«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сенім бостандығына шектеу жоқ

Сенім бостандығына шектеу жоқ
Автор
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі.

Осыған байланысты «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге тыйым салуды көздейтін түзету енгізіледі. Бұл шараның мақсаты адамдарды сәйкестендіру тиімділігін арттыру және қоғамдық тәртіпті қорғаудың алдын алу тетіктерін күшейту. Тәжірибе көрсеткендей, бетті киіммен жасыру заңсыз әрекеттерді жасау кезінде жеке тұлғаны анықтауды едәуір қиындатады. Тонау, бопсалау, көлік құралдарын ұрлау, есірткі заттарын тарату және қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты ауыр қылмыстардың көпшілігін кейбір адамдар өздерінің сыртқы келбетін жасырып жасайтындығы ерекше алаңдаушылық туғызады.

Бұл құқық бұзушылардың жеке басын анықтауда құқық қорғау органдарына айтарлықтай кедергілер туғызады және қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне кері әсер етеді. Осы заңнамалық норма ықтимал қауіпті жағдайларды ажыратуға мүмкіндік береді, оларға жедел ден қою үшін құқықтық негіз қалыптастырады және бейнебақылау мен тұлғаны тану жүйелері жұмысының тиімділігін арттырады. Ұсынылып отырған тыйым – адамның бетін жауып киінуі медициналық қорытындыға, уәкілетті органдардың нұсқамаларына, сондай-ақ қорғаныс немесе арнайы нысанды киюді қоса алғанда, кәсіптік немесе қызметтік міндеттерді орындауға байланысты жағдайларға қолданылмайтынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, «хиджаб», «шейла», «химар», «әл-амира» және басқалары сияқты діни киімдердің элементтері тыйымға жатпайды, өйткені олар бетті визуалды тануға кедергі келтірмейді. Аталған түзету діни сенім бостандығы құқығын шектеуге бағытталмаған және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын қоса алғанда, діни бірлестіктердің өкілдерімен алдын ала талқыланған.

Қарастырылған жауапкершілік шаралары негізінен профилактикалық шараларға жатады. Негізгі назар жазалауға емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтарды құқықтық ақпараттандыруға аударылады. Қоғам аталған заңнамалық норманы түсіністікпен және азаматтық жауапкершілікпен қабылдайды деген үміттеміз. Мұндай заңнамалық шаралар бірқатар шет мемлекеттерде, соның ішінде көрші елдерде де жүзеге асырылды. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда да осындай норма қолданылады. Сонымен қатар, мұндай шектеулер Еуропа елдерінде де бар.

Францияда 2010 жылдан бастап қоғамдық орындарда бетін жауып тұратын киім киюге тыйым салынды. Бельгияда мұндай тыйым 2011 жылдан бастап енгізіліп, 2017 жылы Еуропалық сот растады. Ұқсас нормалар Нидерландыда, Швейцарияда, Болгарияда, Австрияда, Данияда және Германияда қолданылады. Айта кету керек, бұл заңнамалық норма зайырлы және қоғамдық-құқықтық сипатқа ие және тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, соның ішінде ар-ождан мен дін бостандығының Конституциялық кепілдіктерін бұзбайды. Тыйым тек қоғамдық орындарда жеке тұлғаны сәйкестендіруге кедергі келтіретін киімдерге қатысты және бетті жаппайтын діни киім элементтеріне қолданылмайды.

Аталған түзетуді қабылдау азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша құқықтық негіздерді қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықтардың алдын алудың пәрменді құралы болады және қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыс деңгейін төмендетуге және мемлекеттік билік институттарына деген сенімді арттыруға ықпал ететін болады.

 

Батырбек АТАМҚҰЛОВ

облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының маманы.

Ұқсас жаңалықтар