Үкімет басшысы жиында ең алдымен су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылды. Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс.
«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», – деген Олжас Бектенов аталған мәселе тікелей өзінің бақылауында екенін ескертті.
Облыс әкімдеріне 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Су ресурстары және ирригация министрлігіне, шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздің оңтүстік өңірлері бойынша су тапшы кезеңнің жалғасып жатқанына тоқталып, Шардара су қоймасына су келу 43 пайызға, Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі 3,8 миллиард текше метрге төмендегенін баяндады.
2026 жылғы вегетациялық кезеңге болжамды су келуі 1-2 миллиард текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 миллиард текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалары тек 41 пайызға толған. 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмады: күріш пен мақта дақылдары жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды.
2026-2028 жылдарға арналған бюджетте суды үнемдеуді қолдауға 228,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында Премьер-министр оңтүстік өңірлердің әкімдеріне егінге қажетті судың ұтымды пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың рұқсатсыз егілуіне жол бермеуді және халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін алдын ала шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тексеру қорытындысы бойынша ылғалсүйгіш дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
81 мемлекеттің ішінде 9-орынды иеленді
- Бүгін, 04:06
«Көк куәліктің» қандай көмегі бар?
- 9 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




