«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тәуекел әр адамды төрге оздырады

Тәуекел әр адамды төрге оздырады
Автор
Аталған ауылдық округте «Бауке» шаруа қожалығы балық өсіруді қолға алыпты. Қожалық төрағасы Батихан Жомартбеков осындай күрделі де тосын шаруаға тәуекел еткен. Бұл бағыттағы жұмыс былтыр басталыпты. Төраға өзінің шаруа қожалығының меншігіндегі 5 гектар жерді ыңғайлап, екі тоған қаздырған. Ол тоғанға су шығарғаны да – нағыз табандылық. Сөйтіп, аталған екі тоғанға 15 мың балық шабағын жіберген. 15 мың шабақ деген – 15 мың балық деген сөз. Қазіргі таңға дейін жалпы 12 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның шаруа қожалық басшысы өзінің жеке есебінен шығарып отыр. Балық шаруашылығы ашылғалы 2 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылды. Қожалықтың мүшесі Нағима Пірмағанбетова да балыққа қатысты жұмысқа белсене кіріскен. Тіпті, балыққа арналған тоғанның басына шағын үй де салынған. Жаздай балықтың күтіміне келетін азаматтарға қолайлы болсын деп жасалған баспана осы. Біз барған кезде екі тоғанның суға толып тұрғанын көрдік. Шаруа қожалық басшысы Батихан Жомартбековпен әңгімеміз жараса кетті.

– Балық өсіру ісі – күрделі шаруа. Оған екінің бірі, егіздің сыңары тәуекел ете бермейді. Біз қиындығын біле отыра, осы іске бел байладық. Мемлекет басшысы былтыр үлкен маңызды жиынның бірінде балық шаруашылығын дамыту туралы айтты. Президенттің сол тапсырмасы біздің балық шаруашылығымен айналысуымызға себепкер болды. Сонымен аз уақытта бір шешімге келіп, бастап кеттік. Бұрын қолға алмаған іс қиын болады екен. Құжат жинау кезінде де, шаруашылықты ұйымдастыру кезінде де қиындықтар болды. Бірақ біз артқа шегінбедік. Тек ғана алға жүрдік. Алға жылжып отырдық. Соның нәтижесінде тоғанымыз суға толып, көңіліміз істелген жұмысқа толып отыр. Қандай істі атқарған кезде де табандылық пен тәуекел рөл ойнайды. Тәуекел әр адамды төрге оздырады. Жалпы алған кезде жұмысымыз жаман емес. Осы кезге дейін 12 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Былай қарасаң көзге де көрінбейтін жұмыс. Былай сыртынан қараған жұрт ойлайды екі тоғанды қазғаннан басқа бұл жерде қандай жұмыс бар деп. Негізі мойындайтын болсам, көзге көрінетіні де сол екі тоған. Бірақ бұл сырт көрініс қой. Сол екі тоғанды қазып шығуға да қаншама күш жігер кеткенін айтсаңшы. Оны мен жұмыс барысында сезіндім. «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, біраз істі еңсердік. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, талай жұмыс жөніне келіп жатыр. Балық қазір ұйықтап жатыр. Ол жәндіктің де ұйықтайтын, жүріп-тұратын мезгілі болады екен. Балық шабағына жаздай жем шаштық. Ең қымбат жемнің бірі балықтың демі екен. Өткенде бір балықты ұстап көрдік. Жаксы жетіліп өсіпті. Біз шабақты 40-45 грамм салмақпен тоғанға жібердік, енді бұйырса бір балық 1 килограмнан кем болмайды деп есептеп отырмыз. Сонда сәті түссе 15 тонна балық жинауға мүмкіндік туатын сияқты. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Менің бұл бастамамды аудан әкімдігі де, ауылдық округтің әкімі Нұрсұлу Лутфуллақызы да қызу қолдады. Енді тағы бір мәселе бар. Ол балықты өткеру. Тараз қаласындағы мейрамханалар мен өсіріп отырған балық түрін көп алма бермейді екен. Менің балығым майлы. Майлылығы жоғары. Бірақ басқа алымсақтар көлдің басына келіп килограмын 2400 теңгеден алуға келісіп те жатыр. Осылай өткеру бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қазір жұмыс бір жолға қойылып келе жатыр десем де болады. Көзін тапқанға балық та байлық екенін дәлелдегім келеді, – дейді ол.

Төраға Батихан Жомартбеков балық шаруашылығы ғана емес, егінмен де, мал шаруашылығымен де айналысып жүр. Қожалықта 35 жылқы, 850 қой өсірілуде. Бұл шаруа қожалық та малды өз төлінен өсіруді көздейді. Оның нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.

Ең бастысы Б. Жомартбеков басқаратын «Бауке» шаруа қожалығының ісі ілгері, жұмысы ширақ. Енді олар балық шаруашылығын дамытуда да өзгеге үлгі болатыны даусыз. Шаруа қожалығы қазіргі таңда да сапалы еңбек етуде. Сол еңбектің жемісін жейтін күндер де алыс емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар