«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйел – әлемнің бейнесі: «Жаңа МЕН» жобасының тұсауы кесілді

Әйел – әлемнің бейнесі: «Жаңа МЕН» жобасының тұсауы кесілді
Автор
Байзақ ауданында Amanat партиясы жанындағы «Әйелдер қанаты» және «Байзақ мекені одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйел – әлемнің бейнесі» атты рухани-мотивациялық шара өтті. Бұл әйелдің қоғамдағы рөлін биік дәрежеде дәріптеген тағылымды жиын болды. Аталған шараның басты мақсаты – Байзақ ауданында алғаш рет іске қосылған «Жаңа МЕН» трансформациялық жобасының тұсауын кесу. Жоба – өз мамандығын таппай жүрген, өмірінде жаңа бағыт іздеген, ішіндегі ұйықтап жатқан қабілетін ояту, жүрегіндегі сенімін күшейту, өз-өзін жаңаша қырынан тануына, шабыт алып, дамушы ортаға қосылуына және ішкі «Жаңа МЕНін» табуға бағытталған игі бастама. Мұнда әйелдер жаңа өмірлік белесін ашып, өз кәсібін бастауға немесе дамытуға мүмкіндік алады.

Іс-шараны облыстық мәслихат депутаты, Amanat партиясы жанындағы «Әйелдер қанатының» облыстық басшысы Айман Ашимова ашып берді. Ол өз сөзінде әйелдің қоғамдағы беделі, оның өмірді өзгертетін қуаты және «Жаңа МЕН» жобасының маңызы туралы әсерлі ой қозғады.

«Әйел – мейірім бастауы ғана емес, ел дамуының да тірегі. Байзақтағы бұл бастама талай жанның жаңа өмірге қадам басуына сеп болады», – деді ол.

Одан кейін Amanat партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева сөз алып, қоғамдағы белсенді әйелдің бейнесін айшықтай отырып, бірігіп атқарған істің берекесі жайлы әңгіме өрбітті. Amanat партиясы жанындағы «Әйелдер қанатының» жұмысын үйлестіруші Рахия Тұрмағанбетова, облыстық білім және бала тәрбиесі саласына үлкен еңбек сіңірген тұлға Дәмеш Үскімбаева, Байзақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова сөз алып, жаңа жобаға қолдау білдіріп, алдағы белестеріне сәттілік тіледі.

Жиында қатысушыларды елжіреткен ерекше сәт – «белгісіз кейіпкердің» сахнаға шақырылған кезеңі болды. Ол өзінің өмір жолында басынан өткен ауыр ке зеңдерін, қайтадан күш жинаған, үмітін басты қозғаушы күш еткен оқиғаларын айтып берді. Бұл әңгімелер залдағы әр адамға ой салып, өмірдің сынағы адамды мықты ететінін, қиындыққа мойымай алға қарай ұмтылу керектігін дәлелдеді.

Бұдан соң әйелдердің іскерлік мүмкіндігін арттыруда елеулі еңбек етіп жүрген, Amanat партиясының әйелдер қанатының жетекшісі, Байзақ аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, жеке кәсіпкер, «Жаңа Мен» жобасының жетекшісі Күнсая Амирова жобаның құрылу тарихы мен мақсаттарын кеңінен түсіндірді. Ал отбасылық психолог, Байзақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Мөлдір Сабербекова әйелдердің ішкі жан дүниесін емдеп, өзімен тіл табысуына көмектесудің маңызын атап өтті. Ол әйелдің жанын түсінудің, оған бағыт берудің жолдарын айтып, қатысушыларға мотивациялық күш сыйлады.

Ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыруға елеулі үлес қосып жүрген, «Байзақ мекені одағы» қоғамдық бірле стігінің төрайымы Гүлжан Құдайбергенова жобаның әйелдер қауымына берер мүмкіндіктеріне, оларды әлеуметтік қолдаудың мәніне тоқталды.

Жиын соңында жобаның барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, алға қойған мақс атына жете білген «Жаңа МЕН» жобасының жеңімпазы Зухра Уразова көпшілікке таныстырылып, ұйымдастырушылар тарапынан оған тігін машинасы сыйға берілді. Бұл оның жаңа кәсібіне бастау болар қуаныш сыйлаған ерекше сәт болды. Сонымен қатар бірқатар нәзікжандыларға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Айта кетейік, «Жаңа МЕН» жобасы Байзақ ауданындағы әйелдер қауымы үшін үлкен серпіліс әкелді. Бұл – бір күндік шара ғана емес, талай жанның болашағына бағыт сілтейтін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен бастама. Өйткені әйел өзгерсе – әлем өзгереді.

 

Айжамал УРАЗАЛИЕВА

«Ақпараттық медиа орталығының» тілшісі.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар