Электрондық дәуірдегі кітапхана: цифрландырудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 17:26
- 57
ЖИ – болашақтың емес, бүгіннің технологиясы
Бір кездері жасанды интеллект (ЖИ) тек ғылыми фантастикалық фильмдерде ғана көрінетін. Бүгінде ол – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біз оны байқамай қолданамыз: смартфондағы дауыс көмекшілері, әлеуметтік желідегі ұсыныстар, онлайн аударымдар, банк жүйелеріндегі қауіпсіздік тексерістері – мұның бәрі ЖИ технологиясының нәтижесі.
Жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгіннің технологиясы. Ол қазірдің өзінде қоғамның түрлі саласына еніп, өмір сапасын жақсартуда. Ең маңыздысы – бұл технологияны дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалану. Сонда ЖИ адамзаттың сенімді көмекшісіне айналады.
Цифрландыру ұғымы және оның маңызы
Цифрландыру– қағаз түріндегі ақпаратты электрондық форматқа көшіру, сақтау және тарату үдерісі. Бұл үдеріс кітап қорын сақтауға, сирек кездесетін басылымдарды қорғауға және оларды кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді. Әсіресе тарихи мұраларды сақтау тұрғысынан цифрландырудың маңызы зор. Мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы сирек қолжазбалар мен көне кітаптарды электрондық форматқа көшіру арқылы ұлттық мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді.
Электрондық қызметтің ерекшеліктері
Электрондық кітапханалардың басты ерекшелігі – ақпаратқа жедел әрі шектеусіз қолжетімділік. Пайдаланушылар интернет арқылы кез келген уақытта қажетті әдебиетті тауып, жүктей алады немесе онлайн оқиды. Бұл әсіресе шалғай аймақтарда тұратын оқырмандар үшін тиімді. Сонымен қатар цифрлық платформалар іздеу жүйелерінің көмегімен ақпаратты тез табуға мүмкіндік береді. Кілт сөз арқылы іздеу, мәтін ішінде нақты үзіндіні анықтау, электрондық каталогтарды пайдалану – уақытты үнемдеудің тиімді жолы.
Әлемдік тәжірибеде ірі электрондық кітапханалар табысты жұмыс істеуде. Мәселен, Library of Congress және Europeana өз қорларын цифрландырып, миллиондаған құжатты онлайн қолжетімді еткен. Бұл тәжірибе цифрландырудың жаһандық деңгейде маңызға ие екенін көрсетеді. Цифрландырудың артықшылықтары: Ақпараттың қолжетімділігі – кез келген жерде, кез келген уақытта оқу мүмкіндігі.
Қорды сақтау – сирек және көне басылымдардың түпнұсқасын тозудан қорғау. Уақыт үнемдеу – электрондық іздеу жүйесі арқылы қажетті материалды жылдам табу. Кең аудиторияны қамту – мүмкіндігі шектеулі жандарға және шалғай өңір тұрғындарына тең мүмкіндік беру. Экологиялық тиімділік – қағаз шығынын азайту арқылы табиғатты қорғауға үлес қосу.
Дегенмен, цифрландыру үдерісінің өз қиындықтары да бар. Техникалық құралжабдықтардың қымбаттығы, авторлық құқық мәселелері және ақпараттық қауіпсіздік – басты назар аударуды қажет ететін бағыттар. Сонымен қатар барлық пайдаланушының цифрлық сауаттылығы бірдей деңгейде емес. Болашақта кітапханалар жасанды интеллект, үлкен деректер және бұлттық технологиялар арқылы қызмет көрсету сапасын қазіргіден де жоғары әрі, сапалы деңгейде арттыра түседі.
Электрондық ресурстарды тиімді басқару, виртуалды көрмелер ұйымдастыру және онлайн білім беру платформаларымен ықпалдасу – кітапхана ісінің жаңа кезеңі болмақ.
Рахат КАРИМБЕКОВА
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




