«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азық-түлік бағасын бақылайтындар бар ма?

Азық-түлік бағасын бақылайтындар бар ма?
Автор
Қарапайым халықты қинайтын басты мәселенің бірі – бағаның қымбаттауы. Әсіресе күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек бағасының көтерілуі қалтаны қағып, өмір сапасын да әлсіретеді, оның салдары басты байлық – денсаулыққа зиян келтіретіні тағы бар. Биыл да бағаның өсуі тұрғындарға ауыр тиіп отыр. Бұрындары баға тұрақтылығын қадағалайтын комиссиялар сауда орындарында жиі рейд жүргізуші еді, биыл ондайды аса байқай қоймадық. «Азық-түлік бағасын қадағалайтындар бар ма?» деген сұрақпен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдыинновациялық дамыту басқармасына хабарластық.

Басқармадан келген жауап хатта мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне бағалар реттелетіні айтылыпты. Ал тұрғындар тек азық-түлік емес, халық тұтынатын барлық тауарлардың бағасы жіті қадағаланып тұрса дейді.

– Өздеріңіз де білесіздер, күздің соңғы айында ел ішінде тұмау қатты өршіді. Қанша сақтансақ та жұқпалы ауру айналып өтпеді, қатты сырқатт андық. Сонда дәріханадан небары үш-ақ дәрі алдым, барлығы 10 мың теңге болды. Бұл бір ғана мысал, осыған қарап-ақ тек маусымдық ауру емес, тісі, буындары жиі ауыратындардың жағдайы қалай болатынын ойлай беріңіз. Қазір ақшаның құны кеткені соншалықты, дүкенге бір кіргеннің өзінде 4-5 мың теңгенің басына су құйып шығасың. Салыстырмалы түрде айтсақ, бағаның көтерілген жылдамдығына қарай жалақы неге көтерілмейді? Бұл түрімізбен қалай күн көреміз? Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды, осындай мейрамдарда азық-түлік, жемісжидек, көкөністердің бағасы тіптен ұшады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Асылай Айханқызы.

Расында да солай. Біздің сұрағымызға жауап жіберген облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының хатында «Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссия жұмыс істейді» делінген. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің ғана бағасы қадағаланады.

Дәрі-дәрмек, киім-кешек, тұрмыстық тауарлардың бағасы ешкімге бағынбайтын болып тұр. Жарайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы айтар болсақ, жақында инфляция деңгейін тұрақтандыру жөніндегі кеңесте, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 23 өнімге кеңеюі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Кәсіпкерлер үшін тізімнің кеңеюі сауда операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету, шарттар жасау, шотфактуралар мен фискалдық чектерді ресімдеу, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау міндеттерін білдіреді. Бұл ең сұранысқа ие азық-түлік тауарлары айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және өнімнің соңғы бағасына тиімсіз делдалдардың ықпалын барынша азайтуды көздейді.

Ал облысымызда жоғарыда аталған комиссия нені анықтады және қандай нәтижеге қол жеткізе алды дегенге тоқталайық. «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторингті Сауда және интеграция министрлігінің Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізеді. Ірі сауда желілері мен базарлардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасына мониторинг аптасына екі рет жүргізіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес жыл басынан бері сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) – 29 пайызға, асханалық сәбіз – 21,5 пайызға, қарақұмық жармасы – 20,4 пайызға, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5 пайыздық, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ) – 15,6 пайызға, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5 пайыздық айран – 15,3 пайызға, күнбағыс майы – 11,8 пайызға, бірінші сортты бидай ұны – 9,9 пайызға, тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік) – 9,1 пайызға, майлылығы 5-9 пайыздық сүзбе – 8,4 пайызға, І санатты тауық жұмыртқасы – 7,8 пайызға қымбаттаған» делінген басқарманың хатында. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жыл басынан бері пияз 12 пайызға, қырыққабат 10,8 пайызға, картоп 9,9 пайызға, тазартылған күріш 9,1 пайызға, вермишель 2,7 пайызға арзандағанын мәлімдеді.

«Облыста азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін нарықтағыдан арзан бағада ірі сауда желілеріне, әлеуметтік дүкендерге орналастыру арқылы тауар интервенциялары жүргізілуде. Бұл шара өз кезегінде с ауда субъектілері арасында бәсекелестік жағдайын туындатып, басқа сауда орындарындағы бағалардың шарықтап кетпеуіне ықпал етуде. Бүгінгі күнге өңірлік тұрақтандыру қорынан 76,3 тонна картоп, 9,9 тонна қырыққабат, 27,5 тонна құмшекер, 15,9 мың литр күнбағыс майы, 34,4 мың тауық жұмыртқасы, 1 тонна тұз және 525 килограмм күріш дүкен сөрелеріне орналастырылды. Сонымен қатар азық-түлік өнімін өндірушілер, көтерме жеткізушілермен тұтынушыларға тікелей сатушылар арасындағы артық тізбек – делдалдар санын жою бойынша да жұмыс жүргізілуде. Бұған қоса облыс тұрғындарына жергілікті шаруа қожалықтары мен өнім өндіруші кәсіпорындардың өнімін тікелей сатып алуға жағдай жасау үшін апта сайын демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда» деп жазылған басқармадан келген хатта.

Осы тұсте ерекше ескеретін, әсіресе кәсіпкерлер үшін назар аударатын жайтқа тоқталайық. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына с ауда үстеме сін заңнамамен белгіленген мөлшерінен асыра сататын кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тарту, соның ішінде айыппұлдар салу шаралары қолданылады.

«Биыл жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайыздан асыра сату фактісі бойынша 84 құқық бұзушылық анықталып, 52 кәсіпкерге жалпы сомасы 550480 теңгеге айыппұл салынды, қалғандарына ескерту берілді. Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Береке Fest» акциясы шеңберінде ірі сауда желілерімен бағаның өсуін ұстап тұру және төмендету, сауда үстемесінің мөлшерін 10 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасалынды», – делінген басқарманың хатында.

Әрине, саудагер де күнкөріс үшін отбасының қамымен еңбектеніп жүргендер. Саудасын тексеріп, заңнан аттаса, айыппұл салу – оның ісін кінәлау емес, халықтың жағдайына қарайласуға үндеу. Біздің де мақсатымыз – билік елдің жағдайын ескеріп, баға нарқын тұрақты ұстап тұрса деген ниет ғана.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар