«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қариялардың бар жағдайын жасайтын орталық

Қариялардың бар жағдайын жасайтын орталық
Халқымыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетумен ұрпақтар сабақтастығын жалғап, сыйластықпен өмірдің үйлесімді салтын ұстанады. Сол үрдіспен Тараз қаласында қарияларға әдемі қарттық сыйлайтын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы орталықтың жаңа ғимараты ашылды.

Өңірдегі зейнет жасына жеткен азаматтардың әлеуметтік бейімделуі мен оларды мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік белсенділікке тарту арқылы физикалық және менталдық ұзақ өмір сүруін арттыруды көздейтін орталықтың жаңа ғимараты заманға сай жабдықталған. Көркі көз тартар зәулім ғимарат «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust корпоративті қорының көмегімен салынған. Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барша облыс тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Бүгін біз Тәуелсіздік мерекесінің қуанышты сәтімен қатар, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» 200 орынға арналған жаңа ғимаратының салтанатты ашылуына куә болып отырмыз. Бұл орталық аға буын өкілдерінің сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, белсенді әрі мазмұнды қариялық өмірді қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік маңызды жобалардың бірі. Еске сала кетсек, орталық алғаш 2023 жылы 150 орынға лайықталып ашылған болатын. Бүгінде оның әлеуеті кеңейіп, жан-жақты қамқорлық көрсететін заманауи орталыққа айналды. Мұнда әлеуметтік-сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек және тұрмыстық бағыттарды қамтитын 7 негізгі қызмет бағыты бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар орталық аға буын өкілдеріне арналған 26 түрлі қызмет түрін ұсынады. Аталған қызметтердің барлығы – белсенді өмір сүру салтын ұстануға, денсаулықты нығайтуға, бос уақытты тиімді өткізуге және рухани серпілуге бағытталған маңызды мүмкіндіктердің жиынтығы. Айта кетерлік жайт, осындай орталықтар тек қалаларда ғана емес, былтыр Меркі ауданында 60 орынға арналған филиалы ашылған. Бүгінде облысымызда 142 мыңнан астам зейнеткер бар, оның 57 мыңнан астамы – Тараз қаласының тұрғындары. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылған күннен бастап аға буын өкілдері үшін нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді, бүгінге дейін орталыққа 2 мыңға жуық зейнеткер қабылданып, түрлі бағыттағы қызметтерді пайдаланды. Бұл – орталықтың қоғам үшін маңызын, аға буынға көрсетіліп отырған қамқорлықтың ауқымдылығын айқын дәлелдейді. Нысанның бой көтеруіне қолдау көрсеткен «СамұрықҚазына» қорының қолдауы ерекше үлгі боларлық. Қоғамның дамуына және әлеуметтік бастамаларға бағытталған мұндай қамқорлық – еліміздің бірлігі мен өзара қолдауының жарқын көрінісі. Осы қолдауы үшін қор басшылығына және барлық қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз! Қадірлі ата-әжелер, ардақты қариялар! Бұл жаңа орталық сіздердің денсаулықтарыңызды нығайтып, күндеріңіз шаттыққа толы, өмірлеріңіз белсенді әрі мәнді болуына қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.

Ғимараттың жалпы ауданы – 1875 шаршы метр. Орталық 200 адамға арналған. Қариялардың игілігі үшін осында қызмет көрсетуге 54 бірлік штат қарастырылған. Нысан құрылысының бас демеушісі «Самұрық-Қазына» қорының өкілі, Адам ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы, Протокол қызметінің басшысы Нариман Мелдебек бұл орталықты елдің өсіпөркендеуіне сіңірген еңбектері үшін зейнеткерлерге көрсетілген алғыс деп атады. Ол өз сөзінде ата-әжелер қызметтен зейнеттік демалысқа шыққанымен жас ұрпақты тәрбиелеп, елдің ынтымақ-берекесін ұйытуда, ел ертеңі үшін еңбектерін жалғастырып отырғандарын айтты. Қариялардың атынан ризашылық ниеттерін жеткізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев барлық жағдайы жасалған ғимаратты салып, салтанатты түрде ашып берген демеушілер мен билік өкілдеріне алғысын білдірді.

Жаңа ғимараттың лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» қорының өкілі, Адам ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы, Протокол қызметінің басшысы Нариман Мелдебек және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қиды. Ақ кимешекті әжелер шашу шашып, өнерпаз жастар әндерімен салтанатты жиынға көрік қосты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар