«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздық еткен жалықпас...

Ұстаздық еткен жалықпас...
Автор
Ұстаздық – ұлттың тағдырына қызмет ететін ең құрметті мамандық. Ұстаз болу – тек білім үйрету емес, ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін себу, өмірге бағыт-бағдар беру. Осы ұлық жолды өмірлік мұратына айналдырып, талай шәкірттің жүрегінде өшпес із қалдырған жанның бірі – экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ерғали Ахметов. 2008 жылдан бері өзі қызмет атқаратын оқу ордасындағы «Жерге орналастыру және кадастр» кафедрасының тізгінін ұстаған ол ұстаздық пен ғылымды қатар алып жүріп, жас ұрпаққа сапалы білім беруді, мамандарды жаңа заман талабына сай тәрбиелеуді мақсат етті.

Ерғали Сейілбекұлы 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келіп, жастайынан білімге құштарлығымен көзге түсті. 1995 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтын «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын сол жылдан бастап жоғары білім беру саласына арнады. Ұстаздық жолында жас маманнан кафедра меңгерушісіне дейінгі сатылардан өткен білікті маман студенттерге тек білім беріп қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына, жеке тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлді.

2006 жылы экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, 2010 жылы доцент атанды. Кафедра меңгерушісі ретінде Ерғали Сейілбекұлы «Жерге орналастыру» және «Кадастр» мамандықтарының оқу бағдарламаларын жетілдіруге, заманауи білім беру стандарттарын енгізуге белсене атсалысты. Оның жетекшілігімен кафедра тек оқу орнының емес, бүкіл аймақтың ғылыми-әдістемелік орталығына айналды.

Ұзақ жылдар бойы студенттердің кәсіби даярлығын арттырып, жаңа буын мамандарын тәрбиелеуде айрықша еңбек етті. Оның жетекшілігімен көптеген жас маман ғылыми ізденістерге жол ашып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Ғалымның 100-ден астам ғылыми мақаласы, бірнеше оқу құралы мен монографиясы жарық көрді. Кафедраның материалдық-техникалық базасын нығайтып, ғылыми жобаларды іске асыруда, халықаралық байланыстарды дамытуда да оның еңбегі айрықша.

Бүгінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті болып қайта құрылған оқу орнында Ерғали Сейілбекұлы білікті басшы, іскер ұйымдастырушы әрі ұстаз ретінде аянбай еңбек етіп жүр. Оның табанды еңбегі мен жауапкершілігі кафедраның беделін көтеріп, білім алушылардың кәсіби биіктерге жетуіне негіз болып келеді.

Ұстаздықты өмірлік миссиясына айналдырған ғалым жайында әріптестері оны талапшыл да әділ, жаңашыл бастамаларды қолдаушы, ұжымдық рухты көтере білетін басшы ретінде сипаттайды. Ал шәкірттері үшін ол – білім мен тәжірибені үйлестіре білген, адамгершілігі мол тәлімгер.

Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде ардақты ұстаз тек кәсіби салада ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді тұлғаға айналды. Оның қажырлы еңбегі мен табандылығы, ел үшін жасаған қызметі – жас мамандарға үлкен өнеге.

 

Арайлым САТ

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенті

Ұқсас жаңалықтар