«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көне шаһар көркейіп келеді

Көне шаһар көркейіп келеді
Автор
Бірнеше жылдың бедерінде қарт тарихтың куәсі атанған көне шаһар Тараз қаласы тотыдай таранып, түрлене түскені белгілі. Оның үстіне биыл облыс орталығының аумағына іргедегі Байзақ пен Жамбыл аудандарынан бірнеше елді мекен қосылып, тараздықтардың саны жарты миллионға жуықтады. Нәтижесінде, Таразда «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды. Демек, дамудың жаңа сатысына нық қадам басқан көне шаһардың келешегі кемел екені сөзсіз. Қазірдің өзінде мұндағы жаңарған сквер мен саябақ, абаттанған аулалар мен жарық шамдары орнатылған көшелер, әрленген әлеуметтік нысандар мен еңселі ескерткіштер қала көркіне көрік қосуда. Жыл өткен сайын заман талабына сай инфрақұрылыммен қамтылған облыс орталығында алдағы уақытта жаңа шағын аудандар бой көтермек. Бұл туралы масс-медиа өкілдерінің қатысуымен өткен көшпелі баспасөз-брифингінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысымен шаһардың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан.

«Көне Тараз» тарихиэтномәдени кешенінде ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында Бақытжан Әмірбекұлы ең әуелі Таразда экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Сөзінше, есепті кезеңде 17,1 миллиард теңгеге 12 жоба іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 5,4 миллиард теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарда бар. Бастысы, бұл жобалардың шеңберінде 484 жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде.

– Облыс орталығында 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны және 12 туристік нысан бар. Аталған нысандар инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен қалаға келген туристер саны – 56411 адамды құрап, көрсеткіш 12,2 пайызға өсіп отыр. Ал ішкі туристер саны – 55400. Бұдан бөлек шетелден 1011 турист келген. Қаңтар қазан айларының қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 18,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22, 9 пайызға өскен. Сондай-ақ туризм саласында құны 9,4 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланып, оның екеуі іске асырылды, біреуі жыл соңына дейін, тағы біреуі 2026 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Естеріңізде болса, өткен жылдың 27-28 қыркүйек аралығында дәл осы «Көне Тараз» тарихиэтномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер фестивалі кең көлемде ұйымдастырылған еді. Республика көлемінде Тараз қаласы алғашқы болып Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Фестивальге алыс және жақын шет мемлекеттен қолөнершілермен қатар халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылар, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым өкілдері қатысты. Туризмді дамыту мақсатында биыл «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді, – деді Б. Орынбеков.

Мұнан соң шаһар басшысы шағын және орта бизнестегі жетістіктер жөнінде баяндады. Бұл күнде облыс орталығында 50 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ал өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар саны да арта түскен.

Биыл 76683 тұрғын шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтылса, өндірілген өнім көлемі – 400,8 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Тараз қаласы бойынша 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылған. Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 7,6 миллиард теңгеге 31 жоба және «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы арқылы 3,3 миллиард теңгеге 72 жоба кепілдендірілген. Бұдан бөлек «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 миллиард теңгеге тағы 28 жоба қаржыландырылған.

– Бүгінде Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 14-і әмбебап, біреуі арнайы мамандандырылған сауда орны. Қала базарларындағы жалпы сауда орны – 7493. Оның ішінде жалға алушылар саны – 4691. «Сауда орындарын жаңғыртуға» арналған жол картасы аясында «Нұралы» базары қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі таңда «Жібек жолы», «Салтанат» пен «Якка сарай» базарларына қайта жаңғырту жұмыст арын жүргізуде. Жол картасына сәйкес барлық жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда қалалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер 211,8 пайызға өскен. Ал салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға артқан. Жалпы, жауапты органдармен жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту жөнінде 2025-2027 жылдарға арналған ісшаралар жоспары бекітілген. Оған сәйкес әкімдікке қарасты бюджеттік мекемелер және тиісті уәкілетті органдармен жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде.

Биыл «Ұлы дала» шағынауданындағы 2000 орындық «Келешек мектеп» пайдалануға берілсе, «Шөлдала» тұрғын алабындағы 600 орындық «Келешек мектептің» құрылысы аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл білім нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар №15 және №7 мектеп-гимназияларына 300 орынды жапсарлас ғимараттарының құрылысы аяқталса, №27 орта мектепке 600 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек №1, №45 гимназия мен №13, №25 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалуда.

Нәтижесінде, қала мектептеріндегі орын тапшылығы, апатты мектептер мәселелері жойылып, өз шешімін тапқан. Жасыратыны жоқ, тараздық тұрғындар тарапынан көп қойылатын сауалдың бірі – көше жарығы. Расында, шаһардың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де жол сапасына байланысты.

Кейінгі үш жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмысы тың қарқын алды. Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталған мәселеге баса назар аударылған. Биыл 85 көшеге жарықшамдары орнатылса, оның ішінде 65 көшедегі жұмыстар толықтай аяқталып үлгерген. Қуанарлығы, қаладағы көпқабатты 308 тұрғын үйдің ауласы самаладай жарқырап тұр. Есепті кезеңде 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өткен.

Бұдан бөлек 2024-2025 жылдары «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тасжол салынған. Сондай-ақ ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолдары пайдалануға берілген. Биыл 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Брифинг соңында қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы Тараз қаласын дамыту мақсатындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса беретінін атап өтті. Ол өз сөзінде өңірлерді өркендету – Мемлекет басшысының ерекше екпін түсіріп отырған міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Сондықтан бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоба-жоспарлар одан да айқын әрі ауқымды болмақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар