«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Гонконг тұмауынан» сақ болыңыз!

«Гонконг тұмауынан» сақ болыңыз!
Автор
Күз бен қыс айларында жіті респираторлық вирустық инфекциясы (ЖРВИ) бас көтеретіні бұрыннан белгілі. Олардың қатарына тұмау да кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын әлемде 500 миллион адам маусымдық инфекция жұқтырады. Олардың 3-5 миллионға жуығы тұмаудың ауыр түріне шалдығып, 250-500 мың адам көз жұмады. Қазір еліміздің барлық дерлік аймағында тұмау өршіп, науқастар әдеттегіден әлдеқайда көбейді. Кейбір өңірлердегі балалар ауруханасында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг жөнінде ғылыми-практикалық орталықтың хабарлауынша, Қазақстанда жылына 1 миллионнан астам адам тұмау немесе ЖРВИ жұқтырады екен. Олардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл сандар аурудың қаншалықты кең таралғанын көрсетіп қана қоймай, көпшіліктің бұл аурудың сақтық шараларына салғырт қарауынан орын алады. Мысалы, биыл қыркүйектен бастап қазірге дейін елімізде ЖРВИ-дың 1278745 жағдайы тіркелген. Бұл эпидемиологиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмен көрсеткіш. 30 қазан мен 30 қараша аралығын алсақ, республикада 150605 ЖРВИ жағдайы анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлықэпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, елімізде жыл сайын күз, қыста айналымда жүретін маусымдық вирустың А (H3N2) типіндегі тұмаудың 304 жағдайы зертханада расталып отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 173 жағдай тіркелген.

Биыл тұмау циркуляциясы өткен эпидемиологиялық маусымға қарағанда ертерек басталды. Былтыр алғашқы жағдайлар қарашада анықталса, биыл қазан айының басында белгілі болып отыр. Дүрлігуге себеп жоқ, өйткені H3N2 (А тұмауы) тұмау вирусы жаңа штамм емес. Ол жыл сайын айналымда болатын А тұмауының маусымдық түрі. Әдетте әр эпидемиологиялық маусымда кездеседі. Вирустық инфекциялар ең алдымен тыныс жолдарын зақымдайды.

Аурудың түрі жеңіл болуы мүмкін, бірақ бұл әрдайым солай өтеді деген сөз емес. Кейбір адамдар үшін тұмау мен ЖРВИ ауыр түрде өтіп, түрлі асқынуларға (пневмония – өкпе қабынуы, бронхит, гайморит және т.б.) алып келуі әбден мүмкін. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, 60-65 жастан асқан қарттар, созылмалы ауруы бар науқастар мен медицина қызметкерлері арасында қауіп үлкен. Бұл топтағы адамдар үшін тұмау жай ғана маусымдық ауру емес, күрделі зардаптарға әкелуі мүмкін қауіпті инфекция.

Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу немесе бітелуі, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, әлсіздік. Ал балаларда бұған қосымша құсу, іш өту, тырысу, кей жағдайда өкпенің қабынуы сияқты ауыр белгілер қосылады. Мұндайда дер кезінде дәрігерге жүгіну – басты талап. Өзін-өзі емдеуге тырысу немесе «өзі өтеді» деп қарау жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін. ЖРВИ көзі, соның ішінде тұмау-жөтел, түшкіргенде вирусты шығаратын ауырған адам. Науқас аурудың алғашқы сағаттарынан бастап 3-5 тәулікке дейін жұқпалы болады. Тұмау жүрек-қантамыр және жүйке жүйелері тарапынан асқынулармен, пневмония, бронхиттердің дамуымен, негізгі аурулардың (қант диабеті, созылмалы абструктивті бронхиттер) асқынуымен қауіпті.

Жоғары тәуекел топтарда туындаған асқынулар әлсіз балаларда, қарт адамдарда, жүкті әйелдерде, жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарда жиі байқалады. Тұмауға адамдардың барлық жас санаттары сезімтал, сырқат адамнан-адамға тез жұғады. Биыл бұл инфекция уақытысынан бұрын жетіп, халық арасында жедел тарай бастады. Тіпті базбір өңірлерде эпидемияға айналды десек те болады.

Бүгінгі таңда түрлі топ ЖРВИ қоздырушы 200- ден аса вирустың түрі (парагрипп вирусы, тұмау вирусы, аденовирус, риновирус, энтеровирус, т.б.) бар екені белгілі. Тұмау – эпидемиялық маңызы бар ЖРВИ түрі. Биыл ел арасына тарай бастаған тұмау (грипп) «гонконг тұмауы» деп танылып отыр. Гонконг тұмау вирусы A (H3N2) 1968 жылдан бері мезгілмезгіл әлемде тіркеліп келеді.

Бұл аурулардың даму белгілерін алғашқы сатысында байқаудың маңызы зор. Себебі, ол дер кезінде тұмауды емдеумен қатар, айығуға көмектеседі. ЖРВИ мен тұмауды емдеудің өз ерекшеліктері бар. Сондықтан, уақытылы дәрігерге жүгіну өте қажет. Әсіресе жас балалар арасында ЖРВИ өте ауыр өтеді. Олардың дене қызуы 39 градусқа дейін жетіп, жөтелі жиілеп, мазасы кетіп, әлсіздік дамып, іші өтіп, денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіреді. Осы есте болғаны дұрыс. Тұмау мен басқа да ЖРВИ-дан қалай сақтану керек?

– Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, соның ішінде толыққанды ұйқы, мүмкіндігінше дұрыс тамақтану. Көбірек көкөністер, жемістер, табиғи шырындарды пайдалану керек.

– Дененің жоғары қызуы мен жөтел белгілері бар адамдармен жақын байланыста болмау керек.

– Қолды мұқият және мүмкіндігінше жиі сабынмен немесе құрамында кемінде 60 пайыз спирті бар гель-антисептикпен жуыңыз.

– Мұрынды шаруашылық қара сабынды қолдана отырып жуыңыз. Халық құралдарында қолдану: пияз, сарымсақтың буымен демалу керек. Оксолин жақпасын пайдаланыңыз және дәрумендер қабылдаңыз. Егер үйде ЖРВИ, тұмау ауруы пайда болса, не істеу керек?

– Науқасты жеке бөлмеге оқшаулау.

– Ауызды және мұрынды жабатын бетперде (маска) киіңіз.

– Науқаспен бір бөлмеде болсаңыз, сақтықты сақтап, мезгіл-мезгіл қолды сабынды сумен жуыңыз.

– Бөлмені жиі желдетіңіз, жуу құралдарын қолдана отырып, сапалы ылғалды жинауды уақытылы өткізіңіз, соның арқасында қоздырғышты шаңмен, кірмен бірге механикалық шайып, оңтайлы температуралық режимді ұстаңыз.

– Жөтелгенде және түшкіргенде науқас «Респираторлық этикетті» сақтау керек. Мұрын мен аузын бір рет қолданылатын сулықтармен (орамалмен) жауып, қолданғаннан кейін оны қоқысқа арналған шелекке тастау керек, сондай-ақ, әсіресе жөтелгеннен немесе түшкіргеннен кейін қолды жиі сабынмен жуу керек.

– Адам көп шоғырланған орындарға бармауға, мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен емес, жаяу жүруге тырысыңыз. Жөтел мен түшкіру кезінде вирус 10 метр қашықтықтан да таралатынын есте сақтаңыз.

– Тұмаудың өршу кезінде вирустан қорғанудың маңызды компоненттеріне: дәруменге бай азықтүлікті пайдалану, қажетті мөлшерде су ішу мен тынығу жатады.

– Бетперде тағу, қоғамдық орындарға барған соң қолды тазалап жуу, жөтел кезінде ауызды жабу, ғимаратты жиі тазалау мен желдету сынды санитарлық-гигиеналық режімді ұстану жатады. Бетпердені ауырған адам да, қасындағы азаматтар да тағуы тиіс.

– Көкөніс, жеміс-жидек немесе құрамында жеткілікті дәрумендер бар басқа өнімдерді, әсіресе, аскорбин қышқылын пайдалану. Егер тумаудың белгілері біліне бастаса, уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Толыққанды жүргізілген ем ғана ЖРВИ мен тұмаудан айығуға мүмкіндік береді.

Тұмауды қалай емдеу қажет? Бұл сауалға жауапты тек маман ғана бере алады. Ешқашан өзіндік ем жасауға тырыспаңыз. Себебі, ЖРВИ мен тұмау белгілері бір-біріне ұқсас.

 

Толқын АЙМАХАНОВА

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледждің оқытушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар