«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімді әйел – берік қоғам

Білімді әйел – берік қоғам
Автор
Елімізде кешегі күннен бастап «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы жүзеге асырылуда. Бұл іс-шара елімізде Біріккен ұлттар ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясына сәйкес жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп келеді. Акция аясында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ үйі» ғимаратының мәжіліс залында «Білімді әйел – берік қоғам» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті. Оған түрлі салада білім, құқық, қоғамдық ұйымдарда еңбек етіп жүрген іскер әйелдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Қоғамда әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау облыс аумағындағы білім және ғылым саласы кәсіподағы тарапынан Ұжымдық шарт негізінде қорғалған. Жиынның ашылуында көпшілік назарына «Ғасыр жас аған ұйым» тақырыбында дайындалған кәсіподақ жұмысы туралы фильм көрсетілді. Басқосуда жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков ашып, қоғамдағы әйел рөліне кеңірек тоқтала келіп, «бүгін ұйымдастырылып отырған жиын жай басқосу емес мәндімағыналы пікір алмасу алаңы болады деген ойдамын», деп түйіндеді сөзін.

Жиын модераторы жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызметтің жетекшісі – бас инспектор Алия Джолшибекова болды. Келелі жиында баяндама жасаған Қазақстандық оқуағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының өкілі Индира Сакауова салалық кәсіподақтың еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда білім саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдердің 82 пайызға жуығын әйелдер құраса, Қазақстан кәсіподағындағы 600 мыңнан аса мүшесінің 74 пайызы әйелдер екенін атап өтті.

Осыдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, экономика, жергілікті өзін-өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Фарида Жүнісова кәсіпкерлік салада жүрген әйелдердің жетістігін тілге тиек етсе, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова отбасындағы жасырын трагедия: тұрмыстық зорлықзомбылықтың себептері мен алдын алу жайына тоқталды. Оның айтуынша, орталық 11 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталыққа жылда шамамен 280 адам көмек алуға жүгінеді екен. Мәселен, өткен жылы орталықта 71 әйелге көмек көрсетілсе, биыл 70 әйел жүгінді. Отбасындағы тұрмыстық зорлықзомбылықта көбінде зардап шегетін балалар екен. Биыл орталық тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстары аясында 68 әйел өз отбасына қайта оралып, жанұясын сақтап қалған.

Жалпы облыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсететін екі орталық жұмыс істейді. Amanat партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова «Білімді әйел ешқашан өзін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыратпайды» деген ұстанымын жеткізді. Жалпы бүгінгі күні білім саласында еңбек ететін қызметкерлердің басым пайызы әйелдер екенін, мұндай тенденция партия құрамында да байқалып отырғанын айта келіп, әлі де басшы лауазымында нәзікжандылар үле сінің төмен екенін жеткізді. Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әйелдерді кәсіпкерлікке көбірек тартуда, олардың құқығын қорғауда Amanat партиясы әрдайым көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беруге, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сөзінің қорытындысында «Білімді әйел қоғамның ғана емес, отбасының тірегі» деп түйіндеді.

Тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу аясында елімізде өткізіліп жатқан шараның бүгін екінші күні екенін атап өткен облысық полиция департ аменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы Миясар Юсупова статистикалық мәліметпен бөлісті. Оның айтуынша, биыл бұл санаттағы қылмыс 138-ден 160-ақ көбейген. Негізінен мұндай құқықбұзушылықтар 25 пен 40 жас арасындағы отбасыларда орын алған.

«Бізге қойылып отырған талап, мүмкіндігінше отбасының бұзылуына, екі жастың ажырасуына жол бермеу. Осы мақсатта біз дағдарыс орталығына жүгініп, олармен бірлесе жұмыс істеп, түсініспеушілік орын алған отбасын сақтап қалуға күш салудамыз. Орталыққа қайырылған отбасылардың көбі кейін қайта жарасып кетуде», деді инспектор.

Сондай-ақ ол бүгінгі күні тұрмыстық зорлық-зомбылық қатарына цифрлық технологиялар арқылы жасалатын зорлықзомбылықтың артып келе жатқанын өкінішпен жеткізді. Келесі қатысушылар әйел құқығының ҚР Еңбек кодексімен қорғалуы, Білім беру саласындағы әйелдердің әділетті, қауіпсіз қоғам құрудағы рөлі жайлы сөз қозғалды. Ал жиын модераторы Алия Джолшибекова Еңбекші әйелдер-кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктеріне тоқталды.

Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, қатысушылар кеңінен пікір алмасты. Дөңгелек үстелді жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар