«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асқақ рухты Әулиеата

Асқақ рухты Әулиеата
Автор
ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН А.ТОҚПАНОВ АТЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА «АСҚАҚ РУХТЫ ӘУЛИЕАТА» ПОЭЗИЯ КЕШІ ӨТТІ. БЫЛТЫР ОБЛЫСТЫҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНДА БАСТАУ АЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ БАЙҚАУЫ БИЫЛ ӨҢІРДЕ ЕКІНШІ РЕТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ОТЫР. ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА ӨТКЕН ІС-ШАРАҒА ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, БЕЛГІЛІ ӨНЕРПАЗДАР, ӘДЕБИЕТ ПЕН МӘДЕНИЕТ ӘЛЕМІНІҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ, СОНДАЙАҚ ЖАС ТАЛАНТТАР, ЖЫРСҮЙЕР ҚАУЫМ ҚАТЫСТЫ.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Поэзия кеші театрландырылған көрініспен басталды. Театр өнерпаздарының сомдауымен жергілікті қаламгерлердің шығармаларынан әдеби композиция көрермен назарына ұсынылды. Биыл «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауына жалпы саны 120-дан астам үміткер 8 номинация бойынша өздерінің шығармаларын ұсынды.

Нақтырақ айтсақ, «Проза», «Поэзия», «Әдеби сын», «Драматургия», «Сатира», «Аударма», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша өтінімдер түсті және биыл алғаш рет Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлде тағайындалған. Жиында осынау байқауға қазылық еткен елімізге белгілі ақын-жазушылар Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Маралтай Райымбекұлы, Ғалым Қалибекұлы мен Хамит Есаманға сөз берілді.

Олар өз сөзінде: «Жамбыл облысында биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған байқау әдебиетке, жас қаламгерлерге жол ашылған рухани қолдау» деп ерекше атап өтті. Сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет ақын Үміт Битенованың Түрксой Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданған куәлігін, ал Маралтай Райымбекұлына «Хакім Абай» медалін салтанатты түрде тапсырды. Іс-шара барысында ұлттық өнер мен шығыс шайырларының шығармашылығы үндесіп, қаламгер қауымы өз өлеңдері мен белгілі ақындардың жырларын оқыды. Іс-шара барысында республикалық әдеби байқауының жүлдегерлері де өлең оқыды.

– Бүгін руханиятымыздың мерейін өсіріп, ұлт сөзінің құдіретін дәріптеген игілікті шара – «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби байқауының қорытынды кешіне жиналып отырмыз. Бұл – тек шығармашылық доданың түйіні ғана емес, қазақ сөз өнерінің жаңғыруына, жаңа есімдердің танылуына, рухани кеңістігіміздің толысуына жол ашатын мәртебелі жиын. Байқаудың басты мақсаты – қаламгерлерге қолдау көрсетіп, жаңа шығармалардың жарыққа шығуына серпін беру, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Жамбыл жері – талай әдеби тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті өңір. «Асқақ рухты Әулиеата» байқауы – сол ұлы сабақтастықтың биік көрінісі. Биылғы сайысқа республика бойынша түрлі бағытта қалам тербейтін авторлардың белсенді қатысуы бізді қуантады. Қазылар алқасы саралаған әрбір туынды – ұлттық әдебиетіміздің дамуына қосылған үлес, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев байқау жүлдегерлерін марапаттады.

Атап айтқанда, «Поэзия» номинациясы бойынша Жамбыл Жабаев атындағы жүлде шығысқазақстандық ақын Олжас Қасымға берілді. «Проза» номинациясында Б. Момышұлы атындағы жүлдені алматылық Бейбіт Сарыбай жеңіп алды. «Драматургия» номинациясы бойынша Әлдихан Қалдыбаев атындағы жүлдені астаналық Маржан Ершу иеленді. Ал «Әдеби сын» номинациясы бойынша Н. Дәутайұлы атындағы жүлде астаналық Наурызбек Саршаевқа, «Сатира» номинациясы бойынша Ш. Смаханұлы атындағы жүлде жергілікті ақын сатирик Нұржан Әлішке, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Совет Әлімқұлов атындағы жүлде «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлына, «Көркем аударма» номинациясы Шерхан Мұртаза атындағы жүлде шымкенттік Арайлым Мұраталиеваға берілді. Алғаш рет Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлде атыраулық ақын Әлия Дәулетбаеваға бұйырды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сертификаттар тапсырылды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар