Осы суреттердің ішінен ерекше еңселі көрінетін Үкімет үйінің ешкім біле бермейтін ең алғашқы құрылыс жобасы бар. Жақында, жақында деймін, «әні жазам, міні жазам» деп жүріп оған да біраз уақыт болып қалыпты, осы Өкімет үйінің о бастағы жобасын көріп ә дегенде қатты таңғалдым. Өйткені сәулетшілердің алғашқы жобасында Үкімет үйінің үстінде (суреттерде) көкке ұмсынған күмбезі болыпты. Иә, кәдімгі күмбездің дәл өзі. Архив куәдүрлігінің арқасында сызбаларының суреті де сақталыпты. Бірақ кейін сіз бен бізге белгісіз себептермен алып ғимарат күмбезсіз салынып, пайдалануға берілген.
Жаңа Үкімет үйін саламыз деген ниет (алғашқы Үкімет үйі қазіргі Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының, бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғимараты болған) 1937 жылдан басталыпты. Алматы қаласының сол тұстардағы бас сәулетшісі М. Меңдібаев өз монографиясында оны, тіпті, 1933 жылдан бастайды. Бірақ құрылыс жұмысы екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан кейінге қалдырылған. Сол игі іс 1948 жылдың 15 қаңтарында қайта қолға алынып, Қазақ КСР-нің Үкімет үйін салу туралы арнайы кеңесі өтеді (хаттамалары бар – К.С.).
Кеңеске қатысқандар болашақ құрылыс орнына қосымша шуруф салып, геологиялық деректерін анықтау жөнінде Қазакадемжоба, «Қазакадемқұрылыс» және ҚазКСР Ғылым академиясының геологиялық институтына мерзімін көрсетіп, оны 1948 жылдың 23 қаңтарына дейін орындауға шұғыл тапсырма береді. Бұл хаттаманы сол кездегі ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаев бекітеді. Бірақ Ашхабадтағы жер сілкінісі мен 1937 жылы жасалған «Леноблжобаның» техникалық жобасына он жылдай уақыт болғаны ескеріліп, жобаны қайта жасау арқылы жер сілкінісіне және тағы басқа кемшіліктеріне байланысты күшейту қажеттілігі анықталады.
ҚазКСР Коммуналдық шаруашылық министрі С. Эпиктетке 1949 жылы 11 қаңтарда хат жазылады. Сөйтіп сол жылдың 31 наурызында ҚазКСР Коммуналдық шаруашылық министрлігінің ғылымитехникалық кеңесінің отырысымен №4 хаттама жасалып, онда жер сілкінісіне қатысты айтылған кемшіліктер бойынша хаттама жасалады. Оған ҚазКСР Коммуналдық шаруашылық министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы Д. Кононенко, ғылыми-техникалық кеңес хатшысы Баспаев қол қояды.
Архив құжаттарында ғимарат құрылыстарына байланысты бұдан басқа да хаттамалар мен хаттар баршылық. Соның бірі ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаевтың 1949 жылдың 8 қыркүйегінде КСРО Қала құрылысы Министрі Рубаненкоға жазған хаты. Д.А.Қонаев онда ҚазКСР-і Үкімет үйінің техникалық жобасының қайта жаңғыртылуы жөніндегі жұмысты жеделдету жөнінде сұрайды. Дәл осындай хатқа 1951 жылы ақпан айында (қай күні екені көрінбей қалған – К.С.) ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Д. Оңдасынов та қол қойып, сәулеттік сызбаларының кешігуі салдарынан Үкімет үйінің құрылысын бастаудың кешеуілдеп тұрғанын КСРО Қала құрылысы министрі Г.Поповқа жеткізеді.
1951 жылдың жазында журналист А. Васильев «Үкімет үйінің құрылысында» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап, ол өз жазбасында «В центре Алма-Аты сооружается Дом правительства Казахской ССР – самое большое здание столицы республики. Объем его де сяти павильонов будет составлять 120 тысяч кубических метров. Высоко над окружающими постройками поднимется выходящий на юг шестиэтажный корпус главного павильона, а купол зала заседаний достигнет наивысшей точки – 45 метров» деп мақтанышпен жазды («Казахстанская правда», №131 (6926)10 маусым 1951 жыл). Бірақ «Қазмемқұрылысжобаның» бас сәулетшісі М.М. Меңдіқұлов осы «күмбез» жөнінде «Высотная часть здания – купол над залом пленумов не получил убедительного решения, переход о высокого барабана к шлемовидному куполу архитектурно не выделен, он маскируется довольно странными по силуэту вертикальными элементами, которые совсем не гормонирует со строгим обликом здания. Сам купол имеет вялую и невыразительную форму и завершается непрорисованным шпиелем» депті өзінің «Алматы қаласының сәулеті» деп аталатын 1953 жылы ҚазКСР ҒА баспасынан шыққан кітабындағы мақаласында (М.М.Мендикулов, Архитектура города Алма-Аты., Изд-во АН КазССР. 1953. С.52-54 75-77) .
Журналист А. Васильевтың мақаласы мен бас сәулетші М. Меңдіқұловтың жарық көрген кітабының арасында 2 жылдай уақыт жатыр. Сондықтан «М.Меңдіқұловтың пікірі А.Васильевтің мақаласынан соң іле-шала айтылды ма, жоқ кейін, 1953 жылы жазылды ма?» деген сұрақ туады. Кейін жазылған шығар дейін десең, «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» деген мақал бар. Уақыты өтіп кеткен соң ондай пікірдің қандай қажеттілігі бар?» дейсің. Одан соң, мұндай пікір Үкімет үйінің құрылыс жұмысы қызып, Алматыда басы қосылған ел зиялыларының назары үлкен құрылысқа ауған тұста айтылмаса, ол пікірдің құндылығы қанша? Демек, М.Меңдіқұловтың мақаласы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан тұста жазылып, кітабына кейін енгізілген болуы керек деп ой қорытуға негіз бар. Үкімет үйінің күмбезі жөнінде айтқан пікірі үшін Бас сәулетші Малбағар Меңдіқұлұлын жазғырып, кінәлауға болмайды.
«Айтылмаса, сөз жетім», пікір айтылмаса бола ма? Бірақ сол күмбезді «қайтсек көрнектірек, қайтсе ғимаратқа үйлесімдірірек жасауға болар еді?» деген сәулетшіге тән нақты ұсыныс неге айтылмады? Мәкеңнің мақаласынан бұл сұраққа жауап табылмады. Малбағар Меңдіқұловтың өмір жолы кез келген қиындықты жеңем, болашақта үлкен сәулетші болам, елім үшін бар өнерімді аямаймын деген жеткіншек ұрпаққа үлгі боларлық. Ол қазақ халқы арасынан шыққан тұңғыш кәсіби сәулетші. Сәулет өнері ғылымының тұңғыш профессоры. КСРО құрылыс және архитектура академиясының корреспондент мүшесі.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі. Қазақстан сәулет мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Ресейдің Орынбор облысы Адамов ауданында 1909 жылы 10 қарашада туған оның екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып барғанының өзі жүректілік емес пе?! Одан кейін Ташкент қаласындағы Орта Азиялық индустриялық институтының архитектура факультетіне оқуға түсіп, оны 1936 жылы үздік бітіргені де «Бәрекелді!» деуге тұрады. Сол тұстағы зиялылардың көбісі әдебиетші болып келетінін ескерсек, сәулет өнері мен құрылыс саласының маманы жоқтың қасы еді. Міне, сол 1936- 1941 жылдары «Өзбек жеңіл өндіріс жобасы» мен «Ташкент қаласының жобасы» жобалау институттарында архитектор, аға архитектор, топ басшысы қызметін атқарды.
1941 жылы Ташкент қаласының бас архитекторы болып қызмет етті. Осы жылдары «Ташкент қаласының жобасы» институтында Өзбекстан астанасының орталығын жобалаумен шұғылданған. Атап айтқанда, Науаи даңғылы мен Ә.Науаи атындағы театр, Ташкент қаласындағы «Ғылыми қызметкер» үйін және бұқаралық тұрғын үйлер жобасын жасады. Қарақалпақстандағы Нүкіс қаласында Ішкі істер халық комиссариатының Бас әкімшілік үйінің жобасын ұсынған да Мәкең. Үлкен Ташкент каналының Ангрен дюкерін, Ферғана каналы, Қырғызстандағы Шу каналдарында да қолтаңбасы қалған. Сондай-ақ Өзбекстан архитекторлары одағы басқармасының төрағасы да болды.
Соғыстан соң, 1945 жылы М.Меңдіқұлов Ташкент қаласына қайтып оралып, 1947 жылға дейін республикалық «Өзбек жоспарлаужобалау» институтын басқарды. Міне осы тұста, 1947 жылы Қазақстан Үкіметінің арнайы шақыруымен Алматыға келді. Ол кезде Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов, ал орынбсары Дінмұхамед Қонаев болатын. Қысқасы, М.Меңдіқұловтың Алматы қаласында да сәулетші ретінде қалдырған айшықты іздері өте көп. Сондықтан «тәшкен көрген» М.Меңдіқұловты «күмбез атаулыға жиренішпен қарайтын коммунистатеист еді» деу күпірлік болар еді. Бірақ Алматыда өздерінің «тақыр кедей» отбасынан шыққандарын мақтан тұтатын, молдаларды «дүмше» санап, мешіт пен мазар күмбездерін көрсе айдаладан қашып, ал алдажалда баяғы хандар мен билерді, батырлардың елдік пен ерлік істерін мадақтап романдар, ғылыми зерттеулер жазатындар болса, оларды «ескілікті аңсаушылар» деп есекке теріс мінгізетін, тіпті, түрмеге жаптырып жіберетін зиялы қауым өкілдерінің де көп болғанын ескерсек, А.Васильевтің мақаласындағы «Күмбездің биіктігі 45 метр» деген асқақ сөз, мақтаныш сезімнің әсерінен соң Кремльге қарай ағылған арыздардың да біраз болуы мүмкін-ау деп ойлайсың.
Атеист-академиктер мен қызыл профессорлардың, төңкеріс ісіне адал қаламгерлердің де сыбыр-күбірі кезінде талай арыстардың түбіне жеткенін ойласақ, бұл қисынға да еріксіз бас шұлғуға болады. Бірақ сол буынның өкілдері Кремль билеушілерінің өздері де шіркеуге тән мұнаралар мен күмбездердің қақ ортасында отырғанын елеп-ескермей, еліміздегі өз діни архитектуралық дәстүрімізге тән күмбездеріміз мен мұнараларымызға алара қарап, жақтырмай өтті. Бірақ қазақ қай кезде де өзінің қазақы қалпын бәрібір еске алып, оны қала сәулетіне ебін тауып қиюластырып жібермесе, қазақ бола ма?!
Алматы қаласына сексенінші жылдардың басында барғандар Пионерлер сарайының үстіндегі күмбезді көріп ерекше сүйсінетін. Сол күмбездің қасындағы аспан әлемін тамашалауға арналған мұнараның да күмбез пішіндес бейнесіне риза болатын. «Арасан» моншасының күмбезі де көңілге қонымды жасалған еді ғой. Ежелгі шаһарлардың қақпасы сынды аркасы қандай әдемі ойластырылған. Ал іші баяғы мұсылман әлемінің сәулет өнеріне сай көз тартып тұр. Ең бастысы, бұларға ешқандай пікір де, сын да айтылмай, пайдалануға берілді де кетті.
***
Айтпақшы, алғашқы құрылыс жұмысы сонау отызыншы жылдары басталып, елуінші жылдары пайдалануға берілген Үкімет үйінің сол алып ғимараты 1990 жылдардың аяғында жекешелендіріліп, оқу орнына айналған кезде, қаншама еңбек пен тердің арқасында дүниеге келген ұлттық құндылықтың бір ғана әулеттің, бір ғана жеке тұлғаның меншігіне айналғанына ішім удай ашыды. Мен ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу барша қазақстандықтар сол тұста осындай сезімді бастан кешірді десем, қателеспейтін шығармын. Дәтке қуат қылатыным, ата тарихтың көзі мен сөзі – бұрынғы Үкімет үйі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі географиясы» тізіміне енгізілді. Өте орынды шешім. Өйткені бұл – Қазақстанның тәуелсіз ел болуына қызмет еткен қасиетті ғимарат. Бұл үйде Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев ұзақ жыл жемісті қызмет етіп, алқалы кеңестерін өткізді. Бұл үйде 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» қабылданды. Бұл үйде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңы» қабылданды. Сондықтан бұл үй, бұл ғимарат – бір отбасының ғана емес, әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың отбасы үшін де киелі, қасиетті шаңырақ.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер
Ұқсас жаңалықтар
Жасыл желекке бөлінген қаржы далаға кетті ме?
- Бүгін, 05:29
Шақпақ ауылында жастармен кездесу өтті
- 10 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




