«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыл басынан бері билердің көмегімен 120 дау шешілді

Жыл басынан бері билердің көмегімен 120 дау шешілді
Автор
Жақында Меркі ауданында «Билер кеңесі – дауды шешудің тиімді жолы» атты облыстық семинар кеңесі өтті. Оған аудандық Билер кеңесінің төрағалары қатысты. Жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып «Меркі ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуы жайлы» баяндады. Сондай-ақ жиында «Билер кеңесінің 2024-2025 жылдары атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері жайлы» облыстық Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов баяндап өтті.

Ол өз сөзінде Билер кеңестерінің облыстық экономикалық-әлеуметтік салаларына белсене қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешудегі жұмыстарына кеңінен тоқталды. Облыс бойынша 567 бидің халықтың сеніміне ие болғандығын айрықша атап көрсетті. «Дәнекер» пилоттық жобасын орындаудағы Меркі аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық билер кеңесінің жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ басқосу барысында «Билер кеңесінің қоғамдағы орны туралы» Меркі аудандық сотының төрағасы Серік Махамбетов сөз сөйледі.

Семинар кеңесте Меркі аудандық Билер кеңесінің төрағасы, облыстың үздік биі Медербек Өзбеков «Дәнекер» жобасын жүзеге асыру бойынша баяндама жасаса, осы жолдардың авторы, Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы, облыстың үздік биі «Талас аудандық билер кеңесінің істәжірбиесі» жайлы айтып, сұрақтарға жауап берді. Талас аудандық Билер кеңесі облыстық Билер кеңесінің тірек пункті ретінде әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, билер институтын қалыптастыруда нақты жетістіктерге қол жеткізді.

Атап айтқанда аудандағы 67 би қазіргі уақытта өздерінің белсенділігімен халықтың сеніміне ие болды. Әсіресе Бостандық ауыл билерінің төрағасы Ж.Есімов, Тамды ауылдық билер кеңесінің төрағасы Қ.Құралбаев, Ойық ауылы билер кеңесінің төбе биі, П.Рахыманбердіұлының еңбектері аталып өтілді. Жыл басынан бері 140 дау-дамайды шешуге қол жеткізілген. Әсіресе заң мен тәртіптің орнығуына, отбасын сақтауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты жұмыстар, нақты шаралар өткізілуде.

Билер кеңесі аудандық сот, аудандық полиция бөлімі, Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, түйіткілді мәселелерді шешудің оң тәжірибелерін қалыптастырды. Семинар-кеңеске қатысушылар ашық пікір алмасып, жиынды қорытындылаған соң аудандағы «Белсенді өмір сүру» орталығының жұмысымен танысты. Мұнда ардагерлер салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене қатысып, түрлі үйірмелер құрып, спорттық тренажерларда жаттығулар жасап, бос уақыттарын мағыналы өткізеді екен. Әрі мейірбикелер ардагерлердің денсаулығын қадағалап, қажетті ақылкеңестерін беріп, емдеу шараларымен де айналысатын көрінеді.

Орталықта аналардан құрылған халық аспаптар оркестрі, қолөнер үйірмесі, би үйірмесі жұмыс істейді. Ардагерлерге 23 маман қызмет көрсетеді. Мұндай «Белсенді өмір сүру» орталығы Тараз қаласында және Меркі ауданында ғана бары сүсінтпей қоймайды.

Мемлекет басшысының өмір сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырып жатқан Меркі ауданының басшыларына халқы ризашылықтарын білдіруде. Бір сөзбен айтқанда бұл ауданнан үлгі алатын жетістіктерге көзіміз жетіп, оларға тағы да табыс тілеп қайттық.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы

Жамбыл облысының үздік биі.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар