Бүгінгі таңда антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің жандануына байланысты «тілдік тұлға» мәселесі қарқынды түрде зерттеліп келеді. Тілдік тұлға субъектінің тілді меңгеру деңгейі, сөйлеу қабілеті, сөздік қоры туралы мәлімет беріп ғана қоймай, мәдениет пен ойлаудың, ұлттық сана мен коммуникацияның тоғысында қарастырылып келеді. Тілдік тұлға өз бойына халықтың менталитетін, мәдени кодтарын, бағалау жүйесін, стереотиптері мен құндылықтарын жинақтайды.
Соған орай тілдік тұлғаның дүниетанымы мен ұстанымына айрықша мән беріліп, этномәдени болмысты сақтай отырып, тарихиәлеуметтік тәжірибені суреттейтін күрделі лингвомәдени феномен рөлінде зерттеудің маңызы зор. Сондықтан тілдік тұлғаны құрылымды аксиологиялық, вербалды және прагматикалық, когнитивтік дәрежелерде сипаттау қарастырылады. Қазіргі таңда тілдік тұлғаның дүние танымын белгілі бір кезеңнің ұлттық-мәдени сипатын жеткізуші деп тану және зерттеу басты бағыттардың бірегейіне айналды.
Әр ұлтқа тән тілдік тұлға дара идиоглоссалары мен концептосферасы, дискурсивтік стратегиялары негізінде айшықталады. Соған сай тілдік тұлғаны ұлттық-мәдени феномен деп қарастыру тілдің және мәдениеттің өзара байланысын тануға, ұлттық сана мен рухани мұраны ұрпаққа жеткізудің ғылыми негізін айқындауға жол ашады. Тілдік тұлғаның ұлттық-мәдени феномені Шерхан Мұртазаның шығармашылығы бойынша зерттеу жүргізуіміздің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, публицист, аудармашы, редактор, өз дәуірінің қоғамдық ойын қозғауға зор ықпал еткен тұлға, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның Халық жазушысы (1992), Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1995). Шерхан Мұртаза Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, елдің рухани және мәдени дамуына белсенді араласты. Ол ұлттық мүдде, тіл, жер мәселелерінде батыл пікірлер айтып, қоғамда ерекше беделге ие болды. Шерхан Мұртазаның шығармалары мен қоғамдық қызметі қазақ халқының рухани байлығын арттырып, ұлттық сананы оятуға айрықша ықпал етті.
Сөз зергерінің шығармаларында ұлттық болмыспен қатар азаматтық ұстанымы да айқын көрініс тапты. Соған сәйкес зерттеу жұмысымызда қаламгердің көркем, публицистикалық, философиялық, саяси дискурстары талданып, тілдік тұлғаның когнитивтік, семантикалық, прагматикалық, аксиологиялық қырлары айқындалды. Зерттеудің өзектілігін бүгінгі таңда антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің жандануы, тіл білімінде дискурсты түрлі қырынан зерттеуге бағытталған жаңа бағыттардың дамуы, пәнаралық зерттеулерге деген қызығушылықтың артуы, Шерхан Мұртазаның тілдік тұлғасы бойынша іргелі лингвистикалық зерттеулердің болмауы, Шерхан Мұртаза тұлғасының этномәдени маңызы жоғары болуы сияқты фактормен негіздеуге болады.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Ш. Мұртазаның мұрасын зерттеу қажеттігі қазіргі қоғам мен жеке адамның рухани кеңістігіндегі өзекті мәселелермен сабақтас. Сөз зергерінің мұрасын ғалым, жазушы, педагог, философ, қоғам қайраткері, баспагер, редактор ретінде әлеуметтік-кәсіби синкретизм тұрғысынан, ұжымдық әдеби шығармашылық өкілі ретінде топтық репрезентативтік қырынан қарастыру қажет.
Бұл орайда Шерхан Мұртазаның тілдік тұлғасын көп дискурсты тұлға ретінде сипаттай отырып, сөз зергерінің бойынан типтік және даралық белгілерді айқындау көзделді. Тақырыптың өзектілігін осы тұрғыдан да негіздеуге болады.
Сонымен қатар зерттеу тақырыбының өзектілігі дискурстық әрекет, дискурстық тәжірибеге ерекше көңіл бөлінумен де байланысты. Себебі бүгінгі таңдағы лингвистикалық зерттеулерде тілдік (сөйлеу, мәтіндік) материалды талдауда когнитивтік-дискурстық әдіс басты орынға шығып отыр. Зерттеу жұмысында дискурс ғылымдар тоғысында – лингвистика мен әлеуметтану ғылымының тоғысында қарастырылады.
Осы уақытқа дейін Шерхан Мұртазаның шығармашылығын талдаған еңбектер болғанымен, сөз зергерінің дискурстық әрекеті, дискурстық тәжірибесі әртүрлі ғылыми парадигмалардың өзара ықпалдастығына негізделген кешенді зерттеу нысаны бола қоймады. Шерхан Мұртаза дискурсының жүйелі реконструкциясы жүргізілмеді.
Шерхан Мұртазаның дискурсын мәдени-әлеуметтік контексте қарастыра отырып, коммуникативтік әрекетімен, діттемімен, пресуппозиция мәселелерімен байланыстыра зерттеудің маңызы зор. Бұлайша зерттеу жекелеген тілдік тұлғаның ғана емес, жазушы еңбек еткен кезеңнің ерекшелігін көрсете алады. Зерттеу жұмысы лингвоперсонология, дискурсология және когнитология салаларын дамытуға үлес қосады, тілдік тұлғаның құрылымы мен типологиясы туралы теорияны кеңейтеді.
Көп дискурсты тілдік тұлғаны талдаудың теориялық және әдіснамалық базасын байытады. Зерттеу нәтижелері «тілдік тұлға», «дискурс», «концептосфера», «когнитивтік модель», «идиостиль» және сол секілді ұғымдардың ұлттық негізде зерделенуіне үлес қосады. Көп дискурсты тілдік тұлға портретін жасау барысында ұсынылған қағидаттар коммуникация теориясына, дискурсологияның дамуына ықпал етеді. Антроөзектік ұстаным негізінде жүргізілген зерттеу көп дискурсты тілдік тұлға портретінің ғылыми тұжырымдамасын жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындарындағы когнитивтік лингвистика және лингвоперсонология, когнитивтікдискурстық талдау теориясы және практикасы, сөз мәдениеті және қазақ әдеби тілінің тарихы, мәдениетаралық коммуникация және қазақ публицистикасының дамуы, әдебиеттану мен журналистика, мәтін лингвистикасы, қазақ терминοлοгиясы, прагмалингвистика, функциοналды стилистика секілді пәндерді оқытуда, сонымен қатар дискурс және тілдік тұлға теорияларын оқытуға арналған курстар және семинарларды дайындауда, лингвокогнитивтік модельдеуде және лингвориторикалық реконструкцияда, жанрлық сөйлеу зерттеулері мен семантика, стилистикаға қатысты еңбектерді жазуда және тағы басқа практикалық тұрғыда қолдануға бοлады.
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде Шерхан Мұртазаның тұлғасын таңдап алуымыздың тағы бір себебі – ол шетел мәдениетіне құрметпен қарады. Студент кезінен Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» және М.Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» сияқты шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар венгр халқына тән ертегі түрлері және Г.Х. Андерсеннің шығармашылығындағы әңгімелерін, Ш. Айтматовқа тән «Ботагөз» бен «Қош бол, Гүлсары», сонымен қатар «Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет» повестерін, «Боранды бекет» және «Жан пида» романдарын, Э. Эрскиннің «Марыкчан балалары» тақырыбындағы романын да ұлттық тілімізге аударған болатын. Тілдік тұлғаның көркем аудармалары туралы Н. Жүсіп Ш. Мұртазаның аудармашылық шеберлігінің көп айтыла бермейтінін, дегенмен қаламгердің шетел жазушыларының туындыларын қазақ тіліне шебер аударғанын, соның арқасында талай қазақ оқырманының әлем әдебиетімен сусындағанын атап өтеді. Ол мақалаларында да шетелдік іссапарлары туралы баян етеді.
Шерхан Мұртаза–қазақ прозасында, драматургиясында өзіндік із қалдырған, өзіндік қолтаңбасы бар жазушы. Әсіресе тарихи романдарындағы кейіпкерлер галереясы, Тұрар Рысқұловтың бейнесі қазақ әдебиетінде Ш.Мұртазаның мәңгілік мұрасы саналады. Ғ. Мүсірепов «Қызыл жебе» романындағы сюжет тұтастығын, тіл құнарлылығын сөз ете келіп, Ш. Мұртазаның Тұрар бейнесін жасауда әдебиетте бұған дейін байқалмаған адамды таңдап алуына таң қалғанын айтады. Оның себебінің де негізін ескеріп өтеді. Қаламгердің кеше өткен Тұрар образын суреттеуде көп ізденіске барғанын, авторлық жауапкершілікті, маңызы зор тақырыпқа терең дендеп енгенін атап өтеді.
Жазушының суреткерлік шеберлігі, өзіндік қолтаңбасы академик Рабиға Сыздықтың еңбектерінде де сөз болды.
«Жинақы, үнемді, астарлы тіл» атты мақаласында ғалым «Қызыл жебе» романындағы табиғат көріністерін «жазушының әрі стильдік, әрі үнемдеу құралы, әрі лирикалық үні» ретінде бағалап: «Көркем дүние – өнер әлемі лирикасыз болмайды, біз Шерхан шығармаларынан лиризм іздей қалсақ, көп тұстардан табар едік, солардың бірі – «оның табиғатты қатар сөйлетуі» деп санаймыз. Көп сөзбен баяндалатын, суреттелетін жайттарды табиғат көрінісі болып келген параллельдер кеп-келте айқындай салады, жай қатарласа салмайды, оқырманның жанын тербейді, демек өнер дүниесінің бір шартын орындауға көмектеседі. Табиғат пен адам жарасы – Шерхан Мұртаза қолтаңбасының даралық стилінің, шығармашылық мәнерінің бір белгісі, сәтті, қуатты қыры», – дейді.
Сөз зергерінің шығармашылығы, қайраткерлігі турасында Ғ. Мүсірепов, Т. Ахтанов, М. Қаратаев, Қ. Мұхамеджанов, Р. Бердібай, Д. Мыңбай, М. Мырзахметұлы, Р. Нұрғалиев, Ә. Кекілбайұлы, Ф. Оңғарсынова, Д. Исабеков, Б. Нұржекеев, Т. Медетбеков, С. Әшімбаев, К. Сегізбайұлы сынды тұлғалар жүрек жарды пікірлерін айтқан. Шерхан Мұртазаның «Табылған теңіз» атты алғаш повесі жарық көрген кезде Қазақстанның Халық жазушысы – Т. Ахтанов Ш. Мұртазаның повесть жазуға үлкен дайындықпен келгенін айтады.
Кей қаламгерлердің еш дайындықсыз, алғаш сезінген сезімін повесть ретінде қағазға түсіруімен салыстырғанда Ш. Мұртазаның мұндай жауапкершілігі ерекше көзге түскенін атап өтеді. Қаламгердің бірінші көркем туындысын жазғанша талай ел мен жерді аралағанын, көптеген қоғам мен қауымды көргенін, танығанын, елдің өндірісі мен шаруашылығымен терең таныс болғанын, қоғам өміріне өзі де белсене араласқанын назарға алады. Соның негізінде бірнеше мақалалар мен суреттемелер, очерктер жазғанын, қаламының төселгенін дөп басып айтады.
Ш. Мұртазаның алғашқы повесінің жұрт назарын бірден аударуы да жазушының осындай ерекшеліктері мен байланысты болғанын танытады. Шығармашылық кісінің ауызша сөйлеу әрекеттерінен туындаған ой-пікірлері және мәтіндеріндегі ұлттық мүдде, ел мен жер, тіл туралы мәселелерді негізді алға тартуы, публицистикалық және саяси дискурсындағы батыл тұжырымдары қоғамды елең еткізгені анық. Сондықтан Ш. Мұртаза тілдік тұлғасы жекедара ғана емес, ұлттық тіл мен сана байланысын терең тануға мүмкіндік беретін өзекті мәселеге айналып отыр.
Қаламгердің көркем шығармалары да халықтың рухани танымын арттырып, қоғамда ұлттық сана мен құндылықтарды оятуға зор үлес қосты. Ол қазақ халқының ұлттықмәдени ерекшелігімен қатар өзінің көркем мәтін жазу тәжірибесінде өзге ұлт мәдениеті мен ділін зерттеу әрі тануда белсенді қалам тербеді. Бұл тілдік тұлға танымы мен санасында қалыптасқан қазақы дүниетаныммен өзге халықтардың көзқарастарын, қағидаларын салыстыруда, ұқсастығы мен айырмашылықтарын танып, тілдік тұлғасының өзінің ұлттық қағидаларын бекітуіне мол тәжірибе берген деп есептейміз.
Мәселен, қаламгердің Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» немесе М. Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» секілді туындыларын, сонымен қатар Г.Х. Андерсеннің, венгр халық ертегілерін, Э. Эрскиннің «Марыкчан балалары» атты романын және басқаны да аударуы соның дәлелі. Қаламгердің тілдік тұлғасы мен дара тұлғалық қасиеттерін сипаттайтын Ә.Кекілбайдың «Алғадай азамат», Д. Исабековтің «Талант талғамы», О. Бөкейдің ұстазы – Шерағаңа жазғаны, Б. Нұржекеевтің «Бейнетті жолдың биігінде», С. Әшімбаевтың «Жаралы жылдар елесі», Ә. Таразидің «Ағамның екі қасиеті», Ф. Оңғарсынованың «Мен өзім де сол шекпеннің туындысымын», У. Қалижановтың «Шерхан-Шераға», Т. Медетбектің «Кескекті ердің сойы екен», Ж. Дәдебаевтың «Дара һәм дана», М.Мырзахметұлының «Қайраткер жазушы», М. Байғұттың «Шыңдағы Шерағаң», Ж. Қорғасбектің «Аңыз Шерхан», К. Сегізбайұлының «Шерағамның шекпенінің жылуы», К. Әмірбектің «Абыз адам – аңыз адам», Қ. Олжайдың «Барша қазақтың бас редакторы», Н. Жүсіптің «Шерхан – шындық», Ж. Шаштайұлының «Шерхан шеберханасы», Б. Омарұлының «Баспасөздің бас сардары» секілді тағы да басқа мақалалары мен эсселері, очерктері жарық көрген.
Демек Ш. Мұртаза тілдік тұлғасы феномен ретінде бұған дейін де қаламгерлер мен ғалымдардың назарында болған. Санадағы ойды тілді қолдану арқылы және оны түрлі формада, өзіндік стильмен беруде Ш. Мұртазаның тілдік тұлғасы көркем шығармаларының мәтіндері негізінде белсенді байқалады.
Бұл жөнінде ғалым Р. Сыздық өз пікірін білдіреді. Ғалым Ш. Мұртазаның қаламгерлік қолтаңбасының даралық стилін «табиғат пен адам жарасы» деп танып, оны жазушы шығармашылығындағы мәнер мен қуатты қыр, сәтті белгі деп тұжырымдайды. Ал қаламгер мәтіндерінің дүниеге келуіндегі тілдік тұлға ретінде жүзеге асыратын тыңғылықты жұмысы мен тілді қолдану шеберлігі туралы жазушы Т. Ахтанов та Ш. Мұртазаның көркем дискурсына аса үлкен дайындықпен келіп, өмір шындығын көркем шындыққа шебер алмастыруын, халықпен бірге күн кешіп, халық тынысын танығандығын, қаламының төселгендігі мен автордың өмір сырына қанық әрі жетіліп келгенін айтады. Демек Ш.Мұртаза белгілі бір ұлтта, қоғамда дүниеге келіп, сол ұлттың салты мен дәстүрін, әдеттерін, мәдениеті мен ділін бойына сіңіріп, санасында сақтап ғана қоймай, күнделікті қоғамдағы іс-әрекеттерге араласып, адам мен оның танымын, сана құбылыстарының сыртқы көрінісін терең зерделей барып, тіл арқылы суреттеген.
Жазушының сөздік қоры бай, лексикасы қазақтың әдеби тілімен толық, әрі қаламгер ұлттық таным негізінде ұлттық концептілерді тани білген. Ол өзінің қарым-қатынас мақсатын айқын түсінген, қатысымдық қағидаларды меңгерген, өзі бекіткен идеалды ойы және оны тіл арқылы жеткізудің амал-тәсілдерін шебер игерген. Назар аударсақ, аталған қасиеттердің барлығы тілдік тұлғаның құрылымын қайталап тұрғанын байқаймыз.
Тілдік тұлғасын талдауда оның ұлттық сана көріністерінің тілдегі сипаты, әсіресе, қаламгердің «Бір кем дүние», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» шығармалары, «Ақындар мен әкімдер» жинағындағы сын мақалалары мен публицистикалық эсселері, газет беттерінде жарияланған мақалалары мен қоғамдағы саяси мәселелер туралы ой білдірген ауызша сұхбаттары, мәжілістердегі сөздері назарға алынды. Сондықтан тілдік тұлға феноменінің когнитивтікпрагматикалық сипатын талдауда автордың көп дискурстық ерекшелігі ескеріледі.
Бұл автор ойының тіл арқылы берілуіндегі аталған когнитивтік және прагматикалық бағытын, мақсатын, ерекшелігін әр қырынан зерттеуге мол материал көзі болмақ. Жазушының лексиконы әртүрлі жанр мен тілдік тұлға сипаттарына сай алуан түрлі болып келеді. Басты концептілері мен идиоглоссалары автордың идеяларын, дүниетанымын білдіріп, тезаурус құрады. Идиостильді сипаттайтын тілдік және дискурстық құралдарға автор стилінің маркерлері және оның дискурстық стилін білдіретін құралдар жатады. Тілдік тұлғаның дискурстарындағы басты концептілер («Адам», «Патриотизм», «Рух», «Намыс» «Алла», «Тәрбие», т.б.) мен ментальдік кеңістік идиоглоссалары көп дискурсты кеңістіктің концептуалдық бірлігін құрайды.
Концептілер мен идиоглоссалар бір-біріне әсер етеді. Көптеген концептілер дискурста персонификацияланып, автордың аксиологиясын танытады. Оның көп дискурсты тілдік тұлғасының мәдени және әлеуметтік лингвистикалық сипаты сөз зергерінің дискурсында когнитивтікстильдік мазмұн арқылы көрініс табады. Зерттеу нәтижесінде Шерхан Мұртазаның көп дискурсты тілдік тұлғаға жататыны дәлелденіп, көп дискурсты портреті жасалды, тілдік тұлғаның көп қырлы тілдік болмысы нақтыланды.
Синкреттік тілдік тұлғаның дискурстық ерекшелігі сипатталып, көп дискурсты кеңістік пен дискурстық өріс үлгілері жасалды. Зерттеудің пәнаралық сипаты мен интегративтік тәсілі сапалы нәтижелерге қол жеткізуге, олардың дұрыстығы мен практикалық құндылығын дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Айнұр КЕМБАЕВА
Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
шерхантанушы, PhD доктор.
Ұқсас жаңалықтар
Таза ауыз сумен 19 елді мекен қамтылды
- 6 желтоқсан, 2025
Масылдық неге дендеп барады?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




