«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт саулығы - бәрінен биік!

Ұлт саулығы - бәрінен биік!
Автор
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтікдиагностикалық орталығын – біздің облысымыз бен қаламыздың көптеген тұрғындары жақсы біледі. Мекеме қарапайым халық арасында «Қалалық аурухана» деген атаумен таныс. Аурухана қазіргі заманауи тілде 24/7 тәулік бойына медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта облыстағы ең ірі медициналық кәсіпорын санатына кіреді.

Қалалық аурухана 1960 жылы ұйымдастырылып, сол кезеңдегі Тараз қаласы мен облыс тұрғындарына көпбейінді мамандандырылған медициналық көмек көрсететін облыстың ең ірі емдеу мекемелерінің бірі болған. 1960 жылдың басында аурухананың төсек қоры 200 төсекті құрап, оның құрамында жалпы терапиялық, инфарктік, емханалық бөлімшелері жұмыс атқарған. 1962 жылы қосымша: перзентхана, гинекологиялық, инфекциялық бөлімшелерімен толықтырылды. Ал 1964 жылы оның құрамына хирургиялық бөлім қосылды. Аурухананың алғашқы бас дәрігері Жамал Аппасова осы қызметті 11 жылдан астам уақыт атқарып келген. Содан кейін облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республиканың жоғары дәрежелі еңбек сіңірген дәрігері атағының иегері. Ауруханамыз 60 жылдан астам тарихында өзінің құрылымында көптеген өзгерістерді бастан өткерген, қала мен облыс халқының өсуі мен медицинаның дамуына сәйкес, жаңа бағыттағы бөлімшелер ашылған. 2016 жылы аурухана жаңа ғимаратқа көшірілді. 2020 жылы үш медициналық мекеме – бірінші, екінші қалалық ауруханалар және қалалық перинаталдық орталығы қосылып, қалалық көпбейінді ауруханаға біріктірілді.

Қазіргі уақытта, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығы Тараз қаласы мен облыс тұрғындарына білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін 570 стационарлық төсек орынды және 66 орындық күндізгі стационарға арналған көпсалалы емдеу мекемесі. Бұдан басқа, аурухана құрамында қалалық жарақат пункті жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ауруханада нақты 1155 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 170 дәрігер, 509 орта медициналық персонал, 341 кіші медициналық қызметкер және 135 әкімшілік-шаруашылық қызметкер бар.

Аурухана құрылымында 31 бөлімше, оның ішінде 20 клиникалық және 11 қосалқы параклиникалық бөлімше қызмет көрсетеді. Клиникалық бөлімшелерге 15 төсек орынды №1 анестезиология, реаниматология және қарқынды емдеу бөлімшесі, 9 төсек орынды №2 анестезиология, реаниматология және қарқынды емдеу бөлімшесі, 45 төсек орынды гинекологиялық бөлімшесі, 40 төсек орынды хирургиялық бөлімшесі, 35 төсек орынды нейрохирургиялық бөлімшесі, 40 төсек орынды травматология және ортопедия бөлімшесі, 28 төсек орынды неврологиялық бөлімше, 57 төсек орынды қайта қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі, 15 төсек орынды құлақ, мұрын, тамақ бөлімшесі, 26 төсек орынды жалпы терапия бөлімшесі, 40 төсек орынды инсульт орталығы, 15 төсек орынды жақ-бет хирургиясы және хирургиялық стоматология бөлімшесі, 29 төсек орынды нефрологиялық бөлімшесі,42 төсек орынды урологиялық бөлімшесі, 27 төсек орынды күйік емдеу бөлімшесі, 67 төсек орынды пульмонология бөлімшесі, 48 төсек орынды күндізгі стационар бөлімшесі, 18 төсек орынды күндізгі стационар-гемодиализ бөлімшесі, 40 төсек орынды паллиативтік көмек көрсету бөлімшесі, 24 орындық шаруашылық есеп бөлімшелері жатады. Аталған бөлімшелердің кейбіреулері облыс бойынша бірегей бөлімше болып саналады.

Параклиникалық бөлімшелер де бар. Олар қабылдау бөлімшелері, жарақат пункті, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету бөлімшесі, операциялық блок, клиникалық диагностикалық, бактериологиялық, цитологиялық зертханалар, сәулелік диагностика, физиотерапиялық, госпитальдық фармакология бөлімшелер болып бөлінеді. Жыл сайын біздің ауруханаға 100 мыңға жуық адам медициналық көмекке жүгінеді. Оның 25 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылады және бұл көрсеткіштің өсу бейімділігі жоғары.

Жылына жедел медициналық көмек көрсету пакетінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету пакетінде 13 мыңға жуық операция жүргізіледі. Біздің стационардың басым бағыттарының бірі инсульт қызметін дамыту. Осылайша, рентгендік ангиографиялық жүйесі қызметінің арқасында алдын-алу бағдарламасы аясында ауыр цереброваскулярлық аурулары бар науқастарды жоғары технологиялық емдеуге, сондай-ақ инсульт пен жүйке жүйесінің басқа ауруларын қарауға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар ангиографиялық жүйе гинекологиялық операцияларда, урологияда кеңінен қолданылады.

Ендігі кезекте аяқ диабеті көрсеткішіндегі төменгі аяқ тамырларының баллондық кеңеюін енгізу жоспарлануда. Біздің стационардың жарақат бөлімшесінде жоғары мамандандырылған хирургиялық операциялар жүргізіледі. Урологияда бүйрек пен зәр шығару жолдарының тастарын экстракорпоральды толқынды литотрипсиялау, про стата аденомаға транс уретральды резекциясы бойынша операциялар жасалады. Фиброэзофагастродуоденоскопия арқылы өңеш пен асқазанның кеңейтілген тамырларынан қан кетуді байлау бойынша жаңа хирургиялық операциялар одан әрі енгізілуде, эндоскопиялық папилосфинктеротомия, өт жолдарынан тастарды алып тастау, холедохты стенттеу сияқты кіші инвазивті хирургиялық операциялар сәтті дамуда.

Оториноларинголог дәрігерлер риноскопиялық жабдықтардың көмегімен жасалатын операцияларды енгізуде. Күйік емдеу бөлімшесінде күйіктен кейінгі контрактураларды жою ғана емес, сонымен қатар косметикалық ақауларды болдырмау үшін пластикалық операциялар да жасалады. Соңғы онжылдықта пациенттерді оңалтуға көп көңіл бөлінуде, осыған орай біздің ауруханада инсульттан немесе жарақаттан кейін науқастардың қалыпты өмірге оралуына көмектесетін қайта қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі қызмет көрсетеді.

Стационарда облыста алғашқылардың бірі болып госпитальдық фармакология бөлімшесі ұйымдастырылған, бұл дәрілік заттарды тиімді және үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Екінші жыл өзіміздің бактериологиялық зертханасы жұмыс істейді, ол қысқа мерзімде флораны және оның бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығын анықтауға және сәйкесінше оңтайлы антибиотикалық терапияны таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар біздің мамандар ауыр және түсініксіз жағдайдағы науқастар бойынша кеңес беру үшін облыстың аудандарына іссапарға барып тұрады. Егер пациентке шұғыл операция жасау қажет болса, оларды сол жерде жүзеге асырады. Ал егер бұл мүмкін болмаса, науқастар біздің ауруханаға жеткізіледі.

Уақыт талабына сай біздің мамандарымыз үнемі курстардан өтіп, өз білімдері мен дағдыларын тек республикамыздың жетекші клиникаларында ғана емес, жақын және алыс шетелдердегі клиникаларда да арттырады. Қалалық аурухана ұжымы әрі қарайда қазақстандық медицинаның туын жоғары көтеріп, ұлт денсаулығын қорғауды жалғастыра береді.

Қорытындылай келе, сөзімді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлт денсаулығы – еліміздің өркендеуінің негізі» деген сөздерімен аяқтағым келеді.

 

Хамит МҰРЗАҚАСЫМОВ

қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының бас дәрігері.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар