«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете беремін»

«Қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете беремін»
Автор
Жылы лебіз

– Елдің айбыны да, байлығы да – Тәуелсіздік. Осынау құндылықты әрқашан бағалауымыз қажет. Еліміздің дамуына әр өңірдің қосып жатқан үлесі қомақты деп ойлаймын. Оның ішінде қасиетті Әулиеата топырағының жөні бөлек. Биыл театрымызға 90 жыл, театр қайраткері Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толғаны белгілі. Осынау мерекемен қатар аталған ұжым зор қуанышқа кенелді. Премьер- Министрдің қаулысымен академиялық театр атағын иелендік.

Бұл – сөз жоқ зор қуаныш. Алдыңғы толқын талай талантты аға-әпкелер осы құрметті көре алмағанымен, бұл жетістікке өздерінің үлестерін қосып кетті. А.Тоқпанов театрының сахнасы киелі. Халық әртістері Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружева, майталман өнер шеберлері Мұхамедқали Табанов, Оразғали Әбділманов, Әлібек Әмзеев, Гүлжамал Батырғалиева, Нұрсифат Салықова, Мақсұт Салықов, Жорабек Шүленбаев деген алдыңғы толқындарымыздың есімдері аңызға айналып кетті. Әйгілі Тұңғышбай Жаманқұлов та алғаш осы сахнада терін төккен екен. Театрымыз талай республикалық, халықаралық байқауларда үздік өнер көрсетіп, жүлдегер де атандық. Ал өзіме келсем, менің барлық жетістіктерім осы театрдың қадамымен бірге.

Биыл Қазақстан театр қайраткерлері одағы «Дара» медалінің иегері атандым. Бұл марапат көп жылғы еңбегімнің лайықты бағалануы деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осынау қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете бермекпін. Еліміздің басты мерекесі құтты болсын. Күніміз нұрлы, жүрер жолымыз даңғыл болсын!

 

Анар САҒЫМБЕКОВА

Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағы «Дара» медалінің иегері

Ұқсас жаңалықтар