«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұмау тигендердің 60 пайыздан астамы балалар

Тұмау тигендердің 60 пайыздан астамы балалар
Автор
Басты байлық денсаулық екенін өмір өзі дәлелдеп те жүр. Халқымыз да «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдарын ұстанады. Алайда, дәл қазіргі уақытта өңірімізде жіті респираторлы вирустық инфекциялар өршіп тұр. Вирус жұқтырып, науқастанып қалғандар аз емес. Бұл жағдайды дәрігерлер де айтып, сақтанудың жолдарын елге хабарлап та жатыр.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше 1 қазаннан бері қарашаның ортасына дейін облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 47 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін мәлімдеген. Ал 18 қарашада облыста 55571 ЖРВИ жағдайы тіркелді деген ақпарат тарады.

– Осы эпидемиялық маусым басталғаннан бері облыста тіркелген жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 60 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында болып отыр. Тыныс алу вирустарының айналымын анықтау үшін тиісті науқастардан алынған 170-тен астам үлгі талданды. Бұл үлгілерде А тұмауы H3N2 вирустарының (52 жағдай) және тұмау емес вирустардың: риновирус, парагрипп вирустары, аденовирустар және бокавирустардың айналымы анықталды. 115 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцинацияланғанын айта кетейін. Жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу үшін бірқатар сақтық шараларын ұсынамыз. Тұмауға қарсы уақытылы вакцинация алу иммунитетті қалыптастырады. Көп адам жиналатын жерлерде маска кию және жеке гигиенаны сақтау, соның ішінде қолды жиі жуу маңызды. Үй-жайларды үнемі желдету және ылғалды тазалау, эпидемия өршуі кезінде көп адам жиналатын жерлерден аулақ болу керек. Ауру белгілері пайда болса, яғни дене қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу байқалса, өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн, – дейді облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова да кейінгі күндері жіті респираторлы вирустық инфекциялар жағдайларының көбейіп тұрғанын айтты.

– Қазіргі уақытта облыс бойынша жіті ре спираторлы вирустық инфекциялар жағдайларының өсуі байқалып отыр. Ауруханаға келген науқастар жағдайына қарай ем алып, бірқатары ауруханаға жатқызылып, енді біразына консультациялық және амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілуде. Бұған дейін тәулігіне орташа есеппен 150–180 адам келіп жүрген болатын. Қазір өсім бар, бірақ жағдай толық бақылауда. Медициналық қызметкерлер тарапынан алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. ЖРВИ жағдайының көбею мүмкіндігін ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала ісқимыл жоспарын бекіткен. Бұл жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, егер облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қорының 70 пайызы толса, ЖРВИ-ға арналған төсек саны көбейтіліп, ішек инфекциясына арналған төсек саны қысқартылады. Қабылдау тоқтамайды. Екінші кезеңде толымдылық 95 пайызға жеткен жағдайда, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 190 төсек орнымен іске қосылады. Үшінші кезеңде егер жағдай одан әрі қиындаса, Жамбыл және Байзақ аудандарының стационарлары қосымша тартылады. Бүгінгі таңда төсек қоры жеткілікті, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер толықтай жұмысқа жұмылдырылған. Барлық алгоритм нақты бекітілген, ахуал жіті назарда. Енді кезек мәселесіне келсек, соңғы тәуліктерде тұрғындардың ауруханаға тікелей ағылуы байқалуда. Көптеген науқастар емханаларға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келіп жатыр. Бұл жағдай кезек пен наразылықтың туындауына себеп болуда. Барлық емханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін атап айтқымыз келеді. ЖРВИ белгілері бар әр науқастың міндетті түрде ауруханаға келуі шарт емес. Көп жағдайда отбасылық дәрігер немесе емхана деңгейінде көмек көрсету жеткілікті, себебі аурудың 80 пайыздан астамы жеңіл түрде өтеді және амбулаториялық емдеуді қажет етеді. Тұрғындардан өтінеміз – ең алдымен өз емханасына, отбасылық дәрігерге жүгінген дұрыс. Бұл медициналық ұйымдардағы жүктемені азайтып, ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ата-аналарға кейінгі күндері балалар арасында ЖРВИ жұқтыру жағдайлары жиілеп отырғанын ескертеміз. Ауырып тұрған баланы тойларға, ойын-сауық орталықтарына, көпшілік орындарға апаруға болмайды. Сондай-ақ ЖРВИ белгілері бар баланы балабақшаға немесе мектепке жіберу – өзге балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар жұмыстан қалмау мақсатында ауру балаларын қоғамдық орындарға апарып, індеттің таралуына себеп болуда. Бұл – тек өз отбасының емес, бүкіл қоғамның денсаулығына әсер ететін әрекет, – деген Сағыныш Қабылтайқызы аурудың алдын алу шараларын да ескертіп, дәрігерлік кеңесін жеткізді.

– ЖРВИ-дан қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым сақтық ережелерін сақтау. Атап айтсақ, қоғамдық орындарда маска тағу, ауру адаммен жақын қатынастан аулақ болу, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау арқылы иммунитетті нығайту. Сонымен қатар үй-жайды жиі желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу. Вирусқа қарсы дәрілерді дәрігер кеңесінсіз қабылдамау қажет. Балалар мен жүкті әйелдерге ерекше назар аударған дұрыс. Құрметті тұрғындар, жағдай бақылауда, алайда індеттің таралуын тоқтату әр азаматтың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпағайсыздар. Біз, дәрігерлер, тәулік бойы жұмыс істеп, әрбір науқасқа көмек көрсетуге дайынбыз. Бірақ аурудың алдын алу – әр азаматтың өз қолында. Сабыр сақтап, медициналық кеңесті орындап, өзінің және жақындарының денсаулығына бейжай қарамаса екен дейміз. Бәріміз бірігіп, індеттің таралуына жол бермейік, – дейді С. Нұрғабылова.

Осы қараша айының басында Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңындағы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «облыста жедел респираторлық тұмауға жатпайтын вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақты деңгейде сақталуда» деген болатын. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда, яғни биылғы 1 қазаннан 30 қазанға дейін облыс бойынша медициналық мекемелерге 30046 науқас жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен келгенін айтқан еді. Өткен жылдың мұндай уақытында 27692 жағдай тіркелген екен.

– Биылғы қазан айында ЖРВИ диагнозы қойылған науқастардың 18310-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы 17054 бала осы сырқатқа шалдыққан еді. Ал 1679 жағдай 1 жасқа дейінгі сәбилерде кездесіп отыр, өткен жылы 426 сәби ЖРВИ-ға шалдыққан болатын. Сондайақ, биылғы қазан айында 303 жағдай жүкті әйелдерге тиесілі болса, былтырғы қазан айында 189 аяғы ауыр әйел ЖРВИ-мен сырқаттанған. Зертханалық тексеріс нәтижесінде 12 науқаста тұмауға жатпайтын вирустар, ал 5 науқаста тұмау вирусы анықталды. Осылайша, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, биыл ЖРВИ аурушаңдығы 8,5 пайызға артқан. Барлық науқастарға клиникалық хаттамаға сәйкес ем тағайындалды. Олардың арасында коронавирус немесе метапневмовирустық инфекциямен ауырғандар жоқ. Өлім-жітім жағдайы тіркелмеген. ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанған азаматтарға дер кезінде медициналық көмек көрсету мақсатында облыстың барлық өңірлерінде инфекциялық стационарлар, бастапқы медициналықсанитариялық көмек ұйымдары және жедел жәрдем қызметтері толық дайындықта. Биылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша облыста барлығы 714 инфекциялық төсек дайындалған, оның 49-ы ЖРВИ диагнозы бар науқастармен, 152-сі пневмониямен ауыратындармен қамтылған. Инфекциялық төсек қорының жүктемесі 28 пайыз, бос резерв – 513 төсек. Қосымша 60 реанимациялық төсек бар. Инфекциялық стационарлар қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Жұмыс жағдайында 300-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты, 4 мың пульсоксиметр, 400 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары мен бетперделер, 300 мың шпатель, 10 мыңнан астам термометр, кварц шамдары мен ауа залалсыздандырғыш рециркуляторлар, дезинфекциялық құралдар бар. Бұған қоса, 10 мыңнан астам инфекционист-дәрігер, жалпы тәжірибелік учаскелік дәрігер және басқа да медицина қызметкерлері дайындықтан өткен. Науқастардың шақыруларын уақтылы қабылдау үшін қо сымша 49 байланыс телефоны бөлінген, сонымен қатар онлайн жазылу, CALL-орталықтар жұмыс істейді, 60 автокөлік жұмылдырылған. Амбулаториялық деңгейде ЖРВИ-мен ауырғандар 150-ден астам мобильді бригадалармен үйде қаралады. ПМСП мекемелерінде фильтр-кабинеттер мен изоляторлар, стационарларда диагностикалық палаталар және жеке қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Тұмаудың және оның асқынуларының алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Облыс бойынша екпе жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек-қараша айларында жүргізіледі. Барлығы 123 мың доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынып, бүгінгі таңда 99430 адам егілді. Олардың ішінде 10516 медицина қызметкері, 3357 жүкті әйел, 110 жетім бала (балалар үйінен), 1123 қарттар мен мүгедектер үйінің қызмет алушылары және басқа да қауіп тобына кіретін азаматтар бар. Сонымен қатар 2025 жылы облыс бойынша 15073 бір жасқа дейінгі бала пневмококк инфекциясына қарсы бекітілген кесте бойынша 3 толық дозамен егілді, – дейді Сержан Сәрсенбекұлы.

Дәрігердің айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциялар – әлемдегі ең кең таралған аурулар тобы. Олар тұмауды, тұмауға жатпайтын вирустық инфекцияларды және коронавирус инфекциясын біріктіреді, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарында, өкпеде қабыну процестерін тудырады. Вирустар ауру адамнан сау адамға ауа-тамшылы және тұрмыстыққатынас жолдары арқылы жұғады. Белгілері – жөтел, қызу, мұрын бітелуі, ентігу. Барлық жастағы адамдар ауырады, әсіресе кішкентай балалар, егде жастағылар және иммунитеті әлсіз адамдар тез шалдығады. Уақытылы медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда инфекция бронхит, пневмония, менингит және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Облыстың бас дәрігері инкубациялық кезең, яғни вирус жұққан сәттен бастап алғашқы белгілердің пайда болуына дейін 3-6 күнді құрайтынын айтты.

Асқынулардың алдын алу үшін алғашқы белгілер байқалғанда дәрігерге дер кезінде қаралу, үйге дәрігер шақыру және оның емдеу бойынша ұсынымдарын қатаң сақтау қажет. Өзін-өзі емдеуге және антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға болмайды. ЖРВИ жыл бойы жұғуы мүмкін, алайда көбіне көктем және күз мезгілдерінде иммунитет әлсіреп, температура ауытқулары мен дәрумен жетіспеушілігі кезінде жиі тарайды. Дәл қазіргі уақытта облыста ЖРВИ мен тұмаудың таралуына байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.

Нақты атқарылып жатқан шараларды атап айтсақ, науқастарға арналған төсек саны артты. Инфекциялық стационарларда 964 төсек-орын жұмыс істеп тұр, оның ішінде 65-і реанимациялық төсек. Балалар арасындағы аурушаңдықтың артуына байланысты қосымша 310 төсек, соның ішінде 80 резервтік төсек іске қосылды. Мырзатай реабилитациялық орталығы 100 төсекпен резервке дайын.

Медициналық ұйымдардың қызметі кеңейтілді. Емханалар дүйсенбі-жұма күндері 08:00-20:00 және демалыс күндері 09:00- 18:00 аралығында жұмыс істейді. Барлық емханаларда фильтр-кабинеттер ашылып, қызуы бар науқастар бөлек қабылдануда. Қосымша Call-орталық желілері іске қосылды, онлайн жазылу күшейтілді. Санитарлық талаптар қатаң бақылауда. Барлық медициналық ұйымдарда маскалық режим енгізілді. Эпидқауіпсіздік жоспарына сәйкес күнделікті мониторинг жүргізілуде. Медициналық персонал жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылған. Жедел көмек және мобильді бригадалар да қызметке дайын. Облыс бойынша 150 мобильді бригада жұмыс істеп тұр. Жедел жағдайларға қызмет көрсетуге 60 арнайы көлік жұмылдырылды. 20 емханада балалар мен жүкті әйелдерге арналған екі деңгейлі фильтр ұйымдастырылды.

«Препараттар мен құрал-жабдықтар толық жеткілікті» дейді жауаптылар.

16 мыңнан астам Тамифлю, 1 мың Реленза, антивирустық препараттар мен оксолин майы, 236 ӨЖЖ аппараты, 700 мыңнан астам маска, 300 мыңнан астам шпатель мен термометр, 6 миллионнан аса дезинфекциялық таблетка бар. Жергілікті бюджет есебінен 123000 доза вакцина сатып алынып, 110340 тәуекел тобының адамы егілген. Вакцинация пункттері күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар