Бір жыл бұрын Жаңатаста «Әмина» балалар орталығы ашылды. Жаңатас жыл санап ажарланып, көркейіп келеді. Моноқалаларға ден қойылғалы мұнда үлкен қалалардағыдай жағдай жасалған. Осының дәлеліндей, жаңа ашылған ойын алаңында секірмелі батуттар, әткеншектер, түрлі сырғанақтар бар. Қалаға жаңа леп әкеліп,бұрын соңды болмаған жоқ дүниені ашып отырған ерлі-зайыптылар Мейірлан Рахымбай мен Нұрай Бердіхан. Жас отбасының Әмина атты он айлық қыздары бар. Орталықтың аты осы бүлдіршіннің есімімен аталған. Бұл отбасылық бизнес. Мейірланның анасы Жанат Дүйсенбаеваның да бұл істі ашуға үлкен септігі тиді. Бәрі ойласа, ақылдаса келе бірауыздан балалар алаңын ашамыз деп шешкен.
– «Қазфосфат» зауытында жұмыс істейтін ұлым Мейірланның бір істің көзін тауып, кәсіп ашқысы келіп жүргеніне көп болған. Күнде кешкі шайда ұлым мен келінім үшеуміз отыра қалып ақылдасамыз. Ақыры осы қаламызда жоқ нәрсені ашайық деп шештік. Өзім балабақшада әдіскер болып жұмыс істегендіктен, балаларға арналған алаң ашайық деп ұсыныс тастадым. Ұлым да қолдай кетті. Екі жас ғаламтор ақтарып, ойыншықтар мен ойын алаңына қажетті дүниелерді қайдан сатып алуға болатынын іздестірді. Бастапқыда Алматы қаласына сұрау салдық. Соңында Астана қаласынан 10 миллионға ойын алаңын түгелдей сатып алдық. Олармен келісімшартқа отырып, бастапқы 6 миллионды төледік. Қалғанын айма ай несие ретінде өтеп отырамыз. Олар бізге осындай көмек көрсетті. Өз компанияларынан батуттарды, әткеншектерді құратын екі адам жіберді. Осылайша біз 7 мамыр күні ашылдық. Ашылған күні адам көп болды, – дейді Жанат Ботақанқызы. Үйдің берекесі аналары Жанат болса, керегенің шамшырағы ол келіні – Нұрай. Нұрай он саусағынан өнері тамған, дәмді ас пен тәтті бәліш пісіруден алдына жан салмайтын жан. Үйіндегілер ақылдасып жатқанда ол да өз ойын білдіріп, келушілерге, кішкентай бүлдіршіндерге, олардың ата-аналарына арнап аспаздық бөлмесін ашсақ деген ой айтыпты. Жұбайы лезде қолдап, ойын алаңы ішінен пицца, суши, қытырлақ тауық еті, түрлі ас мәзірін дайындайтын шағын асхана ашып беріпті. Бес миллиондай несие алып, бұл істі де жолға қойды. – Мен бала күнімнен тәтті пісіру, торт, пирог дайындаудан шебер болдым. Бала күтімімен үйде отырсам да онлайн балмұздақ жасауды үйреніп алдым. Осы ісім пайдасын тигізді. Балмұздақ жасайтын аппараттардың түр-түрін және суши, пицца, донер дайындайтын пештер сатып алдық. Арнайы аспаз маман жалдадық. Мен өзім балмұздақ дайындап беріп отырамын. Шағын кафеміз ойын орталығының ішінде. Ойнауға келген балалар мен олардың ата-аналары әзірлеген тағамдарымызды мақтап жатыр, – дейді келін Нұрай.
Үйдің үлкені, отанасы Жанат Дүйсенбаева Абай атындағы мектептің шағын орталығында әдіскер болып жұмыс істейді. Қазір еңбек демалысында. Осыны пайдаланып, отбасылық кәсіптерін жүргізіп, ұлы мен келініне қолғабыс қылуда. Жаңатастықтар бұл қуанышты жаңалықты көптен күткен еді. Ерекше қуанған аналардың бірі – Жанерке Төлемұратова. Оның бес баласы бар. Мектеп уақыты бітіп, үш ай демалыс басталғанда балаларын ойнататын алаң ашылғанына дән риза.
– Бұрын балаларымыз Таразға барғанда ғана әткеншек теуіп, «Мың бала», «Аватария» сынды ойын алаңдарына баратын. Оның өзі қымбат еді. Келіп-кетіп жүретін жол алыс. Бізден, өзімізден ашылғанына шын жүректен қуандық. Бағасы қолжетімді. Туған күні болған балаға тегін. Кіру билеті – 1500 теңге. Көпбалалы аналардың балаларына – 1000 теңге. Қалаған асыңды ішіп, жеп, демалып отыруға мүмкіндік бар. Пиццасы да, донері де дәмді, қамыры үлпілдек. Бес балам улап-шулап, үйді басына көтеруші еді. Енді осы «Әмина» ойын алаңына жіберіп, жаным жай тауып жүр. Еш алаңдамаймын, – деп ақтарылды.
Ерлі-зайыпты Мейірлан мен Нұрай грант алмады. Ешқандай жеңілдікке қол созбады. Өз армандарын несие алумен шешті. Болашақта кәсібімізді нығайту үшін мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалансақ деп отыр. Алайда әзірге өз пұлдарымен істерін ширатпақ. Ашылғанына бір ай болмаған ойын алаңынан адам қарасы үзілмейді екен. Жанат Ботақанқызының айтуынша, дәмді дайын асты үйге жеткізумен тапсырыс беріп жатқандар көп екен. Тіпті өзінің жұмыс орны да әріптестерін қолдап, немерелерін әткеншек тебуге жіберіп, үйлеріне таңсық асқа тапсырыс беруде екен. Отбасылық кәсіп болғандықтан, құралып кетуге күштерін салған жанұя бүтіндей өздерін осы салаға арнапты. Бірі – ұйымдастырушы, бірі – кассир, бірі – SMM маманы, бірі балмұздақ пен тәттілер жасаушы болып қолдан келген істерін аямауда. Әзірге бір ғана аспазды толық жұмысқа қамтыпты.
– Кәсіп ашу, оны жүргізу оңай емес екен. «Саудада береке бар» деп атам қазақ айтқандай, Жаратушы берекесін берсін деп істі бастап кеттік. Көп ойландық. Бір тұжырымға тоқтадық. Ойын әткеншектері, шар, доп, батуттар жиынтық боп сатылады екен. Алматыға шыққанымызда, ол жақта бағасы тым қымбат болды. Сонымен не керек, бүткіл құрал-жабдықтың бәрін Астана қаласынан алдырдық. Өздері келіп құрып берді. Жұбайыма соның ішінен шағын кофеханасын да ашып бердім. Шаршаған жұрт дәмді ас ішіп, бүгінгі күннің қытырлақ бургері мен дәмді сушиінен ауыз тисін деп аянып қалмадық. Оған да 5 миллион теңгедей кетті. Еш қорықпастан бастадық істі. Күн сайын келушілер көп. Есіктің алдына үлкен батут қойдырмақшымын. Және балғын кәуап пен салқын қымыз, шұбат қойып қоймақшымын. Кәсіптен нәсіп көру ойымызда бар. Ешуақытта балалар ойнайтын жерге спирттік ішімдіктер жолатпаймын. Уәдем, уәде. Тек адал ас пен шын пейіл сыйлаймын келушілерге. Балалар жүрген жер базар ғой. Олар біздің қуанышымыз, бақытымыз ғой. Сондықтан барлық балаға өз баламдай қараймын, – дейді жас кәсіпкер Мейірлан Рахымбай.
Заманауи үлгіде жасалған айналмақ пен сырғанаққа мінген балалар мәз. Атаана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан бақыт жоқ. Балалардың қауіпсіздігі де ескеріліпті. Күндізгі сағат 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қызмет көрсететін балалар орталығында туған күнін атап өтіп жатқан балалар көп. Жасөспірімдерге де ойын түрлері бар. Керек десеңіз, балалардың бет әлпетіне сурет салып беретін мамандар да бар. Балалардың бәрі бақытты болуы үшін жаралған. Әлемде барлық бала шаттанып, езуіне күлкі үйірілсе, ғажап емес пе? Балалар орталығын ашқан ерлізайыптылар алдағы уақытта он шақты адамды жұмыспен қамтысақ деп отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Үш базар толық жаңғыртудан өтпесе, жұмысын тоқтата ма?
- 6 желтоқсан, 2025
Қыдыр дарыған Қыдырәлі
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




