Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, Тараз қаласында 3 сауда базарын жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Олар – Жібек жолы, Салтанат, Якка сарай базары. «Салтанат» базары бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. «Якка сарай» бойынша ағымдағы жылдың маусымында құрылыс жұмыстары басталып, қажетті тіреулері мен фермалары қойылуда.
Орындалған жұмыс көлемі – 70 пайыз. Ал «Жібек жолын» жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталып кеткенімен, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының тек 70 пайызы ғана орындалған. Жол картасы бойынша аталған үш базардың жұмысы желтоқсан айында бітуі керек екен. Ал бітпеген жағдайда не болады? Базарлар жұмысын тоқтатады. Негізі бұл іске жауапты Тараз қаласының әкімдігі екен. Дегенмен қаншама адамға табыс көзі болып тұрған сауда нүктелеріндегі жұмыстардың дер кезінде аяқталуы назарда ұсталатындығын айтып өткен облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлы жұмысты ширату үшін қадағалау шараларын күшейтуді тапсырды.
– Сыртқы сауда айналымының көлемі 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 1 миллиард АҚШ долларын құрап, 64,1 пайызға артты, оның ішінде экспорт 33,4, ал импорт 15 пайызға өсті. 2025 жылдың қаңтарқыркүйегінде шикізаттық емес тауарлар 270,4 миллион АҚШ долларына экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Салада проблемалар да жоқ емес. «Көне Тараз» паркіне күрделі жөндеу жүргізіп, оны толыққанды музейлік қызметіне қайтару қажет. Облысқа келетін туристер легін арттыру үшін әр аудан көлемінде орналасқан тарихи-мәдени туристік нысандардың инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру үшін қаражат бөлу мәселесін шешу қажет, оның ішінде, QRкодтарды және жолсілтегіштерді жаңарту. Кемінде 3 тілде ақпараттық тақтайшалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнату. Сондайақ туризм саласына инвестиция тарту және туристік имидждік оқиғалы іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарын күшейту керек, – деді басқарма басшысы.
Бұдан соң сөз алған «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарушы басшысы Қанат Әубәкіров бүгінгі күні корпорация кәсіпкерлікті қолдау мақсатында үш бағдарлама бойынша, яғни «Ауыл аманаты», «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі», «Шағын өнеркәсіптік аймақ» бағытымен жұмыс істеп отырғандығын алға тартты.
– 2019-2024 жылдары аралығында «Ауыл Аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен жалпы 38,4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, 8027 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар осы жылдар аралығында жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында 2,4 миллиард теңге бөлініп, толығымен игерілді. Жобаның 5 бағытына, яғни тұрғындардың өз кәсібін ашуына басымдық беріліп, қайтарылған қаражат есебінен қаржыландыру мақсатында 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін 4,6 миллиард теңгеге 636 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы және осы саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды. Сондай-ақ бүгінгі күнге техникалық жөндеу орталықтары, кірпіш өндіру, тігін цехы, жылыжай, жиһаз цехы, өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу сияқты жобалар «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы несиелендірілді. Аудандармен бұл бағыттағы жұмысты жандандыру өз жалғасын табатын болады. Алайда қаржыландырылған жобалардың жүзеге асырылуын және несие қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері көбеюде, аудан әкімдіктері тарапынан бақылау тиісті деңгейде орындалмайды. Ал агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға (СҚО тәжірибесі) 2024 жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінді. Қосымша 500 миллион теңге жергілікті бюджеттен бағытталды. Бұл қаражатқа «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Шағын өнеркәсіптік аймақ бағыты бойынша 2025 жылдың III тоқсанында «Тараз» индустриалды аймағы және «Jibek Joly» АЭА аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метр болатын 3 өндірістік алаң пайдалануға берілді. Аталған жобаларды іске асыру үшін біз «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан 4,56 миллиард теңге көлемінде қаржы тарттық. Жобаның жалпы құны – 6,5 миллиард теңге. Жақсы үлгілердің бірі – «I-Cons» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы. Бұл жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ берген несиеден кейін 11 ай ішінде жүзеге асырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған кезде өндірістік ғимарат толық толтырылып, пайдалануға дайын болды. Осының нәтижесінде біз үш жобаны қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік алдық, бұл – талшықты цемент плиталарын, шыңдалған шыны және есіктерді шығару жобалары. Қазіргі уақытта өндірістік алаңдарда тамшылатып суару жүйелерін, жаңбырлатып суару қондырғыларын өндіру, жеңіл дөңгелекті техниканы жинау, тұрмыстық химия және басқа да өнім түрлерін өндіру жобаларын орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Қанат Әубәкірұлы.
Биылғы жылы «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймаққа инвестиция тарту жөніндегі өңірлік ұйым болып құрылған болатын. Жұмысын жаңа бастаған мекеменің алғашқы қадамдары жайында серіктестіктің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов баяндады.
– Zhambyl Invest отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша консультациялық көмек көрсетеді. Компанияның негізгі міндеттерінің бірі – облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Жыл басынан бері Zhambyl Invest 400-ден астам кездесу мен кеңес өткізіп, инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы 33 меморандум мен келісім жасасты. Zhambyl Invest отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, олардың өнімін шетел нарықтарына шығару үшін жағдай жасауда. Бүгінгі таңда 8 экспорттық келісімге қол жеткізілді, – деді Нұрбол Қайранов.
Ал жиынды қорытындылаған партия филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов:
«Amanat партиясы жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі – бизнесті дамыту мен қолдау бағытында нақты іс-шараларды жандандырып, оны жеке негізде айқындау. Осы мақсатта партия жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылып отыр. Үйлестіру кеңесінің міндеті – кәсіпкерліктің орнықты дамуына жәрдемдесу, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді барынша азайту, экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру, отандық кәсіпкерлерді қолдау және олардың заңды мүдделерін қорғау, бизнестің экспорттық әлеуетін дамытуға жәрдемдесу, мемлекеттікжекешелік әріптестік тетіктерін дамыту, кәсіпкерлік саласындағы проблемалық мәселелерді талдау және заңнаманы реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік және партиялық бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу», – деді.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қыдыр дарыған Қыдырәлі
- 4 желтоқсан, 2025
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




