«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Буллинг құрбаны – жасөспірімдер

Буллинг құрбаны – жасөспірімдер
Автор
Буллинг – мектептерде кездесетін маңызды әлеуметтік мәселе. Бұл оқушылар арасында агрессия, қорлау және кемсіту түрінде көрініс табады. Буллингтің салдары балалардың психологиялық және физикалық денсаулығына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, олардың оқу үлгеріміне және жалпы өмір сапасына теріс әсер етеді. Буллингтің бірнеше негізгі себептері бар. Бірінші – отбасылық тәрбие. Балалар үйде көргенін мектепте қайталайды. Егер үйде агрессия, зорлық-зомбылық немесе қатал тәртіп қалыптасқан болса, бала да сол үлгіні мектепте қолдануы мүмкін. Екінші – әлеуметтік статус. Кейбір оқушылар мектептегі өздерінің әлеуметтік статусын арттыру үшін басқа балаларды қорлау арқылы өздерін мықты сезінеді. Бұл – әсіресе көшбасшылыққа ұмтылатын балалар арасында жиі кездеседі. Үшінші, түсінбеушілік және төзімсіздік. Осы ретте басқа ұлт өкілдері, дене бітімі немесе әлеуметтік жағдайы ерекше балалар көбіне буллингке ұшырайды.

Жалпы, буллинг құрбандары психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан үлкен зиян шегеді. Буллингке ұшыраған балалар көбіне қорқыныш, мазасыздық, депрессия, өзіне сенімсіздік сияқты психологиялық мәселелерге тап болады. Буллинг құрбандары мектепке баруға қорқып, сабақтарға қатыспауы мүмкін. Бұл олардың оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайға ұшыраған балалар көбіне өз құрдастарынан оқшауланып, қоғамнан алшақтауы ықтимал. Осы жағдай болашақта әлеуметтік қарым-қатынас орнату қабілетіне кері әсер етеді. Сол себепті буллингтің алдын алу және оны болдырмау үшін мектептерде буллингтің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Оқушылар мен ата-аналарды буллингтің салдары мен оның алдын алу тәсілдері туралы ақпараттандыру қажет.

Буллингке ұшыраған оқушыларға қолдау көрсету мақсатында психологтар мен кеңесшілердің қызметін ұйымдастыру керек. Сонымен қатар оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін түрлі клубтар мен ұйымдар құру тиімді. Мектеп әкімшілігі ата-аналармен тығыз байланыста болып, олардың балаларының мінезқұлқын қадағалауына және қажетті қолдау көрсетуіне жағдай жасауы тиіс.

Бүгінде буллинг әлем мектептерінде кеңінен таралып отыр. Буллинг сөзі – ағылшын тілінің «bully» яғни, қорқыту ұғымын береді. Бұл – физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Мұндай теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу. Өкініштісі сол, 11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады екен. Ал оған қатысу ұлдар арасында көбірек таралған.

Біраз аса уақыт бұрын еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» («Health behaviour in schoolaged children») тақырыбындағы зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерделеу мақсатында қазақстандық оқушылар арасында сауалнама жүргізген еді. Зерттеу тобы мұндай көрсеткіштерді әр 4 жыл сайын жинап зерттейді. Сауалнама жүргізу барысында оқушыларға буллингке немесе кибербуллингке қаншалықты жиі қатысқанын және өздері оның құрбандарына айналғаны жайлы сұрақтар қойылған. ДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының айтуынша, буллинг құрбандарының да, қатысушыларының да ілеспе және болашақта психикалық денсаулыққа байланысты проблемалары бар. Белгілі болғандай, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған.

Бұл ретте ауылдықтармен салыстырғанда қала оқушылары жиі зардап шегетінін айта кеткен абзал. Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда азаяды. Сондай-ақ білім ордасында басқа адамдардың буллингіне айына бір немесе бірнеше рет 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20 пайызы қатысады. Осы мінезқұлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ер балалар арасында ең жоғары көрсеткішке ие екен. Сонымен қатар жаңа технологияларды дамыту және әлеуметтік желілерді танымал етумен буллингтің жаңа түрі – кибербуллингтің пайда болуына әкеп соқты. Кибербуллинг мысалдарына қорлау хабарламаларын жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде елемеушілік пікірлерді жариялау, кемсіту фотосуреттерін орналастыру сондайақ электронды нысанда біреуді қорқыту жатады.

Кибербуллинг – депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау, эмоционалдық бұзылулар, психобелсенді заттарды қолдану және суицидтік мінез-құлық сияқты психикалық денсаулық пен күрделі проблемаларды дамытуға ықпал ете отырып, жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етеді. Бүгінгі күнге дейін 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12 пайызы кем дегенде бір рет немесе одан да көп кибербуллингке ұшырағаны белгілі болған. Жоқ дегенде бір рет басқа адамдарды кибербуллинг құрбаны етуге жасөспірімдердің 11 пайызын құрайды.

Айта кетерлігі, мұндай мінез-құлық ұлдар арасында кең таралған. Ғалымдардың пікірінше, буллингті мектеп деңгейінде төмендету шаралары буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізуді, ата-аналарды тартуды, тәртіптік әдістерді қолдануды, мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсарту мен балаларды қадағалауды қамтиды. Мұндайда ұлттық деңгейде кешенді стратегиялар мен алдын алу бағдарламалары, жоғары ақпараттандыру сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды. ДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының пікірінше, зорлық-зомбылықтың алдын алу және денсаулық сақтау қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсарту және зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заңдарды бағалау буллинг пен кибербуллингке қарсы күрестің негізгі құрамдас бөлігі саналады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар