Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қажет етеді
Қазіргі таңда хат-хабар алмайтын, газет-журнал оқымайтын адам некен-саяқ. Тіпті, әр отбасы үйіне жаздырып алып оқитыны да анық. бұқаралық ақпарат құралдарындағы дүниелер адамның рухани жан азығына айналғаны қашан. Көгілдір экранға қарап күн ұзақ телміргенше, тасқа жазылған сан алуан жаңалық, ақыл-кеңес, саясат пен тәрбие – не керек, қажетті ақпараттың барлығын асықпай, ой сарабына салып оқығанға не жетсін.
Ілгеріде Үшарал ауылының бөлімшелеріне Спабек Әлиев деген кісі қос қоржынын атқа өңгеріп алып, газет-журналдарды үйді-үйге тарататын. Құмдағы малшыларға басылымды су тасушылар жеткізетін. Әйтеуір, ел-жұрт хабарсыз қалмайтын. Сәл кешіксе, аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті дабыл қағып, пошта басшыларының «шаңын қағып» жататын.
Қазір заман өзгерді. Қоғамдық жүйе ауысты. Алайда, рухани азықтың қажеттілігі бұрынғыдан да қатты сезілмесе, құны кеміген жоқ. Қаратаудағы «Ақ жол» газетінің тілшілер қосынына Шәкіров ауылының тұрғыны Асылхан Ысқақов аға телефон шалды. – Ауылымызда жаңа үлгідегі пошта үйі бар. Онда бар болғаны бір адам ғана жұмыс істейді. Оператор да өзі, хат тасушы да өзі. Жалғызілікті әрі көлігі жоқ хат тасушыға газет-журналымызды үй-үйге әкеліп бер деуге аузың бармайды. Әрі жалақылары да мәз емес, 15-20 мың теңге көлемінде. Мұндай әңгімені Ойық ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Пантай Рахымбердіұлының аузынан да естідік. – Обалы не керек, ауылдағы пошташымыз айлығымыз аз демейді, хат-хабарды жеткізу үшін ебіл-дебілі шығып жүгіріп жүргені, – дейді. Ақкөл ауылында Елбасының Жолдауын талқылау жиыны өткенде ауыл ақсақалы Әскербек Құйқабайұлы да осы мәселені көтерді. Бұл мәселе жаңалық емес, әрине. Тіпті, ел қалаулылары жиналған Парламент Мәжілісінде де көтерілді. Оның соңы өзін-өзі ақтамайтын алыс елді мекендердегі пошта қызметін жабу керек деген шешімге тіреле жаздап, «Қазпошта» мекемесі райларынан қайтып, жаңа тәсілдерін ойластырып жатқан тәрізді. Осы мәселенің аудандарда қалай шешімін тауып жатқандығын білу мақсатында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының Талас ауданындағы пошта торабының басшысы Роза Бекішовамен байланысқан едік. – Пошташылардың жалақыларының төмен екендігін жұрттың бәрі біледі, – деп бастады ол әңгімесін. – Оны жоғары жақ белгілейді. Айлық-жалақымыз аз деп отырғанымыз жоқ, келген хат-хабарды, газет-журналды қала жұртшылығына уақтылы жеткіземіз. Ауыл халқына да солай. Р.Бекішованың айтуына қарағанда, 2015 жылдың алты айына аудан бойынша мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар – 24000 дана басылымға жазылып, белгіленген жоспар 93 пайызға орындалған. Бұл жұртшылықтың рухани азыққа деген сұранысының артқандығын көрсетсе керек. Сол газет-журналды тасымалдаумен айналысатын 18 пошташының 9-ы қалада, 9-ы елді мекендерде. Қала халқы аптасына 6, ірі елді мекендер жұрты 4 мәрте газет-журналын алады, – дейді мекеме басшысының сөзіне сенсек. Осыдан кейін Сарысу аудандық байланыс торабының басшысы Амантай Назарбековпен тілдестік. – Біздің аудандық пошта мекемесіне 12 бөлімше қарайды, хат-хабар тасумен 19 пошташы айналысады, – деді ол. – Қаладағы 2 пошта бөлімшесінде екі тірек бекеті бар, соған газет-журнал жеткізілісімен ары қарай пошташылар жеке-жеке үйлеріне жеткізеді. Елді мекендерде де жұмыс осылай ұйымдастырылған. Мекеме басшысы олардың көбінің 0,5-0,8 ставкамен жұмыс істеуінен айлық жалақыларының 15-20 мың теңгеден аспайтынын да жасырмады. Ағымдағы жылдың алты айына бұл аудан бойынша оқырмандар 16211 дана газет-журналға ғана жазылып (мұның ішінде облыстық «Ақ жол» газеті 1929 дана), жоспар 85,1 пайызға орындалыпты. Егер, болашақта бұқаралық ақпарат құралдарының басылымдарына жазылу барысы өстіп жыл сайын кеми берсе, пошташылардың қызметін интернеттің электрондық поштасының ығыстырып шығатыны тағы бір қауіп. Бұдан шығатын жол бар ма? Шетелдік тәжірибелер қандай? Аталмыш мәселенің шешімін табу үшін «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы өткен жылдан бастап «Газетке жазылушылар күнін» өткізді. Әлгі әрекеттің тиімділігін уақыт көрсетер. Оның үстіне өзін-өзі ақтамайтын болғандықтан пошта қызметінің бағасын өсіріп те жүр. Оны инфляция өсімі жалмап тастайды. Баспа мен пошта қызметтерінің құны өсуіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өз өнімдерінің бағасын ара-тұра көтеріп те қояды. Өйте берсе, халықтың қалтасына «түсесің». Мемлекеттік басылымдардан тыс орта жолдан өз өнімдерін тықпалайтындар қаншама! Бірде маған бір мекеме басшысы: - Ұжымның 98 пайызы қазақ. Соған қарамастан өзге тілдегі басылымдарды тықпалайды, – деп реніш білдірген. Қысқасы, сан соқтырар сауалдар көп. Біздіңше бұл түйткілді сауалдардың үні Парламент пен Үкіметке барып тірелетін сияқты. Мемлекеттік басылымдардың таралымын көбейту үшін бұқаралық ақпарат құралдарына субсидиялауға қаражат белгіленуі, Үкімет пошта қызметінің бір бөлігін қаржыландыруды ойластырғаны дұрыс қой деп ойлаймыз. Екіншіден, пошташыларды көлікпен(велосипедпен), киіммен қамтамасыз етудегі кешенді жоспары жасалынып, оған да республикалық «Қазпошта» мекемесі қаражат тауып, кезең-кезеңімен жүзеге асырса. Үшіншіден, нарық заңына (ол қатты) хат-хабар тасудың балама жолын іздеу керек. Бүгінгі таңда «Эврика» ЖШС балама болып жүр. Мына Сарысу ауданындағы «Сарысу» ЖШС-ның тәжірибесі де ойлануға тұрарлық. «Сарысу» газетінің Директор-Бас редакторы Жамбылбек Өзбеков: – Өткен жылдан бастап аудандық поштаның қызметіне жүгінбейтін болдық, – дейді. – Өз газетімізді оқырмандарымызға дер кезінде жеткізу үшін 8 пошташыны келісім-шартпен жұмысқа қабылдадық. Баспасөзге жазылу редакцияның өзінде, әлгі пошташымыздың көмегімен мекемелер мен үй-үйде жүргізіледі. Биыл 3500 оқырманымыз бар. Тарату аумағына қарай еңбекақысы анықталады. Жалпы алғанда орташа жалақысы 32-33 мың теңгені құрайды. - Пошта қызметінен неге бас тарттыңыздар? – деп сұрадым. - Қалай бас тартпаймыз. Тасымалдау қызметінің бағасын 60 пайызға дейін көтеріп жіберген кезі болды. Жазылымнан түскен ақшаның егесі редакция болмай, түптің-түбінде «Қазпошта» мекемесі болып шығады. Қорыта айтқанда, ауылға пошта бөлімшесі, пошта қызметкерлері керек. Ол үшін пошташылардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажет-ақ. Өйтпеген күнде елді мекендердегі әп-әдемі етіп салынған пошта бөлімшелерінің есігі жабылуы ғажап емес!
Сарысу, Талас аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді