Мәселен, балаға ат қою дәстүрін алайық. Қазақтар нәресте дүниеге келгенде азан шақырып, есім береді. Бұл – исламның «азан айту» сүннетімен байланысты болса, екінші жағынан ол қазақы танымда баланың өмір есігін ашып, рухани жолға түсуінің алғашқы қадамы саналады. Сол сияқты сүндетке отырғызу дәстүрі де дін мен дәстүрдің тоғысқан тұсы. Бұл – ислам шариғаты бойынша орындалатын амал, бірақ қазақ халқы оны салтанатты түрде атап өтіп, той жасап, баланың азаматтыққа қадам басқанын білдіретін үлкен оқиға ретінде қабылдайды.
Марқұмға Құран бағыштау да – дін мен дәстүрдің бірігуінің көрінісі. Қазақта «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, марқұмның рухына арнап Құран оқыту, жетісін, қырқын, жылын беру салты бар. Бұл – исламдағы дұға мен садақа амалдарын дәстүрлі форматта орындаудың үлгісі. Қазақ қоғамында ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет көрсету – ұлттық тәрбиенің өзегі. Ал бұл – Құранда айтылған «ата-анаға жақсылық жасау» әмірімен толық үйлеседі (Исра сүресі, 23-аят).
Дәл осы сияқты «жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл – Пайғамбарымыздың (с.а.у) жетімге қамқор болу жайлы хадистерімен үндес. Көпке дейін қазақ отбасыларында келінге үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, дастарқанға бата берілмей тамаққа қол салмау секілді тәрбие көріністері сақталған. Бұл – тек дәстүр емес, ол діннің де әдеп нормаларына сәйкес келеді. Бүгінде жаһандану мен кейбір сырттан келген діни ағымдардың әсері кей жастардың дәстүрге тосырқап қарауына апарып соғуда. Бұл жағдай халықтың рухани тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Осы орайда, дін мен дәстүрдің қайнары ортақ, мазмұны үндес екенін түсіндіру – ел болып атқарар іс.
Мешіттер мен медреселер, мектеп пен университет, телеарна мен әлеуметтік желілер – барлығы бір мақсатта жұмыс істеуі керек, жастарға дін мен дәстүрдің үйлесімді үлгісін көрсету қажет. Дін – жүрекке иман ұялатса, дәстүр – сол иманды өмір салтына айналдыратын құрал. Екеуін бөліп қарау – тарих пен болмыстан қол үзу. Сондықтан дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтау – болашақ ұрпаққа бағыт пен тәрбие берудің ең сенімді жолы.
Асылхан ҚАЛМЫРЗАЕВ
облыс әкімдігі дін істері басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлімінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




