Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне брифинг берді
– Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 3-ші орында. Облыста іске асырылуы 2029 жылға дейін қарастырылған 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Оның жалпы құны – 4,1 триллион теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 161 миллиард теңгеге 1,1 мың жұмыс орны құрылатын 26 инвестициялық жоба іске асырылады. Ал осы жылдың 10 айында 21 миллиард теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 282 жұмыс орны құрылды. Өзге де ірі жобаларды іске асырудың есебінен облыс экономикасына 3,8 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде. Жалпы, жобалардың басым бөлігі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағының жалпы ауданы – 905 гектарды құраса, болашақта бұл аумақтарды 1,2 мың гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мұнда жалпы құны – 1,6 триллион теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Басаяғы 5,2 мың жұмыс орны құрылады деп көзделсе, оның 8-і бойынша 975,7 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар «Тараз» индустриялық аймағының аумағында 113 миллиард теңгеге 1300 жұмыс орны құрылатын 23 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 11,3 миллиард теңгеге 9 жобасы пайдалануға беріліп, 200 жұмыс орны ашылды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кетейік, биыл облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға өсті. Осы жылдың 10 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 17, ауыл шаруашылығы – 3,1, құрылыс жұмыстары – 18,8, тұрғын үй –1,7, сауда – 0,5, көлік – 2,9, байланыс – 9,4 және негізгі капиталға салынған инвестиция – 38,3 пайызға артқан. Жыл басынан бері 1,1 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 17 пайызды құраған.
Осылайша облысымыз өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқынымен республика бойынша 3, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынымен 5-орынға тұрақтаған. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 63 пайызы өңдеу секторына тиесілі болса, ондағы кәсіпорындармен республика бойынша 100 пайыз натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофос, сары фосфор және 40 пайыз қант өндіріледі. Жыл басынан салаға 203,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге ұлғайған.
Бұдан бөлек өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Бұл ретте 32,5 мың кәсіпкерге екінші деңгейлі банк секілді қаржы институттарымен 289,8 миллиард теңге несие берілген. Олардың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1218 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға артса, бұл 765,5 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ Үкіметтің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылған. Келесі кезекте аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар туралы айтты. Сөзінше, бұл саладағы жалпы өнімнің көлемі – 458,5 миллиард теңгені құрап, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы – 640 мың гектарға жеткен.
«Өңірде 3,3 миллион тонна өнім жиналды, оның ішінде 283 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 миллион тонна көкөніс дақылдары, 207 мың тонна картоп пен 389 мың тонна бақша дақылдары. Қант қызылшасы алқабының 88,1 пайызы жиналып, 207 мың тонна өнім алынды. 762 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 5,6 пайызды құрады. Мал шаруашылығында ет өндірісі – 2,7, сүт – 1,6 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Пияз экспорты бойынша облыс көшбасшылар қатарында. 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында биылғы жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды», – деді облыс әкімі.
Еске салайық, өңірде 66,5 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында 37,2 миллиард теңгеге 625 шақырым болатын 322 су нысандары қайта жаңартылуда. Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 184 миллиард теңге есебінен 2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарлануда. Облыста су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында құны – 10 миллиард теңгені құрайтын «Аkplas Кazakhstan» тамшылатып суару қондырғыларын шығару зауытының құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар «КазКаспиГидроСельхозТехнология» серіктестігімен 2,8 миллиард теңгеге тамшылатып суғару жүйесінің өндірісі іске қосылды.
Өндіріс жылына 12 мың гектарды суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндігін береді. Сондай-ақ облыс әкімі аймақтағы тұрғын үй мәселесі туралы да есеп берді. Атап өту керек, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Мәселен, жыл басынан бері 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінгі таңда 2 190 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1200 пәтерлі 20 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ал көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 710 пәтер сатып алу көзделуде.
Бұдан бөлек биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтылмақ. Бүгінгі таңда күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Өңірімізде жыл соңына дейін 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен және Тараз бен Шу қалаларының 9 тұрғын алқабы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал газдандыру аясында облыстың 6 ауданында 20,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, газбен жабдықтау деңгейі 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін артқан. Қазіргі күні облыс қалаларында жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымға тең. Мұндағы тозу жағдайы – 54 пайызды құрайды.
Осы жылы Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралін жаңғырту және жаңа мөлтек ауданында жылу желілерін кеңейту бойынша жұмыстар аяқталды. Қаратау қаласында мазут шаруашылығы және орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өткен. Сонымен қатар Тараз қаласында М-3 жылу желілерін жаңарту жүргізіліп, жоспарланған 1,4 шақырымның 0,7 шақырымында жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жылу желілерінің тозу деңгейі – 53 пайызға дейін төмендейді. Брифинг барысында аймақ басшысы көліклогистика саласын жаңғырту бойынша өңірде жүзеге асып жатқан жол құрылысы жобаларын да атап өтті. Жалпы, облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 10 мың шақырымды құрайды.
Биылғы жылы автожол саласында 182 жобаны іске асыруға 28 миллиард теңге бөлініп, 460,2 шақырым жол құрылысы қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі – 99,5 және көше-жол желісі – 89 пайызға дейін жеткізілмек. Мұнан соң облыс әкімі екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар Тараз қаласын дамыту жоспарына да тоқталды. Бұл күні облыс орталығындағы Абай даңғылының бойында теміржол арқылы өтетін автомобиль қозғалысына арналған жол өткелі болатын көпір құрылысы жалғасуда.
– Жобаны іске асыру Тараз қаласының тұрғындары үшін көлік логистикасын едәуір жақсартуға, автокөлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін көлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй алқаптарының қала орталығымен көлік байланысын қамтамасыз ету үшін 50 шақырым автомобиль жолдары салынып, ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын 3 көше қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолдары жабдықталса, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделді. Соңғы екі жылда 271 заманауи автобустар сатып алынып, қалалық автокөлік паркі 82 пайызға жаңартылды. Ғимараттардың сыртқы сәулеттік келбетіне бірегей және заманауи талаптарды қалыптастыру аясында 15 ескі көпқабатты үйлердің сырты қайта жаңғыртылды. Көпқабатты үйлердің ауласында 27 балалар ойын алаңшалары орнатылып, 514 аула мен 85 көшеге жарық шамдары жүргізілді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 16,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұдан бөлек өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 57,3 мың жұмыс орны құрылса, оның ішінде 40,4 мыңы – тұрақты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 42,8 мың адам қамтылған. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайызды құрап отыр. Сәйкесінше, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 29,5 пайызға қысқарған.
Биылғы жылы әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 46,6 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге артық. Бұл күнде Тараз қаласы мен барлық аудандарда 11 отбасыларды қолдау орталықтары ашылған. Онда өмірлік қиын жағдайға тап болған 826 отбасыға көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін бюджеттен тыс қаржы есебінен Тараз қаласында 200 орындық жаңа белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жоспарлануда.
Білім саласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 25 миллиард теңгеге 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан 7-і пайдалануға берілсе, оның 4-уі «Келешек мектептері» жобасы аясында жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін тағы 7 нысан құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, 1 үш ауысымды, 3 оқушы орны тапшылығы бар және 3 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек. Осы жылы 16 білім нысанын күрделі жөндеуге 11 миллиард теңге бөлініпті. Ал «Адал азамат» білім беру бағдарламасы аясында облыстағы 22 мектеп бірыңғай дизайн-кодына (брендбук) көшіп үлгерген. Өңірімізде биылғы жылы 4,1 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде.
Есепті кезеңде 11 қалалық медициналық мекеме 1,5 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ал 6 миллиард теңгеге 32 бірлік медициналық жабдықтар сатып алынған. Бұл – диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасы мен ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау инфрақұрылымының тозу жағдайы 42 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 92 пайызға дейін жеткен. Облыста ТМД елдерінде аналогы жоқ жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бірегей жоба іске асырылды. Онда 22 медициналық мекемесі бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілген. Қазірдің өзінде дәл осы жүйенің көмегімен 2264 адам тексеруден өткен. Облыс әкімі брифингте дене шынықтыру және спорт саласындағы жұмыстарға да тоқталды.
Айтуынша, 3,1 миллиард теңгеге 21 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл күнде 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңдары пайдалануға берілген. Нәтижесінде, халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі – 70,8, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі – 41,9 пайызға дейін жетіпті.
– Облыс спортшылары жыл басынан бері түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1534 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 488-і алтын, 492-і күміс және 554-і қола. Айрықша атап өтетін жайт, Токио қаласында өткен дүниежүзілік деңгейдегі XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына біздің өңірден 12 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Тараз қаласында 3,5 миллиард теңге бюджеттен тыс қаржы есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталды, – деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек цифрландыру бойынша нақтылай түссек, елді мекендерді интернетпен қамту мәселелері кеңінен сөз болды. Есепті кезеңде облыста мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілген. Сонымен қатар 207 миллион теңгеге 16 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі – 79,5 пайызға жеткен. Биылғы жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,1 миллиард теңгеге 186 үйірмеде 5,9 мың бала қамтылды. Ал туризм саласында 6 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. 1,2 миллиард теңгеге 3 туристік нысанға ұзындығы – 34,8 шақырым автомобиль жолдары салынған.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірдегі 353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 148 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне жеткізілді. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 антенналық-діңгекті құрылғылардың құрылысы жүргізілуде. 2026 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылу деңгейі – 90 пайызды құрайды деген жоспар бар. Бұдан өзге жаңа базалық станцияларды орнату кезінде тағы 19 елді мекенде интернет желісінің сапасы 4G деңгейіне дейін арттырылып, Тараз қаласында 5G-мен 45 базалық станция іске қосылды.
Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 96 сергек және 800 бейнебақылау камерасы орнатылғанын тілге тиек етті. Сөзінше, биыл 384,9 миллион теңгеге 17 дана мамандандырылған автокөлік құралы сатып алынған. Сондай-ақ төтенше жағдайлар саласында 18 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы сатып алынса, 23 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылған. Атап өтерлігі, осы жылы Талас, Сарысу және Қордай аудандарында өрт сөндіру пункттері ашылды. Ербол Қарашөкеев қарапайым халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назарда екенін жеткізді. Айталық, есепті кезеңде 54 мың өтініш тіркеліп, оның 70 пайызы оң шешімін тапқан.
Биыл облыстың 150 елді мекенінің жай-күйіне қаныққан өңір басшысы 21 рет жеке қабылдау өткізіп, 272 азаматтың мұң-мұқтажын тыңдапты. Брифинг соңында масс-медиа өкілдері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке көкейлерінде жүрген өзекті сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




