«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сот ісін жүргізуде қазақ тілінің үлесі қалай?

Сот ісін жүргізуде қазақ тілінің үлесі қалай?
Автор
Ата заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Демек, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі айшықталып бекітілген. Мемлекеттік тіл – сол мемлекеттің бүкіл азаматтарының ортақ тілі, оның мемлекеттік тіл деп аталуы да сол себепті. Ендеше, біз осы ұғымды ардақтауға, оның мәртебесін көтеруге міндеттіміз, ардақтамасақ, көтермесек, жауаптымыз.

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің қоғамның қай саласын алмасақ та, сол салаларда даму деңгейі, сол тілде іс жүргізу (сөйлеу, хат алмасу, шешім шығару) және оны қолдану аясында туындап отырған мәселелері бүгінгі күні кең мағынада зерделеуді талап етіп отыр. Қазақ тілінің ахуалына көз жүгірту, оны зерттеу және зерделеу сот жүйесін де айналып өтпегені айдан анық. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4, 13-баптарына сәйкес мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл.

Иә, ұлттық рухты көтеремін деген әр қазақ, Қазақстанда мекендеген әрбір қазақстандық, еліміздің тәуелсіздігі тұсында мемлекеттік тіліміздің заңда белгіленген елдің дәрежесін аспандатып, қажеттілікке, қолданысқа еңгізуге бар күш-жігерін салса, нұр үстіне нұр болар еді дегім келеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің өркендеуіне барынша жағдай жасау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Елдігіміздің басты белгісінің бірі және бірегейі – мемлекеттік тіл болса, ал оның тағдырын жеке адамдар, топтар шешетін жай шаруа емес. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қажеттілігін тудыру сияқты ой-пікірлер, үгітнасихаттар бүгінгі күні аз айтылып жатқан жоқ.

Мемлекеттік тіліміздің дамуы мен нығаюына бағытталған заңдар қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар дайындалып, сол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспарланып, атқарылып келеді. Дегенмен де, қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қолданудың айналасындағы айтыс-тартыстар мен көптеген ой-пікірлер осы уақытқа дейін толастамай келеді. Өйткені тіл мәселесі – елімізде аса маңызды да, ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондай-ақ тілді таңдау, әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сот істерінің мемлекеттік тілде жүргізілуі арыздардың сотқа қай тілде берілуіне байланысты. Сот ісінің қазақ тілінде жүргізілу төмен көрсеткішін тек қана соттардың кінәсінен деп сынға алуға болмайды. Көбіне талап қоюшылар арыздарын орыс тілінде береді.

Арызданушылар сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса немесе уәкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот органдары мемлекеттік тілде жүргізуге толық мүмкіндігіміз бар. Мемлекеттік тілді білу, оны жетік меңгеру – заңды уақыт талабы. Мемлекеттік тіл еліміздің бүкіл ел аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға байланысты қиындықтар сот саласына да тән. Осыған байланысты айтарым, қазақ тілінің жағдайын жақсартуды әрқайсымыз өзімізден бастағанымыз жөн.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 77-бабы 3-тармағына сәйкес, сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады. Азаматтардың сотта өз құқығын тиімді пайдалану және қорғауға халықаралық нормалармен және ұлттық заңнамамен кепілдік беріледі.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабы (бұдан былай – ҚПК) Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылады деген нормамен ашылады. ҚР ҚПК-нің осы бабының басқа да нормаларын талдау сот өндірісі тілі мемлекеттік тіл екенін айқын белгілеп, қазақ тілін білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға олардың процестік құқықтарын іске асыру мүмкіндігі аударма қызметі арқылы тегін қамтамасыз етілетіндігін айқындайды. Осы мәтінді зерделеуден аңғарғанымыз, Кодекстің әрпі де, рухы да сот ісін жүргізетін негізгі тіл – қазақ тілі екенін айғақтап тұр. Өйткені аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады деген норма бекер тұрған жоқ.

Қазақстан Республикасының Азаматтықпроцестік кодексінің 14-бабында (бұдан әрі – АПК) азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Әкімшілік істер бойынша іс жүргізу өндірісі бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

 Мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде, талап арыздарын мемлекеттік тілде емес, яғни дауласушы тараптардың басым бөлігі сотқа талап арыздарды орыс тілінде беруде. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі талап арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілін айналып өтуге тырысады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 738-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажет болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткілікті бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа тiлде мәлiмдемелер жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiш хаттар мәлімдеуге, шағымдар жасау, iс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде сөз сөйлеу, осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.

Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға басқа тiлде жазылған, заң бойынша оларға қажеттi iс материалдарын iс жүргiзу тiліне тегiн аударып беру қамтамасыз етiледi. Құқық бұзушы мен жәбiрленушiге тапсырылуға жататын процестік құжаттар олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуға тиiс. Аударма бойынша шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметтерi мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi. Қазақ тілін сотта іс жүргізуде кең пайдалануды өтетін үгіт-насихаттың уақыты аяқталды деп түсінуге болады. Нақты қадамдар, нақты шараларды пайдалану уақыты туды.

Қаншама қаулы қабылданғанда да, қаншама шешім шығарылғанда да, қаншама қаржы бөлінгенде де отандастарымыз қазақшаға құштарлығын көңілдегідей арттыра алмай отырғанымыз да соған дәлел. Мына мәселені ашық айтуға тура келеді: Қазақ тілі мәртебесі еліміздің әрбір азаматына керек болмайынша, қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Демек, мемлекеттік тұрғыда шешетін, мемлекеттік тетіктерді іске қоса отырып шешетін ең басты мәселе – қазақ тілінің қоғамда қажеттілігін қамтамасыз ету!

 

Замира СМАҒҰЛОВА

облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясым

Ұқсас жаңалықтар