«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түркология шынары

Түркология шынары
Автор
Шынайы ғалым – саналы ғұмыры мен шығармашылық ой еңбегін ғылымға арнап, үздіксіз ізденіс үстінде жүретін адам. Бұл ретте, отандық түркология ғылымының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосқан ғалымның бірі – археолог, түрколог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айман Досымбаева еді.

Мен ұстазымыз Айман Медеубайқызымен алғаш рет 2003 жылдың маусым айында Меркі ғибадатханасында (Меркі ауданы) жүргізіліп жатқан археологиялық іс-тәжірибеде таныстым. Он шақты студент М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің тарих факультетінен қатысудамыз. Негізгі зерттеу нысанымыз – түрік дәуіріне тән бәдіз тастар, жартас беттеріндегі суреттер, қорғандар және ат шаптырып, ас беретін киелі орындар. Күндіз аталған ескерткіштерге зерттеу жүргізіп, кешкісін алауды алқа қотан айнала отырып, экспедияция жетекшісі Айман Медеубайқызының дәрісін тыңдаймыз. Ол бәрімізді бір шолып шығып: «Мына біз зерттеп жатқан ескерткіштер батыс түріктердің негізін қалаған «бес тайпа дулу», «бес тайпа нүшеби» аталатын ежелгі «Он оқ» халқының мұралары.

Ертеде түрік қағаны әрбір тағайындалған бектікке биліктің нышаны ретінде бір-бір оқтан (жебе) таратып, оларды «Он оқ елі» деп атапты. Олар сонау Алтайдан Қара Теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аймақта Батыс Түрік қағанаты атты үлкен мемлекет құруға үлес қосқан екен» деп дәрісін жалғай түсетін. Біз сонда ұстазымыздың терең біліміне, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін археолог мамандығын таңдағанына қызыға қараушы едік. Айман Медеубайқызы 1954 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданы, Тастөбе ауылда дүниеге келген.

«Тектілік қанмен, абырой еңбекпен келеді» демекші, ғалымның әкесі Досымбаев Медеубай Бижанұлы да жоғары білімді тарихшы, анасы Шаруа Жақанбаева математика пәнінің мұғалімі болған екен. Ұстаздар әулетінде өсіп-өнген болашақ ғалым әке өсиетімен әрі оның тарих туралы тағылымды әңгімелерінің әсерімен 1978 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих мамандығына оқуға түседі. Институт қабырғасында жүріп өз халқының өткен тарихы мен шығу тегін зерттеуді мақсат етіп, Қазақстандағы археологиялық қазба жұмыстары туралы материалдармен жақын танысады, Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен халықаралық студенттер конференциясында «Жетісу аумағындағы қола дәуірі ескерткіштері» туралы баяндама жасап, тәжірибе жинақтайды.

Кейін «Қола дәуірінің қоныстары» деген тақырыпта дипломдық жұмысын сәтті қорғап, оқуды үздік бітіріп шығады. Осылайша, археология саласына қадам басып, еңбек жолын 1985 жылы Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұражайында ғылыми қызметкер ретінде бастап, сол жылдың қазан айынан Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ортағасырлық археология бөліміне ауысады. 1991 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының құрылуына байланысты қызметін осында жалғастырады.

Аталған институт қабырғасында жүріп, ғылыми қызметкер дәрежесінен бастап «Түрік мұрасы» бөлімінің меңгерушісіне дейінгі барлық қалыптасу кезеңдерін абыроймен атқарады. Кейін ғалымдық жолын ұстаздықпен ұштастырып, шәкірт тәрбиелеп, білім беру саласының да биігін бағындырады. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде профессор-оқытушы, Президенттік мәдениет орталығында бөлім меңгерушісі қызметін жемісті атқарады. Осы ғылыми мекемелерде қызмет ете жүріп, бірқатар ғылым докторлары мен кандидаттарына жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиеледі.

Қайраткер ғалым

А. Досымбаева тарих пен археологияны, этнология мен мифологияны салыстыра зерттеп, түркология ғылымының көкжиегін кеңейткен ғалым. Атап айтқанда оның зерттеуі қазақ халқының этникалық қалыптасуына үлес қосқан ежелгі үйсіндерден бастап, түрік, түргеш, қарахан және Қазақ хандығына дейінгі аралықтағы тұтас дәуірлерді қамтиды. Ол алдымен К.Акышев, Г.Кушаев сынды алдыңғы ғалымдардың ізімен Жетісу өңіріндегі Берікқара, Бесшатыр, Қызылауыз, Жуантөбе, Қадырбай, Өтеген, Қызыл Еспе, Шормақ және бұрын белгісіз болып келген көптеген қорғандарды ашып, олардың кезеңделуі бойынша типологиялық талдау жасады. Осы ізденістерінің нәтижесінде 1998 жылы Жетісудағы үйсін ескерткіштеріне қатысты кандидаттық диссертациясын жоғары деңгейде қорғап шықты. Кейін кандидаттық жұмыстың жалғасы ретінде отан тарихының ең күрделі әрі ауқымды кезеңін қамтитын түрік дәуірі мұрасын зерттеуге бет бұрады.

Атап айтқанда, Меркі, Жайсан, Құмай аталатын Батыс Түрік қағанатына тән мәдени мұраларға қатысты іргелі зерттеулер жүргізді. Осы бағытта Қазақстан мен Шығыс Еуропадағы ғибадатханалар мен тас мүсіндерді зерттеп, түрік-қыпшақ мәдениетін және аталған халықтардың ізімен құрылған қазақ халқының этномәдени байланыстарын сабақтастықта қарастырды. Әрине, бұл ретте, шығыс ареалдағы (Алтай) түріктердің ескерткіштерімен байланысты зерттеулері, ғылыми тұжырымдары да ұтымды шыққанын баса айтуымыз керек.

Осылайша, ұзақ жылғы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде 2010 жылы «Жетісудағы ортағасырлық түріктердің дәстүрлі дүниетанымы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Әрине Айман Медеубайқызының білікті ғалым, көрнекті археолог ретінде қалыптасуына алдыңғы буын аға ғалымдардың жанашырлық ақыл-кеңесі, тәлім-тәрбиесі ерекше ықпал етті. Әсіресе белгілі қыпшақтанушы-ғалым Сержан Ахынжанов, археолог-ғалым Элеонора Новгородова, әйгілі синолог Юрий Зуев сынды майталман мамандардың қамқорлығы, олардың жөн сілтеп, бағдар беруі ғалымның болашағына даңғыл жол ашты деуге болады. Ал, белгілі археолог Кемел Ақышевтің: «Айман сені қазақи бағытта қолдайтын, жанашыр ағаң осы кісі» деп әйгілі түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековпен таныстыруы, таныстырып қана қоймай аманаттап табыстауы оның ғылыми шығармашылығының жаңа белеске көтерілуіне зор ықпал етті.

Осылайша Мырзатай Жолдасбековпен тізе қосып, ынтымақтаса жұмыс істеп «Батыс Түрік қағанатының Атласы» атты іргелі еңбекті жарыққа шығарды. Айман Медеубайқызы халықаралық деңгейдегі Қазақстан-Венгрия (2006ж.), Қазақстан-Финляндия (2007ж.), Қазақстан Түркия (2008 ж.) сынды бірқатар археологиялық экспедицияларға жетекшілік етті. Аталған жобалар мен экспедициялар аясында А.Ташағыл (Түркия), Т.Осова (Жапония), П.Голден (Америка), Д.Баяр (Моңғолия), Б.Аманбаева (Қырғызстан), В.Кубарев (Ресей), Ғ.Бабаяров (Өзбекстан), А.Комар (Украина), Б.Тотев (Болгария), М.Мордовин (Мажарстан) сынды шетелдік ғалымдармен және А.Аманжолов, О.Смағұлов, М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожа, М.Сарыбеков бастаған көптеген қазақстандық ғалымдармен бірлесіп іргелі атластар, альбомдар, монографияларды жарыққа шығарды.

Профессор Айман Досымбаеваның қарымды қаламынан – «Меркі – Жетісу түріктерінің киелі жері», «Батыс Түрік қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы», «Жетісу түрік көшпелілерінің мәдени кешені», «Түрік халықтарының тарихы. Түріктердің дәстүрлі дүниетанымы», «Құмай түрік археологиялық-этнографиялық кешені», «Түркология. Тарихи-археологиялық аспект», «Жайсан-Шу өзені алқабы түріктерінің киелі жері», «Еуразиядағы түрік мұрасы. VI-VIII ғ.ғ.», «Әулиеатаның киелі бейнесі» сынды бірқатар іргелі еңбектері мен 300-ден астам мақалалары алыс-жақын шет мемлекеттерде жарық көрді. Профессор Айман Досымбаевның зерттеулері адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан байырғы түріктердің төл мәдениетіне арналған. Әсіресе бай мәдениетімізді жоққа шығаратын еуроцентристік көзқарастағы қасаң қағидалар мен қиғаш пікірлерге ғылыми дәлелдер келтіре отырып, көңілге қонымды ой-тұжырымдар ұсынады.

Атап айтқанда, Орталық Азиядағы түріктер тарихына байланысты бұған дейінгі ғылыми және энциклопедиялық жарияланымдардың дені түрік тайпалары қазіргі қазақ даласына аннексиялау жолымен қоныстанған, олардың түп отаны Алтай мен Моңғолияның ауқымымен ғана шектеледі деген орашолақ ұстанымдарға тосқауыл қойып, Қазақстан – Батыс Түрік қағанатының қара шаңырағы екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұған дейін ғылымда әртүрлі аталып келген ғұрыптық кешендерге қатысты «ғибадатхана» (мысалы, Жайсан ғибадатханасы, Мерке ғибадатханасы) деген жаңа термин қалыптастырып, ғылыми айналымға енгізді. Сонымен қатар, «бөрі», «Ұмай», «Тәңір», «Құт» сынды ұғымдардың, тас мүсіндер мен рулық таңбалардың және «ант беру», «құрбандық шалу» сынды ғұрыптық жоралғылардың семантикалық мәнін ашып, жаңа пайымдаулар ұсынды.

Табиғат жанашыры

Айман Досымбаева зерттеуші-ғалым ғана емес, сонымен бірге табиғаттың баурайында мыңдаған жылдар бойы мызғымай тұрған тарихи ескерткіштерді көзінің қарашығындай сақтауға бар ғұмырын сарп еткен мәдениет жанашыры еді. Ол бабалардың мәңгілік бейнесі қалған бәдіздерді аялап, сырласатын, құрметтеп, тәу ететін. Олардың сонау бағзы замандарда қандай дәрежедегі тұлға болғанын бедерленген киіміне, өрілген шашына, үстіндегі әшекейі мен қару-жарақтарына қарап бағамдай білетін.

Жетісуда молынан шоғырланған «Ұмай» бейнелі тас мүсіндердің, таңбалар мен петроглифтердің семантикасы мен типологиясы жайында мол деректер беретін. Бірде көркем бәдізделген әйел тас мүсінінің алдына бөгеліп: «Мынау байырғы түріктердің танымындағы «Ұмай ана» бейнесі сомдалған мүсін. Байырғы түріктердің ұғымында Ұмай отбасының қамқоршысы, ұрпақ сақтаушы әйел культі саналған. Қазақ халқы да беріге дейін Ұмайды «Май ене», «Ұмай ана» деп тәу етіп, құрметтеп келген. Осыған қатысты ертеректе болған қызықты оқиғаны айтып берейін. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасы, мамыражай мамыр айы.

Сандық жайлауындағы (Меркі ауданы) қазба барысы кезінде табан астында қар жауып, ұйытқып боран соқты. Бәріміз әп-сәтте бүрісіп, аядай шатырға тығылдық. Жұмыс тоқтап, берекеміз қашты. Үш күн үскірік аяздан соң күн ашылып, жұмысқа кірістік. Осы оқиға аздан соң ұмытыла бастағанда студент қыздардың бірі келіп менен кешірім сұрады. Неге кешірім сұрайсың дегеніме: «Айман апай, білесіз ғой мен солтүстіктің салқын самал жерінде туыпөстім. Сондықтан, мына жердің ыстығына шыдай алмай әбден қиналдым, ақырында осы Ұмай бейнелі тас мүсіннің алдына барып: «Ұмай ана, сен расымен «жебеуші» болсаң бізге қар жаудыршы» деп тәу етіп, тілек тіледім дейді. Сосын артынша қар жауып, боран тұрған көрінеді. Әрине, бұл кездейсоқ оқиға болуы да мүмкін.  Дегенмен байырғы түріктер жауларын қорқыту үшін «жады тас» деген сиқырлы тастың көмегімен қар жаудырып, дауыл тұрғызуды білген, тіпті соғыс кезінде жауларына қарсы садақ жебелерін қарша боратқаны жайлы ежелгі жылнамаларда сақталған», – деп әңгімесін тәмамдайтын.

Айман ұстазымыздың ежелгі түріктердің дүниетанымына, олардың бай мәдениетіне қатысты қызықты әңгімелері мұнымен шектелмейтін. Тағы бірде Меркі ауданының Қарақыстақ атты қағандар жайлауында отырғанда былай деген еді: – Мына біз отырған өлкені – деді, ұстазымыз айналасын қолымен шеңбер етіп сызып, – бағзы заманда түрік қағандары өздерінің жазғы жайлауы ретінде таңдап, осында салтанатты империя құрыпты. Ол заманда бұл өлкенің табиғаты бұдан да көркем болса керек. Өздерің көргендей, жол бойы мыңдаған бұлақ ағып жатқан соң «Мыңбұлақ» аталып кетіпті. Түрік қағаны жыл сайын осында келіп, жазғы ордасын тігеді екен. Тауда бұғылар көп болғанға ұқсайды. Қаған бұйрығымен сол бұғылардың мойынына қоңыраулар тағылып, белгіленген көрінеді. Олар адамнан үркіп, қашпайды. Қаған оларды ерекше жақсы көргені сонша бұғыларды өлтіруге қатаң тыйым салыпты.

Міне, табиғатты, жанжануарды қорғаудың үздік үлгісін түріктер жасап қалдырған. Сондықтан, табиғаттың нағыз қамқоршысы әрі оны қорғаудың алғашқы конепциялық құжаттарын біздің бабалар жасаған деуге негіз бар. Қазақ халқы да күні кешеге дейін табиғатпен үйлесімде өмір сүріп келді. Қарақыстақ аталатын жайлауда түрік дәуірінің элиталы қорғандары қатар-қатар етіп тізбектеле орналасқан. Археологиялық қазба барысында осы қорғандардан әдетте, қаған әулетіне тиесілі алтын бұйымдар, қаружарақ үлгілері, ғұрыптық ыдыстар табылып жатады. Осындай олжалы сәттің бірінде экспедиция жетекшісі Айман Медеубайқызы баршамыздың назарын өзіне аударып, қараңдаршы дейді, қорғаннан табылған қолындағы алтын жүзікті жоғары көтеріп: – Бұл бір кездері дүниені дүр сілкіндірген түрік қағандарынан қалған құнды жәдігер.

Бұл қорғанда түрік қағандары сақтардың «алтын адамы» секілді алтындалған киімкешегімен жерленген болуы мүмкін. Алайда, тонаушылардың кесірінен бізге тарихи олжаның тек жұрнағы ғана жетіп отыр. Біздің түрік өркениеті қытай, араб, парсы, грек өркениетінен кем болмаған. Ертеде сән-салтанаты жарасқан қаған ордасын суреттеген жазбалар да сақталған. Ол туралы біздің заманымыздың 568 жылы осы өлкеге келген Византия елшісі Земарх былай деп тамсана жазады: «...біз қағанды аң аулап, саятшылық құрып жүрген жерінен кезіктірдік. Аң аулау рәсімі аяқталған соң қаған бізді өзінің жібекпен әсемделген алтын шатырына (ордасына) алып барды. Шатыр іші алтын тақ, алтын ыдыстар, күмістен жасалған бұйымдар, алтыннан жасалған жануар мүсіндері және басқа да асыл бұйымдарға толы.

Одан кейін бізді басқа бір шатырға алып барды, оның да босағалары алтын, керегесі күміс, іші де алтынмен көмкерілген, көрген жанның көз жауын алады. Міне, түрік қағанының алтындалған ордасы осындай» деп баба тарихымызға деген қызығушылығымызды одан әрі ынтықтыра түсетін. Міне, аяулы ұстазымыз Айман Медеубайқызы түріктер жасап қалдырған осындай бай тарихи мұрамызды зерттеп, ғажап табиғатымызды көзінің қарашығындай сақтауға бар ғұмырын арнады. Оның бар мұраты – «Меркі-Жайсан ұлттық табиғи паркін» құру еді. Тіпті осы жолда кездескен барлық қиындықпен, кедергілермен табандап тұрып күресті.

Бұл жобаны қолдаған ұлт жанашырлары да болды. Ол туралы мәдениет жанашыры Мырзатай аға Жолдасбеков бір сұхбатында: «...бізде Айман Досымбаева деген ғажап археолог ғалым бар. Сол ғалым Шудан бастап, Меркі, Құлан, Тараз, Таласқа дейінгі жерлердің Батыс Түрік қағанатының әкімшілік орталығы болғанын, олардың осында орда тіккенін назарға алып, осында ашық аспан астындағы музей жасақтаймын деп жүр. Құдай қаласа, Үкіметтің назарын осы жерге аударып, осынау игілікті шараны да қолға алсақ па деп отырмын...» деп археолог ғалымның еңбегін жоғары бағалайды. Шындығында Айман Медеубайқызы аталған Ұлттық паркті құру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып, Үкіметке хаттар жазып, тұжырымдамалар ұсынды. Мәселен, түрік мұрасын зерттеу және сақтау ісіне арналған 1998 жылы республикалық және 2006 жылғы 25-26 мамырда Тараз қаласында өткен «Түрік өркениетінің бастаулары» атты екі халықаралық далалық семинарды, 2008 жылы Астана қаласы, Президенттік Мәдениет орталығында өткен «Қазақстан: өткені, бүгіні, болашағы. (Батыс Түрік қағанаты) атты халықаралық конференцияны және тағы да басқа ғылыми іс-шараларды осы мақсатта ұйымдастырды.

Нәтижесінде 2006 жылы «Меркі-Жайсан ұлттық табиғи және этномәдени паркінің» ғылыми негіздемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Әрине, Айман Медеубайқызының әлі де отандық археология мен түркология ғылымына берері мол еді, амал қанша... Бүгінде отбасы мен жақындары, ізбасар шәкірттері, табанының ізі қалған Шу өзенінің жазиралы жайқалған кең даласы, Тоғансай мен Сандықтастағы тарихтың куәсіне айналған мәңгілік мызғымас балбал тастар өзінің жанашыр іздеушісі, табиғаттың аяулы қамқоршысы – Айман Медеубайқызын үнсіз ғана жоқтайды, іздейді, сағынады...

 

Нұрболат БӨГЕНБАЕВ

PhD, түрколог, Түркі Академиясының сарапшысы.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар