«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қара жұмыстың қадірі

Қара жұмыстың қадірі
Автор
«Еңбексіз өмір – өліммен тең», – деген халық даналығы бар. Бұл сөздің мәні, әсіресе бүгінгі күні өзекті, мағынасы терең екені сезіледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл тек формалды науқан емес, қоғамда ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған бір үлкен әлеуметтік саланы қайта тірілтуге бағытталған маңызды шешім. Біздің мақсат қандай, қайда бара жатырмыз және еңбекті қалай бағалап жүрміз? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғасақ.

Еңбек адамы деген кім?

Еңбек адамы – бұл таңның атысынан, күннің батысына дейін адал еңбек етіп, терін төгіп, елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген азамат. Бұл – жол жөндеуші, құрылысшы, аспаз, тракторшы мен токарь. Асыра сілтеп, артық айтқандық емес. Олар – қоғамның қозғаушы күші, бейбіт күннің батырлары. Мансап қуғандар емес, мамандығын шын сүйетін жандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайлы былай дейді: «Біз еңбек адамына құрметті күшейтуіміз керек. Қоғамның қозғаушы күші – қарапайым жұмысшылар. Ел дамуы осы еңбеккерлерге тікелей байланысты». Расында да, зәулім үйлерді салатын, астықты орып, оны ұнға айналдыратын, суды тазартып, жарықты қосатын, қоқысты уақытылы әкетіп, ауламыз бен көшемізді таза ұстайтын – сол еңбек адамдары. Экономика мен тіршіліктің күретамыры – нақ осы мамандық иелері. Бірақ олардың еңбегі әрдайым лайықты бағалана ма?

Жұмысшы мамандығына жастар неге барғысы келмейді?

Бүгінде техникалық және жұмысшы мамандықты таңдайтындардың қатары сиреп кетті. Мектеп бітірген жас жоғары оқу орнына түсіп, кеңседе ақ көйлек киіп отыруды армандайды. Ал токарь, құрылысшы немесе электрик болу – екінші сортты кәсіп секілді қабылданады.

Бұл стереотиптің бірнеше себебі бар:

* Жалақының төмендігі. Жұмыс ауыр, бірақ төлем мардымсыз. Әсіресе, ауылаймақта еңбек адамының күнкөрісі ауыр екенін кімнен жасырамыз?

* Қоғамдық көзқарас. «Жұмысшы – төмен тап» деген ұғым санаға сіңіп қалған. Бұрынғы кеңестік дәуірде «жұмысшы табы» ең құрметті саналса, бүгінде бұл мәртебе көмескі тартқан.

* Насихаттың әлсіздігі. Теледидар мен әлеуметтік желілерден танымал блогерлер мен әншілер жиі көрінеді. Ал, қарапайым еңбек адамының өмірі мен жетістігі туралы әңгіме жоқтың қасы.

* Мамандыққа мақтаныштың болмауы. Жастардың өзі таңдаған ісімен мақтануына мүмкіндік жоқ, өйткені ол мамандық туралы дұрыс түсінік қалыптаспаған.

«Еңбек ер атандырады» деген қазақ нақылы қазір тек ұран ретінде ғана айтылып, нақты тәжірибеде жүзеге аспай отыр.

Қайтпек керек? 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау – ел ішінде үлкен бетбұрыс жасаудың алғашқы қадамы.

Мұның аясында бірнеше нақты шаралар жүзеге аса бастады:

* Кәсіптік-техникалық колледждерге қолдау күшейді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, оқу бағдарлама лары жаңартылып жатыр.

* Дуальді білім беру – яғни студенттің оқуын зауытта немесе кәсіпорында тәжірибемен ұштастыру жүйесі кеңейіп келеді.

* Жұмысшы жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама мен гранттар жүйесі іске қосылды.

* «Еңбек адамы» бейнесін көтеретін ақпараттық жобалар көбейіп жатыр – телебағдарламалар, деректі фильмдер.

* Жалақыны көтеру бойынша нақты ұсыныстар беріліп, кейбір салаларда бұл басталып та кетті. Күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелер уақытылы шешілмесе, бізге себебімен емес, салдарымен күресуге тура келеді.

Қазірдің өзінде инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар және басқа да нақты салалық мамандықтар ерекше сұранысқа ие болып отыр. Бұл сұраныс келешекте тек арта түспек.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық бағыттар бойынша қосымша 1,6 миллион адам қажет болады. Қазірдің өзінде Қазақстанда техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман жетіспейді.

Жоғары білімі бар кадрларға қажеттілік – 430 мың адам. Бұл Парламент қабырғасында талай көтеріліп, ашық айтылып отырған дерек. Демек, бұл тек білім беру жүйесінің емес, тұтас ел саясатының басты басымдығына айналуы тиіс мәселе.

Неліктен бұл маңызды мәселе?

Жұмысшы мамандықтардың дамуы – елдің индустриалдық, аграрлық және экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды. Қазіргі таңда көптеген құрылыс нысандарында, ауыл шаруашылығы саласында және өндірісте шетелдік жұмыс күшіне тәуелділік артты. Бұл – кадр тапшылығының айқын белгісі. Егер осы бағытты дер кезінде қолға алмасақ өндіріс тұралайды, отандық экономика әлсірейді, әлеуметтік теңсіздік күшейеді.

Бұған қоса, еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның рухани тазалығы мен әділеттілігін көрсететін көрсеткіш. Еңбектің қадірі кеткен жерде – адами құндылықтар да төмендейді. Қазақ халқы ертеден-ақ еңбекті ұлықтап келген.

«Еңбек етсең – емерсің», «Еңбек түбі – береке», «Еңбекпен ер көгерер» деген аталы сөздер бекер айтылмаған. Ендеше, сол ұлттық рухты жаңғыртып, еңбек адамын төрге оздыру – бүгінгі буынның міндеті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Еңбек адамына құрмет – елге құрмет. Қарапайым жұмысшының еңбегі арқылы ғана елдің ертеңі қалыптасады. 2025 жыл – жұмысшы мамандықтардың емес, тұтас елдің еңбекті қайта қадірлеу жылы болуға тиіс. «Байлық – байлық емес, еңбек – байлық» деген сөзді ұмытпаған абзал.

 

Айбек ҚОСАН

 

 

Ұқсас жаңалықтар