«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәрігерге жүгінгенде нені ескерген жөн?

Дәрігерге жүгінгенде нені ескерген жөн?
Автор
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ұлт саулығын нығайту бағытындағы басым міндеттер белгіленді. Бұл бастамалар тұрақты және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға негізделген. Оның ішінде әрбір азаматтың қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі қызмет етуде.

Адам болғандықтан басымыз ауырып, балтырымыз сыздамай тұрмайды. Ондай кезде, әрине, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Бүгінде заман ағымына сай медициналық көмек көрсетудің талаптары біраз өзгерістерге ұшырады. Әр тұрғын жергілікті емханаға тіркеуге тұру керек. Амбулаториялық тексеру, қажетті медициналық көмек, созылмалы дерттермен ауыратын пациенттердің денсаулығын диспансерлік бақылау, баз бір аурулардың (мысалы, онкологиялық аурулардың) алдын алу мақсатында жүргізілетін жоспарлы скрининг-тексеру, жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану мақсатында егілетін екпе-вакцинация және тағы басқа шаралар сол емдеу мекемесінде жүргізіледі.

Қазіргі таңда медициналық көмек екі бағытпен жүргізілуде: біреуі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы болса, екіншісі – медициналық көмектің кепілді көлемі (МККК). Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі (ТМККК) медициналық-санитариялық алғашқы көмектің базалық пакеті сақтандыру мәртебесіне қарамастан науқас медициналық ұйымға жүгінген кезде медициналық көмек ала алады. Бірақ көпшілік арасында әлі де түсініспеушілік басым. Содан әр дәрежеде айқай-шу, арыз туындап жатады. «Мен емханаға бармаймын және МӘМС-ті пайдаланбаймын», «Учаскемді де, дәрігерімді де білмеймін, олар мені іздемейді де».

Өкінішке қарай кейбір азаматтардан осындай пікірлерді естіп жатамыз. Енді біреулер тегін медициналық көмекті алу қиын, оған көп уақыт пен күш кетеді деп есептейді. Осыған орай, емханаға не үшін бару керек және МӘМС жүйесінің мүмкіндіктерін қалай пайдалануға болатынын зерттеп білдік. Емханада тіркелген азаматтарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсетіледі. Бұл – медициналық көмектің базалық деңгейі. МСАК тіркелген тұрғындарды есепке алады, профилактикалық тексерулер өткізіп, флюорографияға (өкпені рентгендік тексеру) түсіреді.

Ауруларды ерте сатысында анықтауға, созылмалы науқастардың жағдайын бақылауға, асқынулар мен шұғыл госпитализацияны болдырмауға, жалпы халық денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауға көмектеседі. Сайып келгенде, МСАК – сіздің учаскелік дәрігеріңіз және сіз тіркелген емхана. Кез келген денсаулыққа байланысты алғашқы шағымдар пайда болған кезде, профилактикалық мақсатта немесе бақылау үшін сол емханаға жүгінесіз. Сондықтан өзіңіздің қай емханаға тіркелгеніңізді және дәрігеріңіздің кім екенін білгеніңіз жөн.

Енді біздерге, медицина қызметкерлеріне жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп көрелік. Учаскелік дәрігерге бару үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылу шарт па? Жоқ. Науқастар учаскелік терапевтке немесе жалпы тәжірибе дәрігеріне «cақтандырылған» мәртебесінің бар-жоғына қарамастан бара алады. Бірақ кейін МӘМС пакеті аясында бейінді мамандардың кеңесі немесе медициналық қызметтер қажет болса, «cақтандырылған» мәртебесін алу керек.

Бейінді мамандарға жазылу үшін неге учаскелік дәрігерге бару керек? Бейінді мамандарға жазылу терапевт арқылы жүргізіледі. Себебі ол бастапқы тексеру жүргізіп, алдын ала диагноз қояды және әрі қарай тексеру үшін нендей тексерудің қажеттілігін анықтайды. Пациентті қай маманға жолдау керектігін шешіп, қажетті талдаулар мен зерттеулерге жолдама береді. Мұндай тәсіл өздігінен емделудің алдын алып, негізсіз жүгінулерді азайтады және пациенттердің басты ағынын оңтайландырады.

Осылайша, бейінді мамандар өз көмегіне шын мұқтаж жандарға көбірек уақыт бөле алады. Анализдер мен диагностикаға жолдаманы қалай алады? Кез келген кеңес беру және диагностикалық қызметті емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол пациенттің жағдайын, шағымдарын және белгілерін қарайды. Егер тиісті көрсеткіштер болса, дәрігер зертханалық және өзге де зерттеулерге жолдама береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қызмет алу үшін пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы шарт.

Медициналық қызметкерлер профилактика, диагностика, емдеу және оңалтудың ең тиімді әдістерін таңдау кезінде Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық хаттамаларды басшылыққа алады. Талдаулар мен диагностикалық зерттеулерге жолдаманы тіркелген жеріңіздегі дәрігерден алуға болады. Әдетте бұл – терапевт, ол көрсеткіштер бойынша немесе профилактикалық тексеру аясында зерттеу тағайындайды.

Жеке клиникада МӘМС есебінен операция жасауға болатыны айтылды. Оған жолдаманы қалай аламыз? Ауруханаға жатқызу көрсеткіштері пациенттің жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ әдетте жедел ауырсынулар, созылмалы аурулардың асқынуы, жарақаттар немесе стационарлық бақылауды қажет ететін өзге жағдайлар жатады (Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 наурыздағы «ҚР стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету стандарты туралы» бұйрығы). Ауруханаға жату үшін не істеу керек?

• Тіркелген емханадағы дәрігерге жүгіну. Егер көрсеткіштер болса, маман тексеру жүргізіп, диагноз қою үшін қажетті зерттеулерді толық көлемде тағайындайды.

• Емхана жағдайында қажетті минималды тексеруден өту.

• Ауруханаға жатуға жолдама алу. Медициналық ұйымды өз дәрігеріңізбен бірге таңдай аласыз.

• Ауруханаға жату талонын алу (портал). Ол арқылы «Емдеуге жатқызу бюросы» сайтында (https://bg.eisz.kz/) өз кезегіңізді бақылауға болады.

Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету (ЖТМК) үшін тіркелген медициналық ұйым профильдік маманның қорытындысына сүйене отырып, пациенттің құжаттарын ЖТМК жөніндегі комиссияға жолдайды. Пациент тіркелген медициналық ұйым оған тиісті бейін бойынша осы қызметтерді көрсететін өзге ұйымды таңдау мүмкіндігі бар екенін хабарлауы тиіс.

ЖТМК жөніндегі комиссия жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұйрығымен жасалады және пациентті тиісті медициналық ұйымға жолдау мәселесін шешеді. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) тізбесіне кірмейтін мамандандырылған медициналық көмек МӘМС жүйесінде немесе ақылы негізде көрсетіледі.

Мамандандырылған көмектің көлемі, соның ішінде зертханалық және диагностикалық зерттеу әдістері, клиникалық хаттамаларға сәйкес айқындалады (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-238/2020 бұйрығына сәйкес). Егер ауруханада емделуге жолдама беруден бас тартса не істеу керек? Егер науқастың қандай да бір медициналық қызметке көрсеткіштері бола тұра дәрігер жолдама немесе көмек беруден бас тартса, емханаларда құрылған Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады.

Бұл қызмет «осында және қазір» қағидаты бойынша мәселелерді шешуге арналған. Еске салатын тағы бір басты мәселе, тұрғындар арасында денсаулығын сақтандырмағандар әлі аз емес. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 2,4 миллион адамның 1,5 миллионында актив пен табысы барлар. Бұл туралы жуырда өткен үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті. Оның айтуынша, шынымен де осал топтағы азаматтарды өзі сақтандырады.

«Бүгінде мемлекет халықтың 15 санаты үшін сақтандыру жарналарын төлейді, оларға балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар және басқа да санаттағы азаматтар кіреді. Ал сақтандырылмаған 2,4 миллион адамның шамамен 1,5 миллионы Еңбек министрлігінің «А» және «В» санатына жатады. Яғни, сақтандырылмаған азаматтардың 60 пайыздан астамы ұзақ мерзімді активтері және жеткілікті табысы бар халық», – деп хабарлады А. Әлназарова.

Еске салайық, МӘМС жүйесіндегі мәртебені келесі жолдармен тексеруге болады:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты: «msqory. kz».

– «Telegram-бот» (https://t.me/ SaqtandyryBot).

– «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы.

– Кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары – «egov. kz» электронды үкімет сайтының «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен жарналар туралы ақпарат беру мемлекеттік қызметі» арқылы.

Әрине, қажет болып жатса, әр өңірде қызмет ететін Call-орталық 1414 нөміріне қоңырау шалып, медициналық қызмет туралы мәлімет алуға болады.

Бүгінгі таңда елімізде 677 алғашқы медициналық-санитарлық қызмет мекемесі жұмыс істейді, олар 20 миллионнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетуде. Жалпы практикалық дәрігерлер учаскелерінде отбасылық қызмет көрсету қағидаты енгізілді, Жалпы практика дәрігерлерімен штат деңгейі 87 пайызға, фельдшерлермен 81 пайызға жетті. Соңғы бір жарым жылда «Қолжетімді медицина» тұжырымдамасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін ауқымды жаңғырту жүргізілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс» деп жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын.

Соған сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК мен МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері жаңартылған форматта ұсынылады. МӘМС жүйесіне халықты көптеп тартуға бағытталған жаңа ісшаралар қабылданды. Енді әлеуметтік әлауқаты төмен азаматтар нақты айтқанда, дағдарыс және төтенше санатқа (D және E) жататын адамдар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Алдағы жылдан бастап жағдайы төмен, табысы жоқ азаматтардың барлығы шартты түрде сақтандырылады. Олар медициналық ұйымға жүгінгеннен бастап жергілікті атқарушы органдар есебінен жарна төлене бастайды.

«МӘМС туралы» заңдағы өзгерістерге сәйкес, келер 2026 жылы бірқатар жаңалық қолданысқа енгізіледі. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арасындағы айырмашылық айқындала түседі. Бірыңғай медициналық көмек пакеті ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтікдиагностикалық көмек те тегін көрсетіледі.

2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек МӘМС-тің базалық пакетіне кіреді. Аталған аурулар тізбесіне келесі дерттер кіреді: бауыр аурулары, қан мен қан түзуші ағзалар аурулары, жоғары асқорыту жолдарының аурулары, инфекциялық емес энтерит пен колит, артропатиялар, дорсопатиялар, қалқанша безі аурулары, қуық асты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары, бронхөкпе дисплазиясы, жүректің туа біткен ақаулары, даму ақаулары.

Енді онкологиялық скринингтер барлық пациенттерге тегін болады. Сүт безі қатерлі ісігіне, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігіне скринингтік тексерулерді МӘМС төлемдері болмаса да, емханада өтуге болады. Алдағы 2026 жылдан бастап жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жарна төлеудегі табыстың жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ мемлекеттің қаржыландыру үлесінің кезең-кезеңімен өсуі нәтижесінде жарна мөлшері биылғы 2,2 пайыздан 2037 жылға қарай 4,7 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Бұл ТМККК жүйесінің тұрақтылығын сақтап, бизнес пен азаматтарға түсетін жүктемені азайтуға, яғни тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. МӘМС жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы едәуір артты. Жоғары технологиялық медициналық көмек түрлері кеңейіп, қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің қатысуымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөнінде» баспасөз конференциясы өтті.

Биылғы 31 шілдедегі деректерге сәйкес, облыс халқының саны 1220041 адамды құраған. Оның ішінде 537489- ы қала, 682552-сі ауыл тұрғындары екен. Ал сала бойынша мемлекеттік секторда 37 заңды ұйым халыққа қызмет көрсетеді.

Бүгінде өңірімізде тұратын отбасының цифрлық картасының және «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша сақтандырылған тұлғалар саны 943670 болса, сақтандырылмаған тұлғалар саны 230121-ді (24,4 пайыз) құрапты. Қазіргі таңда, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен базалық мемлекеттік медициналық көмектің көрсетілетін қызметтер пакетінің орнын толтырып, бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл дегеніміз, әлі де көптеген азаматтар өз еркімен МӘМС қорынан тыс қалып, өздеріне қажетті медициналық көмекті орынды ала алмай отыр деген сөз, яғни көпшілік денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге мән бермей отырғанына дәлел бола алады. Сондықтан, адамның ең қымбат дүниесі – денсаулық болғандықтан, әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса деген ой ғой бізде.

Айтылған мәселелердің басты мақсаты – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын жақсарту, әр тұрғынның өмірін маңызды, бақытты әрі барынша ұзақ ету. Лайым, солай болғай!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар