Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда халықты азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халықтың қамы, сондықтан бұл Үкіметтің құзырындағы мәселе. «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы өңірде аталған қызметті ұсынатын жалғыз оператор, қысқа қайырсақ – монополист.
Тараз қалалық қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Сәкен Қоңдыбаевтың айтуынша, бүгінгі күні өңірлік тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгені құрайтын 24,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар қоры жасақталған. Оның 15,1 мың тоннасы кәсіпорындар мен көкөніс қоймаларында, 9,4 мың тонна тұрақтандыру қорында. Атап айтқанда, 588,0 тонна ұн, 1010,3 тонна күріш, 102,1 тонна қарақұмық, 12,1 мың тонна қант, 4537 тонна картоп, 1000 тонна пияз, 1368 тонна сәбіз, 937 тонна қырыққабат, 589,7 мың литр күнбағыс майы тауар жеткізуші кәсіпкерлердің қоймаларында сақтаулы.
– Бізде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азықтүліктің тізімі жасалған. Бұлардың бағасын министрліктер мен жергілікті әкімдіктер қымбаттатпай ұстауы керек. Егер қандай да бір кәсіпкер пайда үшін бағаны шарықтатса жазалануы шарт. Соған қарамастан, биылғы жыл басынан бері қаламызда азық-түлік инфляциясы тоқтаусыз шарықтау үстінде. Нарық бағамы бақылаудан шығып, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда. Облыста бағаның өсу көрсеткіші республика бойынша рекордтық деңгейге жетіп 9,8 пайызды құрады. Ал республикалық ортақ көрсеткіш 9,2 пайызды құрайды. Облыстық статистика басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенсек, тек биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында немесе 9 ай ішінде бірінші сортты бидай ұны – 10 пайызға, қарақұмық жармасы – 8,4, сәбіз – 33,1, күнбағыс майы – 11,4, тұздалмаған сары май – 11,7, сиыр еті – 25, тауық еті – 14,6, айран – 20,3, сүзбе – 9, картоп –19,6, пияз – 63,9, ақ қауанды (белый качан) қырыққабат – 27,8, құмшекер – 4,1, жұмыртқа – 8, тұз 4 пайызға өскен, – дейді Сәкен Қоңдыбаев.
Баға бұрынғыдай 10 теңгелеп емес 100 теңгелеп өсетін болды. Осындайда нарыққа бақылау жасап, жөнге келтіруге жауапты корпорация биылғы жылы бірде-бір талдау жасамапты. Жиынға «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» басқармасының басқарушы директоры Равиль Төлебаев та қатысты. Оның айтуынша, 2026 жылға халыққа керекті қызанақ, қияр сынды басқа да тауарлар саудаға шығарылмақ. Айтылған сынға қарай ісімізді түзеуге талпынамыз деп отыр. Тараз қаласының тұрғыны Серік Сатылғанов та әлеуметтік дүкендердегі бағаға да, тауарға да риза емес екендігін жеткізді.
– Өткен жылы қаламыздың Сәтбаев көшесі мен Жамбыл даңғылы қиылысқан аумақта жеке инвестиция есебінен салынған «Әлеуметтік базар» кешені жұмыс істей бастады. Сауда орталығы қаладағы басқа базарлардан делдалсыз жұмыс істейтінімен ерекшеленуі қажет еді. Яғни, диқандар өздері өндірген өнімдерін делдалсыз, базарға тікелей жеткізіп, тұрғындарға арзан бағада ұсынады деп күткенбіз. Алайда олай болмай шықты. Қайта үй жанындағы дүкендерде тауарлар арзан. Сәбіз де, картоп та шіріген әрі қатты, – дейді қала тұрғыны.
Қысқасы, қалалық қоғамдық кеңесі мен Amanat партиясының облыстық филиалы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» жұмысына бірлесіп жүргізген мониторинг нәтижесі аталған корпорацияның ешқандай ортақ ережесіз, өз білгенінше жұмыс жүргізіп, делдалдың рөлін атқарып отырған құрылым екендігіне, оның жұмысына жергілікті әлеуметтің көңілі толмайтындығына көз жеткізді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Байзақта жаңадан ашылған жұмыс орны көп
- 13 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




