«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаны шуаққа толы Шарбану

Жаны шуаққа толы Шарбану
Автор
«Еңбек ер атандырады» демекші, әр адам бәлкім өзі үшін жұмыс істеп, тер төгетін болар. Бірақ, уақыт өте келе ұзақ жылғы еңбегімен дараланып, ұжымның брендіне айналып кететін мамандар болады.

Әр мекеменің қызметкерлері үшін сыйластық пен татулық ауадай қажет десек, бұл асыл қасиеттер жұмыстың алға басуына да оң әсерін тигізді. Шуағы күннің нұрындай жылы, көңілі көлдің сұлулығындай көркем әріптесіміз Шарбану Даниярова туралы қандай жылы сөздерді айтсақ та артық емес. Оның кең пейілі, кімнің болса да қабағына қарап, жұмсақ сөйлейтіні – ерекше құнды қасиет. Ол кісі әуелі облыстық «Аq jol» газетінде, кейінірек «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есеп бөлімінде ұзақ жылдар еңбек етіп, тер төгіп келеді. Ол кісінің жанашырлығы әсіресе редакцияға жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандарға керек. Талай алыптардың ізі қалған, тарихи тұлғалар еңбек еткен газет ғимараты мысыңды басып тұрады. Сондайда жігер беретін жан іздейсің. Шарбану Қалмаханбетқызы жастарға жылы сөзін арнаудан жалықпаған жан. Жастайынан облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі атанған Фариза, Бекнұр, Ардақ, Шынар, Тұрсынбек сол жылылықты байқаса, кейінірек Табиғат, Жанғазылармен бірге біздер де сол жанашырлықты сезіндік.

Шарбану апай есеп саласындағы сан алуан жұмыстарынан бөлек редакция жастарын тәрбиелеуде, оларды ынталандыруда да белгілі дәрежеде еңбегін сіңірді деп айта аламыз. Шарбану Қалмаханбетқызы туралы айтар сөз аз емес. Ол Шу ауданы, Төле би ауылында туып-өсті. Ауылдың барлық табиғи болмыс, текті қасиетінен нәр алды. Ата-анасынан бойына жақсы өнеге, қазақы тәрбие, жауапкершілік пен сенімді терең сіңірген әріптесіміз еңбекке де ерте араласты. 1982- 1984 жылдар аралығында Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) «Өнерпаз» атты фабрикада кестеші болып еңбек жолын бастады. Үлкен фабрикада кесте тігуі оның ауылдан, анасынан алған тәрбиесінің әсері екені даусыз.

Мұнан соң ол екі жыл техникумда күндізгі бөлімде оқып, «есепші – экономист» мамандығын алып шығып, 1986 жылы «ПМК-12» тресінің «Шусовхозстрой» мекемесінің есепшісі атанып, өзі таңдаған мамандығы бойынша да жұмысқа кірісіп кетті. Жас маман екеніне қарамастан ізденуден, үйренуден жалықпады. Кішіпейіл, адал қасиеттерімен ұжымға сыйлы болды. Шу ауданы, Абай ауылдық әкімшілігінде есепші-статист, облыстық статистика департаментінде экономист болған жылдарда да Шарбану шыңдала түсті.

Оның ұзақ жыл тұрақтаған жұмысының бірі – Жамбыл орман өндірісі шаруашылығы мекемесі. Бұл мекемеде табаны күректей 8 жыл есепші қызметін атқарды. Бұрынғысынан да молырақ тәжірибе жинай түскені анық. Еңбекқор маман аталған мекеменің жұмысына серпін беріп, ұлағатты із қалдырғанына күмәніміз жоқ. Шарбану Қалмаханбетқызы 1999 жылы сол кездегі бас редактор Әлдихан Қалдыбаевтың шақыруымен облыстық «Аq jol» газетіне есеп бөліміне жетекші маман болып қабылданады.

Міне осылайша, редакциядағы ұзақ жылдары басталады. Бүгінде бұл ұжымда еңбек етіп жатқанына 27 жылға жуықтаған екен. Әрине, аз уақыт емес. Шарбану апайдың тұрақтылығын жоғары бағалап, есіміне құрмет білдіруге болады. Табаны күректей 27 жыл ішінде атқарған жұмыстары, жүріп өткен жолы жайлы білікті маманның айтары көп. Оның сөзі – тыңдай білгенге тағылым.

– «Еңбектің наны тәтті» дегендей, жас күнімізден жұмыстың ауырлығынан қашқан емеспін. Бірнеше жерде жұмыс істедік. Қай жұмыста жүрсем де жауапкершілікті бірінші орынға қойдым. Сондықтан, басшылық тарапынан жұмысыма реніш болған емес. Әр салада істеп жүріп, редакцияның да есеп жағында еңбек еткім келді. Ойымды сол жылдардағы бас редактор Әлдихан Қалдыбаев құптап, жұмыс тауып берді. Алды кең, жайдары, жақсы кісі еді. Жас мамандардың да көңіліне қарап тұратын. Қолынан келсе, барлығына көмектескісі келетін. Әлдихан ағайдың осындай жақсы қасиеттеріне куә болдық. Содан бері Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Қуат Әуесбай, Көсемәлі Сәттібайұлы секілді бас редакторлармен, кейінірек Нұрбек Бекен, Оралхан Дәуіт, Данияр Асқарұлы секілді бас директорлармен сыйласып, бірге еңбек еттік. Газет басқарған азаматтар да, медианы басқарған кісілер де біліктілігімен, адамгершілік асыл қасиеттерімен ерекшеленді. Осы жылдардың барлығы мен үшін ыстық, сағынышты жылдар. Есеп саласына келсек, Қалдыкүл Тойшыбекова алғашқы бас есепшім болды. Ол кісінің маған үйреткені өте көп болды. Бұрын шағын мекемелерде жұмыс істеп келсем, облыстық деңгейдегі «Аq jol» газетінің есеп жұмысы мүлдем күрделі еді. Жұмыстың кейбір сырларын жұмысты атқара жүріп үйрендік. Мұнан соң Райхан Өміряева, Бадыгүл Төлегенова, қазір Гүлназ Нұрғалиқызы секілді бас есепшімен бірге жұмыс істеп жатырмын. Ол да кей кезде менімен ақылдасады. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді бөлісуден жалыққан емеспін. Сол бұрыннан келе жатқан сыйластық, бір-бірімізге деген құрмет әлі де жалғасын тауып жатыр. Газет жұмысы, қазіргі медианың жұмысы оңай емес. Оның ішінде есеп саласына да біраз салмақ түсіп тұр. Соны әріптестеріммен бірге көтеріп жүрген жайымыз бар. Біз қазір үлкен ұжымға айналдық. Үлкен ұжымның қаржылық жағын әріптестермен бірге реттеп, қызметкерлердің жалақылары мен сыйақыларын уақытылы алуына ұйытқы болып келеміз. Бұдан бөлек қызметкерлердің еңбек демалысына шыққан кездегі қаражаттарын ұйымдастыру, құжаттарды реттеу, есеп жұмыстары біліктілікті талап етеді. Өзім жас кезімнен жүрегім қалаған мамандық осы. Жүрегім қалаған мамандық бойынша еңбек етіп, жемісін жеп, осындай мерейлі жасқа жеткеніме шүкіршілік етемін. Әсіресе, облыстық «Аq jol» газетінде небір тұлғаларды, есімі елге белгілі қаламгерлерді көріп, бірге қызмет еткенімізге қуанамын. Бірге қызмет етпесек те Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын ағалар да редакцияға жиі келіп тұрды. Жүректері жылы жақсы кісілер еді. Ал, бізбен бірге еңбек еткен ағалардың есімі бір шоғыр. Бақытяр Әбілдаұлы, Рахматулла Құдабай ағайлар кесеккесек сөйлейтін, ірі кісілер еді. Сондай кісілермен қызметтес болғанымыз өміріміздің мазмұнды бөлшегі екенін осы күндері терең сезініп жүрміз. Өмірімнің қырық жылдан астамын еңбекке арнадым. Сол еңбек мені сыйлылардың қатарына қосты, абыройымды көтерді. Адалдық пен ізгі қасиет әрқашанда қуанышты жолдарға бастайтынын аңғардым. Отағасы Талғат Атамқұлов «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ұзақ жылдардан бері еңбек етеді. Екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Құдайға шүкір, оларға жақсы тәрбие бере алдық деп ойлаймын. Өзімнің жүріп өткен жолым туралы ойланып, өткенді еске алып отыратыным бар. Жалпы, жүріп өткен өмір жолыма көңілім толады. Редакцияға жаңадан жұмысқа келген жастарға жылы сөз арнап, жақсы жол көрсетуге ұмтылдық. Себебі, өзімізде жас кезімізде ағалар мен апайлардың жанашырлығын талай көрдік. Ендігі мақсат – жастардың тілеуін тілеп, немерелерді ойнатып, солардың қызығына тоймай жүру. Еңбегімді ескеріп облыс әкімдігі, облыстық қаржы басқармасы, облыстық кәсіподақ комитеті бірнеше рет марапаттады. Қазір де ұжымның бас директоры да, қызметкерлері де сыйлап тұрады. Бұл құрмет – жылдар бойы төккен тердің жемісі деп естептеймін, – дейді алпыс жастың асқарына келген әпкеміз.

Ұзақ жыл есеп саласына еңбегін сіңірген, оның 27 жылға жуығын редакцияда және медиада өткізген Шарбану Қалмаханбетқызынан жас буын мамандардың үйренері көп. Есеп саласы – күрделі сала. Сол күрделі саладағы күрмеуді шешіп, жауапкершіліктің шыңынан көрінген Шарбану апай қандай құрметке де лайық. Бүгінгі жас мамандардың және орта буын, жас буын журналистердің көпшілігі Шарбану есепшінің жанашырлығын көрген. Оны өздері де айтады. Бұл жерде апайдың өз мамандығынан бөлек, адамгершілік, ізгілік жолды да меңгерген ұлағат иесі екенін байқаймыз. Сол ұлағат апайды тағылым мен тәрбиенің сәулелі жолынан адастырмай келеді.

Бір күніне ұқсамаған бір күні,

Жылы жүзі секілді екен күн нұры.

Шарбану апай жүрген жері жақсылық,

Есеп санақ жұмысының білгірі.

 

Өзі сүйген мамандығын аялай,

Есеп жағы қайдан болсын әй, оңай.

Жастарға да ақылы мен үлгісін,

Беріп жүрген жағдайы бар аямай.

 

Жылылықты ұнататын жүрегі,

Әрқашанда жайнай берсін гүл өңі.

Шарбану апай – ұлағатты ана ол,

Отбасының берекесі мен тірегі, – деген өлең жолдарын әріптесімізге шын жүректен ұсынғымыз келеді. Ол мерейтойына үлкен абырой, зор жетістікпен жетіп отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ширек ғасыр бірге жұмыс істедік

Мен облыстық «Аq jol» газетінде 1995 жылдан бастап еңбек еттім. Шарбану 1999 жылы жұмысқа келді. Содан бері ширек ғасырға жуық бірге еңбек еттік. Ол есеп жағында, біз ақпарат тарату жағында тер төктік. Шарбану Қалмаханбетқызы өз жұмысын жетік білетін маман. Әрқашан да жауапкершілігімен ұжымда сый-құрметке бөленді.

Ортада өте көңілді жүреді. Жастарға жанашыр бола жүріп, кейінгі буынмен бірге қаншама іс-шаралар ұйымдастырып жүргеніне көп куә болдым. Қаншама бас редактормен, бас директормен бірге жұмыс істеді. Бәрімен де сыйласып, бір мақсат жолында еңбек етті. Олардың да Шарбану апайға айтатыны жылы сөз, жақсы пікір. Ол жақсы пікірдің қалыптасуы облыстық «Аq jol» газетінде Шарбанудың өзінің жауапты жұмыс атқарғанының жемісі. Қырық жыл бір салада еңбек ету – үлкен жетістік. Біз ол кісінің бойынан тек жақсылық пен ізгілікті көрдік. Мен арасында әзілдеп те сөйлесетінмін. Ол кісі де қалжыңды түсініп, күліп қоятын.

Жазу саласы да, есеп саласы да оңай емес. Сондықтан, жұмыстың ортасында қалжыңдасып, кішкене көңілденіп алушы едік. Бір ғана әзіл кешке дейін көңілді жүруімізге әсер ететін. Өз жұмысына аса жауапты болып, еңбегінің жемісін жеп отырған Шарбану Даниярованы мерейтойымен құттықтаймын. Үнемі жолы болып, еңбегі жана берсін!

Ақылжан МАМЫТ

«Құрмет» орденінің иегері

Сенімімізді ақтай білді

Ұзақ жыл облыстық «Аq jol» газетінде бас есепші болдым. Бұрын есеп жағы орталықтанған болатын. 1993 жылдан бастап бөлек отау болдық. Ол кезде жұмыстар оңай соққан жоқ. Редактор қорын, кәсіподақ қорын, қаламақы қорын жасадық. Соның бәрін маңдай терді төгіп, табандап отырып істедік. Шарбану Даниярова 1999 жылы жұмысқа келді.

Сол кездегі газеттің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев шақырып алып:

«Сенің қарауыңа жетекші маман болып жас қызметкер келе жатыр. Өзің тәрбиелеп көресің. Жұмысына қарап, түрлі тиімді жолға бағытта. Ол қыздан дұрыс маман шығады деген сенімім үлкен», – деді.

Сонымен Шарбанумен де бірге еңбек ететін күндер басталды. Жоқ, бұл қыз шынымен өз жұмысына жауапты екен. Айтқан ақылың мен ескертпеңді бірден ұғып алады. Екінші ол жағынан кемшілік жасамайды. Бұл, әрине, жақсы маманның ісі. Осылай ұзақ жыл бірге еңбек еттік. 2010 жылы мен редакциядағы жұмысымнан кеткенше сыйласып, бауырдай болып араластық.

Тіпті, өзім жұмыстан кетіп бара жатып сол кездегі бас редакторға:

«Мен кеттім енді. Бірақ, мынау Шарбануға тиіспе, мұны орнынан қозғама. Ол жас әлі, жұмыс істесін» деп ескертіп кеткенмін. Ал Шарбанумен содан бері де хабар үзбей, әлі араласып тұрамын. Редакцияның өмірі маған ыстық. Сондықтан, Шарбанумен хабарласып, редакцияның жағдайын біліп отырамын.

Мерейтойы құтты болсын! Әрқашан еңбегінің жемісін көре берсін!

 

Қалдыкүл ТОЙШЫБЕКОВА

облыстық «Аq jol» газетінің 1993-2010 жылдардағы бас есепшісі

Құтты болсын мерей жас!

Жалпы, редакцияларда жұмыс істейтін есеп қызметкерлерін ештеңе де «жазбайтынына» бола жатсынып, жатыр қауға әсте болмайды-ау! Өйткені, олар баяғыда-ақ газетшіге, әдебиетшіге, не болмаса солардың жанашырларына, пікірлестеріне, көкірегі ояу, көзі ашық оқырманға айналып кеткен. «Отымен кіріп, күлімен шығып» газеттің көсегесін көгертіп, көркейтіп отырған да басқа емес, солар. Журналистер қауымының қиындығы, қуанышы, қызығы аралас күнбекүнгі жұмысы, кәсіби мерекесіне дейін оларға ортақ болып кеткелі қашан?! Өйткені, кез келген ынталандыру іс-шараларының, мерекелік кештердің тікелей ұйымдастырушылары да олардың өздері ғой! Төл мерекелері – қаржыгерлер күнін атаусыз қалдырмас. Дегенмен, ол күні де құрметтің бәрін өз ұжымдары – редакциялар мен қаламгерлер тарапынан көретіні айдай ақиқат қой. Онда да сондай құрмет пен сый-сияпатқа лайық болса.

Өз басым редакцияларда, әсіресе облыстық «Aq jol» газетінде қызмет еткен, әлі де қызмет ететін азаматшалар ерекше жаратылған жандар ғой деген байламға келетінім бар кейде (олар аса көп те емес. Қалдыкүл, Шарбану, Райхан, Бақыт... тағы басқалары). Жазу қызметінің кіл майталман, ығай мен сығайлары жиналған қасиетті һәм қабілетті орта екені белгілі. Аз ғана қаражатқа күндері қараған қабілеттілердің әсте көңілін қалдырмау, айлығын, қалам, қағазын түгендеп беріп отыру, бәрімен де тіл табыса жұмыс істеу жеңілге түспесі анық.

Бұл орайда «Ақ жолдың» соңғы отыз жылдық жаңаша қалыптасу, даму кезеңіндегі Шарбану Қалмаханбетқызының өзінің алдындағы толқынның өкілдерімен тізе қоса еңбектеніп, толағай табыстарға жеткенін айрықша атап өту ләзім. Осы бір қабағы ашық, көңіл-пейілі кең жайдары жанның үлкен-кішіге қолынан келгенінше жақсылық жасап, қайырымдылық көрсетуге тырысып-ақ бағатынына қалай риза болмассың! Отыз жылдан астам елге еткен елгезек қызметі өзіне игілік, бейнеті зейнет болып оралғалы отыр екен!

Құтты һәм қайырлы болсын!

 

Баймаханбет АХМЕТ

ардагер журналист

Редакцияға екеуміз қатарлас келдік

«Аq jol» газетіне 1998 жылы 20 жасымда беттеуші болып жұмысқа қабылдандым. Шарбану апаймен таныстығым да сол кезден басталды. Ол кісі есеп бөліміне жұмысқа менен бір жыл бұрын ғана келген екен. Содан ұзақ жылдар бойы бірге қызметтес болдық. Ол кісі әрқашан да байсалды, сабырлы қалпынан айныған емес. Үнемі жайдары жүреді. Ол кісінің жайдары қалпын көріп, біздер де көңілді жүруге тырысатынбыз. «Көңілді жүреміз» деп кейіннен әріптестермен әзілдесетінді шығардық. Айналамыздың барлығы мықты журналистер.

Нағыз сөздің шеберлері. Біз Шарбану апай екеуміз сол сөзшең журналистермен де әзілдесіп, кей сәттерде қалыса қоймаушы едік. Газет жұмысында әзілге тартатын, қызықты оқиғалар көп болады. Журналистер білімді, шешен болуымен бірге аңғал да болып келеді. Аңғалдықтарынан талай әзіл туып жататын. Төрт жылға жуықтады, 23 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен «Аq jol» газетімен қоштасып, Алматы қаласына қоныс аударып кеттім.

Бұл жақта да республикалық газеттерде істеп жатырмын. Бірақ, «Аq jol» газетінде өткізген қызықты жылдарға жетпейді. Сол қызықты жылдарды сағынамын. Шарбану апаймен бірге өткізген уақыттарды да көп еске алатыным бар. Апайдың мерей жасы құтты болсын! Облыс баспасөзіне, есеп саласына сіңірген еңбегі аз емес. Сол еңбегі бағалана берсін деген тілегім бар. Әлі де Шарбану апаймен бірге жақсы күндер, қызықты басқосулар бола беретініне сенемін. Апайға барлық ізгі тілектерді тілеймін!

 

Жанна БЕЙСЕНҚҰЛОВА

облыстық «Аq jol» газетінің 1998-2021 жылдардағы дизайнері,

компьютер орталығының жетекшісі

Ұқсас жаңалықтар