Шаруа қожалық 2019 жылы ашылған. Төрағасы – Қыдырәлі Шымырбаев. Қожалықта 400 гектар жайылымдық, 60 гектар егістік жер бар. 15 гектар алқапқа жоңышқа егеді. Қалған алқапқа бидай мен арпа сеуіп, өсіруде. Алайда биыл бидайдың шығымдылығы өте төмен болыпты. Шаруаның ісіне қажеттілік көп. Ауа райы да, қаржылық жағдай да, су жетіспеуі, техника мәселесі де әсер етеді. Әрине, мұндай келеңсіздік жыл сайын бола бермейді. «Қаржау ата» шаруа қожалығының бидайдан да, арпадан да жақсы өнім алған жылдары болған. 15 гектар алқаптың жоңышқасын жылына кемі 2 мәрте орып алады. Бір жақсысы, мал бордақылайтын болса, шөбі мен жемі өзінен шығады. Оның өзі шаруаға көп жеңілдік. Ал жем-шөпті сатып алып мал семіртетіндердің шығыны көп болатыны белгілі. Мұнан соң ауыл шаруашылығына қажетті техниканың өзіңнен шығып тұрғаны қандай жақсы.
Қыдырәлі Шымырбаев басқаратын шаруашылықта бұл мәселе шешілген. Екі тракторы, бір комбайны және барлық қажетті тіркемелері бар. Білгенге бұл үлкен жетістік. Шаруа қожалықты ашқан соң, тракторың қажетіңе жарап, жұмысыңның оңға басып тұрғанынан артық не бар? Ол жағынан алғанда Қыдырәлінің айы оңынан туып тұр десе де болады. Қожалықтың мал шаруашылығы да жаман емес. 120 қой, 10 сиыр, 25 жылқы өсіріп отыр. Жаздай 15 биені байлап, қымыз дайындайды. Сапырылған алтындай сары қымыздың литрін 1 мың теңгеден өткереді. Тәулігіне 30 литр қымыз сатса, 30 мың теңге қаражат түсіп жатыр деген сөз. Нарықтың заңы – өзіңнің ісіңді дамытып табыс табу. Ол жағынан алғанда мұндағы жұмыстарда береке бар. Жаздың жайдары күндерінде ай сайын қымыздан 1 миллион теңге табыс табады екен. Әрине, ол шаруа қожалықтың өз еңбегі, істің көзін тапқаны. Соған қарай шығындары да аз емес. Оны да назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл әулеттің ісінің оңға басатын тағы бір себебі бар. Ол тоқсан жастағы Науаткүл Шымырбаева әжеміздің күн сайын беріп тұрған батасы.
Науаткүл – Қыдырәлінің анасы. Алланың сыйлаған жақсылығы шығар, 64 жастағы қожалық төрағасының 90 жастағы анасы бар. «Балаларыма, ауыл халқына, жастарға күн сайын батамды беріп отырамын. Жаздай бие байлап, маған қымыз ішкізеді. Перзенттерім, немерелерім құрметтеп, алақанға салып отыр. Жасымыз келген шақта тілегіміз осы емес пе? Өзіміз де аспаннан түскен жоқпыз. Осы ұжымшардың қара жұмысын істеп, өмір сүрдік. Сол жұмысты қазір жастар жалғап жатыр. Ауылда мал, егін өсіріп жатқан барлық азаматтардың еңбегі жана берсін», – дейді торқалы тоқсан жасқа сергек жеткен бақытты әже.
– Осы ауылда, елдің ішіндеміз. Заман талабына сай шаруа қожалығын аштық. Мұны төраға болайын деген мақтаныштан емес. Ауылдың дамуына үлес қосу, өз ұрпақтарым қиналмай өмір сүрсін деген ниетпен аштық. Әзірге қадамымыз жаман емес. Балалар мен немерелер қолқанатқа жарады. Жалпы, 3 кісіні тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырмыз. Маусымдық кезде жұмысшылар саны екі-үш есеге көбейеді. Шаруа қожалықтың жұмысы тек ауызбен айтқанға оңай. Егінін қадағалап өсіру, шөп дайындау, малға қарау, жылқы байлау – бәрі де жауапкершілікті қажет ететін қомақты жұмыс. Тракторларды тоқтатпай жүргізу де – ептілік пен ұқыптылықты талап етеді. Тракторлар жүріп тұрғаны өзімізге пайдалы. Артық жоңышқамызды өз көлігімізбен апарып сатамыз. Өзге қожалықтардың жұмысын істеп те тракторшылармыз қосымша табыс табады. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей, трактордың әр басқан қадамында береке бар. Шаруа қожалықтың жұмысы шүкір деп айтуға татиды. Әрине, нарық талабы тек ғана дамып, табыс табудан құралмайды. Өркендеп, өсе берген жақсы. Дегенмен ауыл шаруашылығында әртүрлі факторлар бар. Мәселен, биыл бидайымыз өз деңгейінде өнбей қалды. Жалғыз біздің қожалық ғана емес, ауылдағы барлық қожалық осындай күрделі жағдайды бастан кешті. Оны біз кезекті бір сынақ, уақытша жағдай деп қабылдаймыз. «Қайта тұрып қақың бар жүгіруге, тағдыр сені жазбаған сүрінуге» деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, қайтадан тіктеліп, алға қарай қадам баса береміз. Жақында Мемлекет басшысы барлық ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізгені белгілі. Сол жиынға біздің Кеңес ауылдық округінің әкімі Самат Күсемісов те қатысып қайтты. Үлкен ортада көп өзекті мәселе талқыға түсті. Бұйырса, осы маңызды жиыннан соң біраз қолдаулар болады деген үміттеміз. Ол қолдаулардың бір шапағаты шаруа қожалықтарға да тиеді деген ойдамыз. Қожалыққа жетекші болған соң, айналаға қарап, барлығын бағамдап отырады екенсің. Бұл да – жауапкершілік. Осы ауыл біз үшін қымбат, аяулы. Себебі, бабалардың мекені. Әкем Қаржау осы «Кеңес» ұжымшарында мал дәрігері болып еңбек еткен. Ұзақ жылын шаруашылықтың малын емдеуге арнады. Ол кезде шаруашылықта мал көп. Оны емдеу үшін әкеміз апталап кетеді. Әйтеуір, ұжымшардың малын көбейтуге, өзінің мамандығына адал болуға бар күш-жігерін жұмсады. Анам сол әкеме көмекші болды. Екеуі де ұжымшардың жұмысы десе, қай кезде де әзір болды. Ол кездің адамдары еңбекқор ғой. Осы асыл қасиеттерді әкеміздің бойынан да көрдік. Ол кісілерден адалдық пен асыл қасиеттерді үйрендік. Сол қасиет бізді биік мұраттарға жетеледі. Шаруа қожалыққа да құрметтеп сол асыл әкемнің есімін қойдық. Себебі, асқар тауымыз біз үшін үлкен еңбек сіңірді, – дейді төраға Қ.Шымырбаев.
Кезінде ұжымшарға орасан еңбегі сіңген кісінің төраға баласы осылай дейді. Қаржау Шымырбаев кезінде мал дәрігері болды. Бәлкім, озат маман болған шығар. Ал ол кісінің үлкен жетістігі артында ұлағатты да, еңбекқор ұрпақ қалдырғанында. Сол ұрпаққа тәлім мен тәрбие бере алғанында. Балаға әке болатындар көп, маман болып көзге түсетіндер де аз емес. Бірақ ел мен жерді құрметтейтін, атасы мен әкесін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелей алу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бәлкім, «Қаржау» шаруа қожалығы аса үлкен емес шығар. Мыңғырған мал, тонна-тонна астығы жоқ шығар. Бірақ әр перзентінің бойында тәрбие, тағылым, қанағат бар. Бірақ үлгілі ұрпақ, тәрбиелі ұл-қыз тәрбиелеу жағынан Қаржау атаның жолы болған. Әр адамға керегі де осы болар. «Балды жалап тамсанған дұрыс кейде, көп асасаң жүректі айнытады» деп азулы айтыс жүйріктерінің бірі айтқандай, шексіз байлықтан да кейде қайыр болмай жататыны бар. Тегінде еңбек ету, ауылды көркейту – өте жақсы.
Ата мен әжеден алғыс алу, үлкеннің батасын алу ең қажет құндылық болса керек. Осы құндылыққа баса мән беретін Қыдырәлі Қаржауұлының жұмысы көңілге қонымды. Себебі, ол істің адамы. Қай кезде де оймақсаты биік, талғамы терең. Терең талғам, жоғары ізденіс әркімді биікке жетелейтіні рас. Қыдырәлі де сол қағидаға сәйкес жай ғана қатарда жүріп ғана қоймай, озат төрағаға айналды. Жай Қыдырәлі емес, басына қыдыр дарыған Қыдырәлі атанды. Оның бір себебі, тоқсан жасында балалары мен ұрпақтарының тілеуін тілеген Науаткүл әженің батасында жатыр.
«Тәти» шаруа қожалығының табысы мол
Аталған ауылда ұлағатты аналар аз емес. Олар жас ұрпақты өсірумен қатар қоғамдық істерге де белсене араласады. Ауыл шаруашылығының дамуына да үлестерін қосады. Сондай үлгілі ананың бірі – Жұмагүл Әлімбетова. Ол Кеңес ауылына жас келін болып түскеннен үлкендердің батасын алған, ізетті, үлгілі болған. Сол ізеті мен әдепті ісі өзіне құт болып оралды. Отағасы Орынбасар екеуі 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Беріректе отағасы бақилық болғанда да, Жұмагүл ана перзенттерге өзі ана, өзі әке бола білді. Есін тез жинап, балаларды жеткізудің қамына кірісті. 2004 жылы «Тәти» шаруа қожалығын ашып, жаңашыл жұмысқа да тәуекел етті. Ол кезде ұл-қыздары да тірлікке жарап қалған еді.
Әуелі қожалықта мал дегенде 1 жылқы, 100 қой болған екен. Қазіргі таңда сол малдың саны 40 жылқы, 2200 қойға жеткені төгілген тер мен берекелі тірліктің жемісі. Жай қойлар емес, асыл тұқымды бағалы қойлар. Санға емес, сапаға жұмыс істейді бұл қожалық. Жұмакүл Еркінбекқызы шаруа қожалықты басқарады. Ал қыздары мен ұлдары жалпы қожалыққа, кәсіпкерлікке қатысты жұмыстарды ұйымдастырып жүреді. Бұл әулетте «Мынау сенікі, анау менікі» деген жоқ. Тапқандары да, көбейткендері де ортақ. 860 гектар жайылымдық, 35 гектар суармалы жері бар. Ол да – ортақ. Суармалы алқапқа жоңышқа, бидай егеді.
– Әуелі осы балалар бос жүрмесін, бір шаруамен айналыса жүрсін деп осы қожалықты аштық. Мені басшы етіп сайлап қойды. Оның өзі балаларға өзіміз берген тәрбиенің жемісі шығар. Қазіргі таңда суармалы алқаптан малдың жем-шөбін дайындап, қойды өз төлінен көбейтіп жатырмыз. 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың жалақылары да жақсы. Малшылар малға жақсы қарап, еңбегіне адал болса, біз де олардың барлық жағдайын жасаймыз. Кісінің ақысына қиянат жасауға болмайды. Осы қағиданы балаларыма да айтып отырамын. Шүкір, перзенттерім мені сыйлап, алдымнан кесіп өтпейді. Өздерінің жеке кәсіптері де бар. Шаруа қожалықтың дамуына да үлестерін қосып жүр. Бір сөзбен айтқанда, қожалықтың жұмысын жүйелі қалыпқа салып, жолға қойдық деп айта аламын. Белді бекем буып шаруа қожалығын ашқанымызға шүкіршілік етемін, – дейді Ж. Әлімбетова.
Ендігі жерде қожалықтағы қой санының өсуіне байланысты жайылымдық жер тапшы. Білгенге бұл да мәселе. Осы туралы қожалықтың белсенді мүшесі Нұржан Әлімбетовтың айтар ұсынысы бар екен.
«Бірлік пен тірліктің арқасында шаруа қожалықтағы мал басы өсті. Суармалы жерді де шамамыз келгенше ұқсатып, тиімді пайдаланып жатырмыз. Ендігі мәселе – жайылым. Қойдың саны өскен сайын жайылымдық тапшы болып барады. Биыл қойды құмға көшірдік. Бос тұрған қоныстарды жалға алып жатырмыз. Ендігі өтінішіміз, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы немесе орман шаруашылығы ма, бізге жайылымдық жерден қарастырса. Құмда пайдаланылмай бос жатқан жерден берсе де ретін тапса деген өтінішіміз бар. Мал саны өскен соң, оның жайылымдық жері де сай болуы қажет қой деп ойлаймын, – дейді ол.
Сырт көзге шаруа қожалықтарында бәрі жақсы жүріп жатқандай көрінеді. Қожалық ашқан азаматтарға қызығып қарайтындар да бар. Жұмысың алға басқаны, шаруашылығың өркендегені жақсы ғой. Бірақ шаруа қожалықтар біресе малшы мен тракторшы іздейді, біресе суармалы жері аз, біресе жайылымы жетпейді. Әйтеуір мәселесіз болмайды. «Тәти» шаруа қожалығының мәселесі – жайылымның тапшылығы. Енді орман шаруашылығындағы жер қоры арқылы болса да, мұндай өркендеп келе жатқан шаруа қожалыққа жайылым берілгені жөн шығар. Оны жауапты тарап шешеді деген ойдамыз. Жалпы, аналары басқарып, балалары қостаған қожалықтың ісі көңілге қонады. Оның бәрі бірлік пен ынтымақтың нәтижесі.
Қой баққан – күйлі, сиыр баққан – сыйлы
Ауыл шаруашылығының дамуына күнделікті осы саланың ауыр бейнетін кешіп жүрген кісілер де көп. Олар сол еңбегіне құрмет те, марапат та сұрамайды. Өйткені даланың адал перзенттері, ұясында ізгілікті көріп өскен жандардың өнегелі ісі осындай. Сондай ұлағатты кісінің бірі – өмірінің 25 жылын мал шаруашылығына арнаған Мизан Мадалиев. Ол кісі де ауылдастары секілді ауылда өсіп, табиғаттың қыр - сырынан хабардар болды. Ауылдың баласы болған соң, төрт түліктің бабын табу, атқа мініп, суда жүзу секілді қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Сондықтан болар 18 жасында әскерге аттанғанда онша қиналған жоқ. Мизанның маңдайына 3 жылдық әскери Теңіз флотында отандық борышын өтеу жазылған екен. Үш жылдық борышын жоғары жауапкершілікпен өтеп қайтты. Бірақ одан әрі қарай әскери адам болуды қаламай елге оралды. Үш жыл сағынған ата-ана, туыстарын, бауырларын қуантты. Басын құрап, шаңырақ көтерді. Әкесі мен анасы бір баласының екеу болғанына да ерекше қуанған.
Асыл жары Алмагүл де ұясынан тәрбие көрген, өнегелі жан еді. Ер азаматын ерекше сыйлайтын үлгілі жас келін болды. Ол уақыттағы жас келіндердің көпшілігі ұжымшардың ауыр жұмысын атқара беретін қажырлы, қайратты еді. Мизан мал жаюға шығамыз дегенде келіншегі Алмагүл қарсы болмаған. 15 жыл шопан болып, ел байлығын еселеді. Төл алу кезінде ерекше көзге түсті. «Кеңес» ұжымшарының қажетіне жараған, экономикасын нығайту жолында жұмсалған малдың көпшілігі Мизан баққан қойдың төлдері шығар, сірә. Ондайды ойлап, бәлденіп, бәлсініп жүрген Мизан жоқ. Еңбектің шебінен табылды. Жастық шақтағы, әскердегі барлық тәжірибесін мал шаруашылығына жұмсады. Бәз біреулер ойлайтындай қой бағу оңай шаруа емес. Оны ерте өргізу, кірпік қақпай қарау, семірту, түгендеу, жем-шөбін беру, суару, тоғыту, қырқу, төлдету қайдан оңай болсын. Оның үстіне күнде ауа райы жаз болып, жайнап тұрмайды. Қыстың ақ шұнақ аязы, ат құлағы көрінбейтін бораны бар.
Жаздың шілдесінің ми қайнатар ыстығы бар. Қыстың боранды күндерінде малдың бөлініп кететіні бар. Бір бөлінгенде 15-20 қой ықтап кетеді басқа бағытқа. Оны боран басылған соң, түгендеп, сол кезде барып іздейсің. Сонша малды ізбен бағдар алып, тауып қайту үлкен жұмыс. Ол кездің адамдары мейірімді. Ығып келген бөтен малды жасырып қалу болмаса басқа жаққа көлікке тиеп жөнелтіп жіберу деген ой жоқ. Бөлініп кеткен малды қорасына қамап, іздеп келетін иесін күтіп отырады. Жоқшы іздеп келгенде оны үйіне кіргізіп жылытып, асын беріп, атына жем-шөбін беріп, күтіп шығарып салады. Мал жаюдың машақаты оңай емес. 15 жыл қой баққан соң сиырға ауысты. Сиырды да жауапкершілікпен бағып, семіртті. Одан соң отбасылық жағдайына байланысты малдан шығып, ұжымшар орталығына көшіп келген. Мұнда да қарап отырған жоқ. Сушы болды. Диқан болып дән өсіріп, шөпші болып мая тұрғызды. Қайда жүрсе де ауыл шаруашылығында еңбек етті. Тыным таппай тірліктің қара қазанын қайнатты. Адал еңбегімен ауылдың тынысына, ұжымшардың экономикасының алға басуына тамшыдай үлесін қосты.
– Ауылдың жөні бөлек. Біз табиғатпен тамырлас, даламен сырлас болып, шаруашылықтың сан түрлі жұмыстарымен біте қайнасып кеткенбіз. Мал шаруашылығында, егін шаруашылығында қырық жылдан астам тер төктім ғой. Жауапкершілікпен тынымсыз еңбек еткенімізді ешкім жоққа шығара алмас. Мал шаруашылығында, табиғаттың аясында жүре берер ме едік. Жұбайым Алмагүл ауырып, өмірден озды. Сол жағдайға байланысты малдан шығып, ауылға келдім. Онда да қара жұмыс істегенімді айттым. Азиза атты кісімен тағдыр қосып, өмірімді жалғастырдым. Он ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардың ішінде әскери салада еңбек етіп, полковник дәрежесін алған перзентім бар. Қарапайым еңбек адамының баласы полковник болды. Құрылыс саласында, жол саласында еңбек ететін перзенттеріммен де мақтанамын. Өзім ауылда, шаруашылықта қарапайым еңбек етсем де, перзенттерімнің әр салада өздерін көрсете білгеніне көңілім толады. Ауылдың қазіргі даму жағдайы да жақсы. Барша тұрғындардың және жастардың ауызбіршілігі көңіл қуантады. Кеңес ауылының әрқашан түтіні түзу шыққанын қалаймыз. Сол жолда біз тер төктік, енді жастар осы бағытта өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетеді деген ойдамын. Ауылдық округте білікті мамандар еңбек етеді. Егіншілік, мал шаруашылығын жақсы білетін азаматтар бар. Білікті мал дәрігерлерінің жұмысы да көңілге қонады. Сондықтан ел тізгінін ұстаған, ауылды көркейтемін деген азаматтарға үміт артып, батамызды беріп отырмыз, – дейді 82 жасқа қараған ауылға сыйлы Мизан ақсақал.
Мизан ақсақал қой ғана бақпаған, қой баға жүріп ой баққан. Жасынан теңеу сөзге тамсанып, мақал жаттап өскен. Батаға да ерекше мән берген. Аудандық «Батамен ел көгерер» батагөй ақсақалдар байқауына екі мәрте қатысып, жүлделі орыннан көрінген. Мұндай ұлағатты ақсақалдың өнегелі жолы жас ұрпаққа тағылым.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ата-анасы бастаған кәсіпті баласы жалғастыруда
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




