«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр бала – жеке әлем, жеке жұлдыз

Әр бала – жеке әлем, жеке жұлдыз
Автор
Адамзат талай дәуірді артқа тастады, талай қоғамды өткерді, заман ауысты, көзқарас өзгерді, бірақ бір ғана шындық ешқашан ескірмейді: ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тұтқасы. Ұлыларымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» деп айтуы бекер емес, өйткені баланың болмысы, мінезі, тағдыры сол тал бесікте басталып, отбасы жылуымен қалыптасады. Елдің ертеңі бүгінгі баланың жүрегіне қандай із түсіргенімізге байланысты екенін Абай да, Шоқан да, Ахмет Байтұрсынұлы да, Әуезов те талай айтқан. «Қай елдің болашағын білгің келсе, жастарға қара» деген нақылдың салмағы бүгінде тіпті ауырлай түсті.

Бұрынғы қазақ қоғамында бала тәрбиесі тек ата-ананың емес, бүкіл ауылдың, бүкіл әулеттің жауапкершілігі еді.

«Бір бала тәрбиелеу үшін бір ауыл керек» деген сөздің түпкі мағынасы – ұрпақ тәрбиесіне ортақ жауапкершілік. Ал бүгінгі заманда ауыл да, қала да, қоғам да өзгерді, бірақ баланың бала болып қалатыны өзгермейді. Қандай заман келсе де, ол өтпелі кезеңді бастан кешеді, мінезінде қызбалық болады, кейде шалалыққа салынады, кейде үйде мүләйім көрінгенімен, түзде тентектік танытуы мүмкін. Сол үшін ғасырлар бойғы даналар қалдырған сөздің мәнін қайта ойлау маңызды.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бүгінде бұрынғыдан да өткір. Себебі қазіргі бала – ақпараттық қоғамның қақ ортасында өсіп келеді. Тез қабылдайды, тез өзгереді, тез әсерленеді. Үйден шыққан бір сөз, мектепте естіген бір пікір, телефонда көрген бір бейне оның мінезіне оп-оңай ықпал етеді. Сондықтан ата-ананың әр сөзі, әр әрекеті, тіпті үнсіздігі де тәрбиенің бір бөлігіне айналады.

Бүгінгі мақа ламыз о сы ой төңірегінде өрбиді. «Қызың үйде, қылығы түзде…», «Балалық па, шалалық па?» деген екі сауалдың жауабын іздеп, жасөспірімдер тәрбиесіне ең әуелі ата-ана жауапты екенін тарқатып түсіндіреміз. Бұл – жеке әулеттің ғана емес, бүкіл елдің жүгін арқалаған мәселе. Себебі ұрпақ түзелмей, қоғам түзелмейді, қоғам түзелмей, елдің ертеңі нұрланбайды.

Бала – ақ парақ дейтін болсақ, сол параққа ата-ана не жазса, уақыт сол жазудың бояуын қанықтырады. Қазақ «Бала – әкенің көзі, ананың сөзі» деп тегін айтпаған. Өйткені оның қадамына, жүріс-тұрысына, өзгемен қарым-қатынасына қарапақ отбасының атмосферасын тануға болады. Кейде үйде жібектей мінез танытатын бала түзге шыққан соң тентектікке салынып кететіні бар.

Мұның түбінде баланың екі ортада екі түрлі күй кешуі жатады. Үйде атаананың бақылауы, жылы сөз, түсіністік болса, түзде орта талаптары, құрбықұрдастардың ықпалы, өзін дәлелдеуге деген ішкі құлшыныс оянады. Осы екі әлемнің үйлеспеуі кейде оның мінезін құбылтып жібереді. Бала кейде үйде момын, тұйық, үндемейтін көрінеді, ал сырт ортада ашыла түседі. Бұл – оның өзін табуға деген талпынысы.

Шәкәрім: «Адамдықтың негізі – ізгілік» дейді, ал ізгілік бала бойына жаратылысынан дарығанымен, оның сыртқа шығуы – ортаға байланысты. Үйдегі тыныштық баланы тұйықтыққа емес, сенімге жетелеуі тиіс, ал түздегі әрекет оның өз орнын табуға деген ұмтылысына бағытталуы керек. Егер осы екі дүниені ата-ана дұрыс үйлестірсе, бала да өзін түрлі ортада еркін сезінетін тұлға болып қалыптасады. Ал кейде керісінше көрініс орын алады. Бала үйде ерке, еркін, талапсыз өсірілсе, сырт ортада өзін тежей алмай, тәртіп бұзуы мүмкін.

Мұндайда кінәні балаға арта салу оңай. Алайда түбін қаза бастасақ, бала түзде көрсеткен мінезінің көпшілігін үйде көргенінен алады. «Балаңыз сізді тыңдамайды» деп шағымданған ата-аналар көп, бірақ «Балам мені қайталап жүр ме?» деп ойланатындар аз. Шынында да, бала – айна. Айнаға қарап күліп тұрсаң – күледі, қабағыңды түйсең – түйеді. Сол себепті тәрбиені өз мінезімізді түзеуден бастау – ең дұрыс жол. Әсіресе жасөспірім шағы – адамның ең күрделі кезеңі. Бұл кезде ол бала да емес, ересек те емес. Ойы бір күн жарық, бір күн тұман. Бұрынғыдай ата-анасының айтқанымен жүре салмайды, өзінің пікіріне сүйенгісі келеді. Бұл – қалыпты жағдай. Бұған үрейленудің қажеті жоқ. Абайдың өзі: «Бала кезде бір түрлі мінезбен өсесің, жасыңда бір түрлі мінезбен боласың» деп жас кезеңдерінің өзгермелілігін дәл айтқан. Жасөспірім мінезіндегі құбылыс – табиғи құбылыс. Бірақ сол табиғилыққа дұрыс бағыт берілмесе, баланың шалалығы ушығып кетуі мүмкін.

БАЛАЛЫҚ ПА, ШАЛАЛЫҚ ПА?

Қазір қоғамда «Бүгінгі жас бұзылды» деген пікір жиі айтылады. Бірақ жас ешқашан өздігінен бұзылмайды. Жас – өскен ортасының көшірмесі. Технология дамыса – ол да сол ағымға ереді. Қоғамда шу көбейсе – оның санасы да сол шудан үлгі алады. Үйде ата-ана бір-біріне айқайлап сөйлесе – ол да өзгеге дауыс көтеруді қалыпты деп қабылдайды. Яғни баланың қылығы – біздің қылығымыздың жалғасы. Бұл ақиқаттан қашып құтыла алмаймыз. Жасөспірімнің бір мезетте қатты ашуланып, бір мезетте бұртиып қалуы оның ішкі әлеміндегі дауылдардың белгісі. Оған ұрсу, айқайлау – отқа май құюмен тең. Бала өз сезімін басқара алмай тұрғанда оған ересек адамның қатқыл сөзі тіпті ауыр тиеді. Өйткені ол өзіне ең жақын адамдардан – ата-анасынан мейірім күтеді. Сол мейірімді таппаған кезде ол сырт ортадан жұбаныш іздейді. Ал сырт орта әрдайым дұрыс бағыт бере алмайды.

Соңғы жылдары мектептегі, көшедегі, әлеуметтік желідегі жасөспірімдердің қылықтары қоғамды алаңдататын деңгейге жетті. Бірі төбелеске араласады, бірі заң бұзады, бірі интернетке тәуелді болады, бірі жоқ жерден дау шығарады. Мұның бәрін тек баланың бұзылғандығынан көру – жаңсақ. Бұл – «отбасы – мектеп – қоғам» тізбегінің әлсірегенінің белгісі. Үйдегі тәрбие мен мектептегі талап үйлеспегенде, бала екі ортада адасады.

Қазақтың тағы бір даналығы бар: «Қырық үйден тыйым». Бұрын үлкендер бір өңірдегі балаларды түгел бақылап, жөн-жосыққа үйретіп отырған. Қазір баланың тыйымы тек ата-ананың мойнында, бірақ ата-ананың уақыты аз, назары бөлінген, қорқыныш үрейі көп. Соның кесірі бала тәрбиесін әлсіретіп отыр. Кейде үлкендер баланың қылығын телефонға, интернетке, мектепке аударады. Дегенмен телефон – себеп емес, нәтиже ғана. Себебі баланың бос кеңістігі толмай қалғанда, ол гаджеттен өз әлемін іздейді.

Балаға шектеу керек пе? Әрине, керек. Бірақ шектеудің өзі мейірімнен, түсінуден, сенімнен бастау алмаса, ол шектеу емес – тыйым ғана болып қалады. Ал тыйым баланы қарсыласуға итермелейді. Жан дүниесі қабылдамаған тәртіп оның мінезіне әсер етпейді, қайта одан алыстата түседі. Сондықтан ата-ана баласына ең әуелі жанашыр, содан кейін жол сілтеуші, содан кейін тәрбиеші болуы тиіс. Жасөспірімнің түздегі қылығы көбіне оның психологиялық күйін ашып береді. Үйде үндемей жүріп, түзде ашуланшақ болуы – ішкі қысымның белгісі. Үйде ашушаң болып, түзде жуас болуы – қорғансыздықтың белгісі.

Үйде бәрін тыңдап, түзде қарсы шығуы – өзін табуға деген талпыныс. Осы көріністердің қай-қайсысы да атаананың назарын қажет етеді. Баланың әр әрекетінің артында себеп бар екенін ұмытпауымыз керек.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІНЕ ЕҢ ӘУЕЛІ АТА-АНА ЖАУАПТЫ

Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі жөнінде айтқанда, мұғалімдер мен қоғамды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бірақ баланың түпкі қалыптасуы тек білім берумен өлшенбейді. Білім – ақылға азық, тәрбие – жанға азық. Егер жан дүниесі бос қалса, ақылдың да жемісі толық өсіп шықпайды. Сондықтан ата-ананың басты міндеті – баланың ішкі әлемін мықты ету, оны түсіну, оған тірек болу. «Жақсы сөз – жан азығы», – дейді қазақ.

Балаға айтылған «Сенің қолыңнан келмейді» деген бір ғана сөз оның ертеңгі сенімін әлсіретсе, «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деген бір ауыз тілектің өзі қанат бітіретіні анық. Бүгінгі ата-ананың ең үлкен қиындығы – уақытының жетпеуі. Тіршіліктің қарбаласымен жүріп, баламен сөйлесуге, оның ішкі ойын білуге, қуанышы мен күйін тыңдауға уақыт таппай қалатындар көп. Алайда балаға ең қажетті нәрсе – уақыт. Ол – шексіз ойыншық, қымбат киім емес, әке-шешесінің қасында отырып әңгімелесуі. Қарапайым тілдесу балаға өзін маңызды сезіндіреді. Ал өзін маңызды сезінген бала басқадан қуат іздемейді.

Абайдың «Адамның бір қызығы – бала» деген сөзі тым терең.

Бала – қызық қана емес, жауапкершілік; қуаныш қана емес, аманат; үміт қана емес, міндет. Балаға берген тәрбие – ертеңгі қоғамға берген үлес. «Бала дұрыс өссе – елдің ертеңі дұрыс» деген нақылдың салмағы да осында. Қазіргі жастардың психологиясы бұрынғыдан өзгеше. Олар те з шаршайды, те з қызығады, те з басылады. Оған таңғалудың қажеті жоқ, себебі заман солай. Ақпарат ағыны толқытып тұрады, әр күні жаңа бір дүние шығады, әр сағатта санасы мың құбылады. Мұндай жағдайда олардан тыныш, байсалды, салмақты мінез талап ету – оңай емес. Бірақ оларды ретсіз еркіндікке жіберіп қою – одан да қауіпті. Балалық пен шалалықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын жалғыз тұлға – ата-ана.

Жасөспірімдердің тентектігін көріп, біразы «дерт» деуге бейім. Алайда шалалықтың бәрі дерлік дерт емес. Кейде жасөспірімнің дауыс көтеруі – өзін таба алмай жатқанының белгісі. Кейде дөрекі сөйлеуі – эмоциясын басқара алмаудан тууы мүмкін. Кейде бір сәттік қателігі – оның бүкіл болмысына күйе жақпайтын жай ғана адасуы. Сондықтан балаға үкім шығармай, оған бағыт беру маңызды.

«Тәрбиесіз бала – тасты жармас, тәрбиелі бала – тасты қояды» деген сөздің мәні де осы. Бүгінгі бала интернеттен көп нәрсе көреді. Онда жақсысы да бар, жаманы да бар. Бірақ баланың фильтрі әлі қалыптаспаған. Ол көргенін талдамайды, тек қабылдайды. Міне, осы тұста ата-ананың рөлі ерекше. Егер ата-ана балаға ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, шындық пен жалғанның аражігін үйретпесе, ол сырттан келген ақпаратқа оңай сенгіш болып қалады. Сондықтан смартфонды тартып алу – шешім емес, смартфонды дұрыс қолдануды үйрету – дұрыс шешім. Адамзат тарихында тәрбие мәселесі ешқашан жеңіл болған емес. Бірақ әр дәуірдің өз қиыншылығы бар.

Бұрынғы қиындық – тұрмыс тапшылығы болса, бүгінгі қиындық – ақпарат көптігі. Бұрын тәрбиені әжесі айтып берген ертегі түзеп отырса, бүгін сол ертегінің орнын санасы уланып қалатын бейнелер басып жатуы мүмкін. Сондықтан атаана бұрынғыдан да сақ, бұрынғыдан да сергек болуы қажет. Баланың болашағы оның кімнен үлгі алғанына байланысты. Егер оның кумирі – әлеуметтік желідегі танымал, бірақ мазмұнсыз бейне болса, ол да сондай өмірді арман етеді. Ал егер оның кумирі – еңбекқор, адал, мәдениетті, білімді тұлға болса, ол да сондай болуға талпынады. Сондықтан ата-ана баласының кімге қарап өсіп жатқанын да бақылауға тиіс. Бұл – шектеу емес, бағыт беру. Кейде кейбір ата-аналар баласының «түзде басқа» екенін көріп таңғалады. Бірақ сырттағы мінез – оның ішкі әлемінен шыққан әрекет. Үйде еркелік шектен тыс болса – түзде еркінсіген әрекет көрінуі мүмкін. Үйде ұрыс көп болса – түзде жасқаншақтық пайда болуы мүмкін. Үйде бала тыңдалмаса – түзде ол өзін дәлелдеуге тырысады.

Осылайша, баланың әрбір қылықтары – ата-ананың тәрбиесінің айнасы. Дәл осы ойды қазақтың «Бала – ананың бауыры, әкенің қаны» деген сөзі де айқындай түседі. Баланың қандай тұлға болып қалыптасатынын оның үйдегі атмосферасы анықтайды. Үйі тыныш, әке-шешесі бір-біріне сыйластық танытатын ортада өскен бала ертеңгі күні де жұмсақ мінезді, байыпты, жан-жағына мейіріммен қарайтын болып шығады. Ал үйі айғайға толы, ата-анасы бірін-бірі тыңдамайтын ортада өскен бала сыртқа шыққанда да сол мінезді қайталайды. Өйткені бала – көргенін істейді. Ата-анасы қалай сөйлесе, ол да солай сөйлейді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөздің дәлдігі осы тұста анық байқалады. Тіпті ата-ана кейде байқамай айтқан бір ауыр сөздің өзі баланың жүрегінде ұзақ сақталатынын, оның сеніміне көлеңке түсіретінін түсіне бермейді. Қазақтың тағы бір жақсы сөзі бар: «Бала – періште, періштені ренжітпе». Бұл – баланы шексіз еркелету емес, оның жанын жаралап алмауға қатысты даналық. Жасөспірім шақ – сезімтал кезең. Жүрек жұқа, көңіл нәзік. Осы шақта айтылған қатқыл сөз, орынсыз сын немесе өзгенің алдында масқаралау оның көкейіне түйіліп, өз-өзіне сенімін жоғалтуына әкеп соғуы мүмкін. Ал сенімін жоғалтқан бала өмірде де, білімде де, қарым-қатынаста да белсенді болмайды.

Жасөспірімдер жиі жасайтын қателіктердің көпшілігі – импульсивті әрекеттер. Олар салдарына мән бермей, сол сәттің эмоциясымен әрекет етеді. Бұл – табиғи құбылыс. Өйткені миының жауапкершілік пен салмақтылыққа жауап беретін бөлігі толық жетілмеген. Сондықтан да жасөспірімге ашумен, қысыммен емес, түсіністікпен қарау қажет. Әр қателігі үшін жазалау емес, қателігінен сабақ алуға жағдай жасау керек. Жаза – уақытша тыюы мүмкін, бірақ тәрбие – ұзақ мерзімді өзгеріс береді. Тәрбиенің тағы бір маңызды тұсы – сөз бен істің сәйкестігі. Егер атаана баласына «өтірік айтпа» деп, өзі өтірікке бара берсе; «кісіні сыйла» деп, өзі адамды алаласа; «оқы» деп тұрып, өзі қолына кітап алмаса – бала ешқашан айтқанын емес, істегенін қайталайды. Баланы тәрбиелеу – өзіңді тәрбиелеу деген сөздің төркіні осы. Жүсіп Баласағұн «Өзі түзелмегенді түзету қиын» дегенде дәл осыны меңзеген.

Бүгінгі қоғамда кездесетін бір үлкен мәселе – ата-ананың балаға басы артық еркіндік беріп қоюы. «Өзі біледі», «ертең түсінеді», «өзі-ақ үйренеді» деп тәрбиені уақытша тоқтатып, жауапкершілікті кейінге ысырып қою – ертеңгі өкініштің бастауы. Ертең кеш болуы мүмкін. Балаға ең қажет тәрбие дәл қазір, дәл осы шақта берілуге тиіс. Өйткені балалық шақ – өте қысқа, бірақ өте маңызды кезең. Бала тәрбиесі – жекелеген отбасының ғана шаруасы емес. Ол – қоғамның қауіпсіздігі, елдің тыныштығы, ұлттың болашағы. «Тәрбиелі елдің ұл-қызы тәртіпке тартылады» деп Жұбан Молдағалиев айтқандай, тәрбие – мемлекеттің де стратегиялық мәселесі. Үйінде сыйластық көрмеген, қоғамнан мейірім таппаған, өмірден өз орнын таба алмаған жасөспірім ертең қоғамға да, өзіне де қауіп төндіруі мүмкін. Сол үшін мектеп, отбасы, қоғам, ұстаз, ата-ана – бәрі бірігіп жасөспірімнің жан дүниесіне үңілуге тиіс. Оны тыңдау керек, түсіну керек, қолдау керек. Баланың айтқанына құлақ асып үйрену – тәрбиенің жартысы. Себебі бала тыңдалмаса, ол бөтеннен тыңдаушы іздейді. Ал бөтен орта баланы қайда бұрып жіберетінін ешкім болжай алмайды. Әл-Фараби «Адамға ең әуелі қажет нәрсе – тәрбие, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенде, бұл сөздің салмағы ғасырлар өтсе де кеміген жоқ.

Керісінше, бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Тәрбиесіз білім – жасөспірімнің қолына берілген өткір пышақ секілді. Оны қалай қолданатынын өзі білмейді. Ал дұрыс тәрбие алған бала білімді өмірдің игілігіне жаратады. Ата-ана баласына қандай тұлға болуды үйреткісі келсе, ең алдымен өзі сондай болуға ұмтылуы керек. Шыны керек, тәрбие – сөзбен емес, үлгімен беріледі. Ертең баламыз қандай болсын десек – бүгін соны өзімізден бастауымыз қажет.

Жасөспірімнің сырттағы қылығын түсіну үшін оның үйдегі жағдайына үңілу керек. Келер ұрпақтың тағдыры – отбасындағы қарым-қатынастың айнасы іспетті. Үйінде сыйластық көрген бала сыртта да сыйласуды біледі. Үйінде қаталдық көрген – қатты мінезді болып өседі. Үйінде мейірім көрмеген – өзгеге де мейірім бере алмайды. Психологтар «баланың ішкі әлемі ата-ананың мінезінің жалғасы» дейді. Өте дұрыс айтылған пікір. Себебі бала – туа бітті таза, бейтарап жан. Оның жүрегіне жылу да, суық та атаанадан барады. Қазіргі заманда жасөспірімдер арасындағы түсінбеушілік, күйзеліс, агрессия, өз-өзіне қол жұмсау секілді мәселелердің көбеюі де ата-ананың назарынан тыс қалып отырған тәрбиенің салдары. Бала мектепте не істеді, кіммен жүрді, нені уайымдады – ата-ананың көпшілігі мұны білмейді. Білген күннің өзінде жүрекпен тыңдамайды, себебі бар уақытын жұмыс пен тіршілікке арнайды. Ал балаға ең қажет нәрсе – көңіл бөлу. Бала – өсімдік секілді. Су, жарық, күтім қажет. Жарықсыз өсімдік солып қалатыны сияқты, мейірімсіз бала да өскін тартады. «Бала – көңілдің гүлі» деген тәмсіл бекер емес. Бала көңілін сындырып алу оңай, қайта қалпына келтіру өте қиын. Сол үшін әрбір атаана баласының жан дүниесіне терезе ашып қарауы керек. Жасөспірімдер көбіне үйдегі қысымнан қашып, еркіндік іздейді. Еркіндік іздеген кезде кімге жолығады, кімге сенеді – мәселе осында. Балаға еркіндік беру керек, бірақ бақылаусыз еркіндік – қауіпті.

Бақылаудан тыс қалған жасөспірім интернеттен, көшеден, жаман орталардан «тәрбие» алады. Ал ондай ортаның мақсаты – баланы биіктету емес, өз қажетіне пайдалану. Қазақта «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін қосшыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла» деген дана сөз бар. Бұл сөздің мәнін түсінген адам – тәрбиенің құпиясын түсінеді. Жасөспірім жасында балаға бұйрық емес, кеңес керек. Қолдау керек. Сыйластық керек. Өйткені бұйрық айтқан сайын бала алыстайды, сөйлескен сайын жақындайды. Жасөспірімнің жанын түсіну – ең қиын, бірақ ең маңызды міндет. Олар сырт көзге ерке, тентек, өзімшіл көрінуі мүмкін. Бірақ сол мінездің артында қыруар қорқыныш, уайым, өзін таба алмау, қоғамға сіңе алмау сезімі жатады. Сол үшін жасөспірімнің жанайқайына мың құлақпен тыңдап, бір шешіммен жауап беру керек. Тәрбиеде байқалмай қалатын қателіктер көп. Мысалы, ата-ананың баласын өзгемен с алыстыруы.

«Пәленшенің баласы мынадай, сен неге ондай емессің?» деген сөз жасөспірімге ауыр тиеді. Себебі ол өзін төмен сезінеді, өз құнын түсіреді. Бұл – оның рухын сындыратын ең қауіпті тәсіл. Әр бала – жеке әлем, жеке жұлдыз. Жұлдызды сөндіріп алмай, жарқырата білу – ата-ананың шеберлігі. Тағы бір қателік – баланың қателігін кешіре алмау. Жасөспірімдердің қылығы түзде көрінетінінің бір себебі – үйде оған екінші мүмкіндік берілмейді. Үнемі ұрысу, кінәлау, кемсіту – оны үйден алыстауға итермелейді. Ал алыстаған сайын қателік көбейеді. Демек, әрбір ата-ана баласының алғашқы ұстазы ғана емес, ең жақын панасы болуы тиіс. Балаға дұрыс бағыт берудің ең жақсы жолы – жылы сөз. Жылы сөз – жанға дәру. Жасөспірім қателессе де, құлап тұрса да, оған «сенің қолыңнан келеді», «мен саған сенемін» деген бір ауыз сөзден артық қолдау жоқ. Сенім – тәрбие тетігі. Сенім бар жерде бала алға ұмтылады, сенімсіз жерде кері шегінеді.

Ұлы Абай «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дейді. Яғни, бір баланың бұзылуы – бір отбасының, бір мектептің емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Сол үшін әрбір ересек – тәрбиенің бір бөлшегі. Үлкеннің жолын көрсе, бала да үлгі алады. Жасөспірім тәрбиесі туралы сөз көп, бірақ ең бастысы – жүрекпен тәрбиелеу. Жүрек тәрбиелесе, сөз де, іс те, орта да түзеледі. Бала махаббатпен өссе – махаббатты адам болады. Қорқынышпен өссе – қорқақ болады. Қысыммен өссе – бүлікке бейім болады. Мейіріммен өссе – жүрегі кең, жомарт, адамгершілігі биік тұлға болып шығады. Қоғамдағы әрбір қиындықтың түп-төркіні – бала тәрбиесіндегі олқылықтар. Бірақ бұл – түзелмейтін жағдай емес. Тәрбиені бүгін бастасақ та, кеш емес. Ең бастысы – ниет. Бұрынғының даналығы «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтылмаған. Тал бесік тербелгенде елдің ертеңі де тербеледі. Осындайда ұлы Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген сөзі еріксіз еске түседі. Біз халқыма қызмет етем десек, бала тәрбиесінен бастауымыз керек. Бала – елдің ертеңгі иесі. Ол дұрыс өссе – ел гүлденеді, ол бұзылса – елдің іргесі сөгіледі.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Бала – біздің болашағымыз ғана емес, бүгінгі аманатымыз. Жасөспірімнің әрбір қылығы – ата-ананың, қоғамның, ортаның айнасы. Сондықтан әрқайсымыздың міндетіміз – балаға жарқын өмірдің жолын көрсету, мейіріммен тәрбиелеу, адаспайтын бағыт беру. Өйткені ұрпақ тәрбиесі – ұлттың ұлы міндеті.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар