«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Текті сөздің төресі

Текті сөздің төресі
Автор
Өзі өмір сүріп отырған қоғамның күрделі құбылыстарын шығармаларына арқау еткен жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойына орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Көркемсурет галереясында» жазушыға 100 сұрақ форматында «Текті сөздің төресі» атты кездесу кеші өтті. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін кітапхана ұжымы ұйымдастырған жиында қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайлы мазмұнды әңгіме өрбіді.

Басқосудың шымылдығы облыстық академиялық драма театры актерларының сомдауындағы автордың «Абылай хан» драмасынан қойылған үзіндімен ашылды. Тарихи туындыда автор қазақ пен қалмақ арасындағы қайшылықты дәуірді көрсетеді. Қаламгер бұл шығармасында ерлік, қайсарлық сияқты қасиеттерді дәріптей отырып, жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық сияқты әрекеттерді сынайды.

Қазақтың тектілігінің тетігі қайдан шыққанын еске салады. Кездесудің форматы бойынша оқырмандар тарапынан қаламгерге алуан сауалдар қойылды. Сұрақтар мерейтой иесінің балалық шағы мен өскен ортасынан бастап, қазіргі шығармашылық әлеуеті хақында өрбіді. О л сауалдардың барлығына жазушы жан-жақты жауап берді.

«Жазушы болу үшін адамға қандай қасиет керек?». Оқырманды елең еткізген сауалдың бірі осы. Бұл сауалға қаламгер: «Өмірде орын алған оқиғаны сол күйінде жазсаң, ол көркем шығарма болмайды. Оған көркемдік реңк беріп, өзектілігін арттыру қаламгердің қырағылығын көрсетеді. Жазушыға тағы бір керек қасиет – ізденіс.

Мәселен, бір оқиғаны жазу үшін сол сияқты жүз оқиғаны оқып, зерделеу керек» деп жауап берді. Жиынның тағы бір ерекшелігі–шығармашылық иесімен бірге бір ұжымда қызмет атқарған аға буын, орта буын және жас буын қаламгерлердің кешке құпия қонақ ретінде шақырылуы.

Құпия қонақтың алғашқысы прозашы, аудармашы, журналист Баймаханбет Ахмет болса, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кештің екінші құпия қонағы атанды. Олар қаламгер шығармашылығы мен азаматтық келбеті жайлы орамды ойларын ортаға салды. Ал үшінші құпия қонақ жазушының шәкірті, осы жолдардың авторы. Ол Елен Әлімжанның прозалық шығармаларындағы өткірлік пен шеберлік, оның ішінде жазушының төлқұжатына айналған «Анажар» романындағы адами фактор мен жалғыздық сарыны жайлы айтты.

Елен Әбдуатұлының Америка құрама штаттарында білім алып жүрген немересі Надия Қасым бейне үндеу жолдап, өзінің шығармашылықпен айналысуына атасының ықпалы көп болғанын алға тартты.

Елен Әлімжанның оқырман біле бермейтін өнерінің бірі – ақындығы мен сазгерлігі. Мерейлі кеште автордың сазы мен сөзіне жазылған «Аққұмда туған баламын» атты әні Талас ауданының Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әншісі Жақсылық Тілеубековтың орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты. Сонымен қатар қаламгердің тағы бір тамаша туындысы «Сері аға» әні К. Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Гүлшат Тинасилованың шырқауында кештің ажарын аша түсті. Оқырманның бойы мен ойын сергіткен рухани кешті аталмыш кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова мен облыстық мәслихаттың депутаты, жиынның қадірлі қонағы Керімқұл Бегалиев қорытындылап, мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті.

Әдеби жиын соңында жазушының «Бауыржанның пырағы» және «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы» атты жинақтарының Брайль қарпіндегі кітабы мен аудио үнтаспасының тұсауы кесілді. Сонымен қатар жазушының таңдауымен, ең үздік сұрақ қойған оқырманға Елен Әлімжан өз қолымен «Бауыржанның пырағы» туындысын табыс етті.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар