Боранбек бас жүлдені иеленіп, аудан абыройын асқақтатты. Мұндай өнерлі де, білімді оқушыларымыз көптеп саналады. Ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл ретте қылмыстық және құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 126 бейне бақылау камерасы орнатылған. Келесі жылы қосымша 25 камера орнатылатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқандар Есет ДОСАЛЫ, Сүндетулла ӘБІЛОВ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар