Құрманбек Сағындықов туралы айтылғанда әуелі ол кісінің Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен арадағы достығы тілге тиек болады. Екеуі де Жуалы ауданының тумасы. Бір сыныпта оқып, бірге өскен. Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы мектеп-интернатта бір партада қатар отырыпты. Қазақ халқының аса қадірлі қос азаматының достығы осы сәттен басталған. Содан кейін екеуі туған жерінде бірге қызмет етіп, 1933 жылы Алматыға да бірге аттанады. Майдан даласында да бірге болады. Мәскеуде де бірге жүріп, Алматы қаласында қайта табысады. Бүгінде сол достық олардың ұлдарынан немерелеріне өтіп, жалғасын тауып отыр екен.
Бұл туралы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Елі барда ер есімі ұмытылмайды» тақырыбында өткен кеш барысында айтылды. Сонымен ұлт ардақтысы, жазушыаудармашы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов биыл 115 жасқа толып отыр. Мерейтой иесіне арналған іс-шара оның туған жері Шақпақата ауылындағы жазушыжурналист есімімен аталатын орта мектептен басталды. Бұл білім ошағына 1996 жылы қоғам қайраткері, жазушыаудармашы Құрманбек Сағындықовтың есімі берілген болатын. Бүгінде мектепте қайраткер атындағы музей бар. Онда Қ. Сағындықовтың фотосуреттері мен қолжазбалары, орден-медальдары, тағы басқа көзі тірісінде қолданған жеке заттары қойылған. Мектепте өткен кездесуге қатысқан елге белгілі азаматтар өз сөздерінде қайраткердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, тұлғаның өмір жолынан жас ұрпақ тағылым алатынын айтты.
Іс-шара аясында әуелі кеш шақырылушыларына жазушы-аудармашының өмірі мен шығармашылығына арналған «Даңқ» залының таныстырылымы болды. Онда қонақтар қоғам қайраткері, жазушыаудармашы Қ.Сағындықовтың жеке заттары, аударған кітаптары және фотоальбомдарымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Тағылымды іс-шара ары қарай мектептің мәжіліс залында жалғасын тапты. Онда экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Мұхтар Тінәсілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күміс Пармашқызы, жазушылар Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Сүйінбай, суретші, Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібайұлы, жазушы-журналист Исахан Ақылбеков ағалары туралы тебірене естелік айтып, оның руханиятқа қосқан үлесін, тамаша аудармаларын, өмір жолын сөз етті.
Бұдан кейін кеш Шақпақата ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кешті Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев ашып, жүргізді. Мұнда да ел ағалары сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Олар қайраткердің баспасөз, аударма, газет, радио-телевидение саласының дамуына қосқан, ұлт руханиятына сіңірген еңбектері жайлы ерекше атап өтті. Ал Қ.Сағындықовтың немере қарындасы Күміс Пармашқызы да атасы туралы тебірене сөз сөйледі.
– Бүгін біз Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуын кең көлемде атап өтудеміз. Оның өмірінен жас ұрпақтың тағылым аларлық тұстары өте көп. Ағаның бойында білім-ғылымға, ізденіс пен еңбекке құштарлығы өте жоғары болатын. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Құрманбек аға ел өміріндегі қиын-қыстау кезде қысылып-қымтырыла жүріп білім алды. Оны кейіннен адал еңбекпен ұштастырып, ұлт руханияты мен мәдениеті үшін аянбай тер төкті. Бірқатар баспада басшы болып, кейіннен елдің радио-телевидение саласын басқарды. Ағаның аудармашылық қыры туралы ерекше айтуға болады. Ол кісінің ешкімнен тайсалмай, шындықты бетке айтатын турашыл мінезі бар еді. Осы қыры оны басқалардан ерекшелеп тұратын. Ал ағаның Батыр Бауыржан Момышұлымен достығы өте ерекше болды. Екеуі де достыққа, сертке адал болды. Балаларын да осыған тәрбиеледі. Қазір де екі қайраткердің ұрпақтары аталарының достығын лайықты жалғастырып келеді. Ұлылар ұлағатынан жас ұрпақ тағылым алса, одан біз ұтылмаймыз. Қайраткер атындағы мектептің ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, шәкірттердің зейінді, алғыр болуларына шын жүректен тілектестік білдіремін, – деді Күміс Пармашқызы.
Жиында сөз сөйлеген Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Сүйінбай, Нұрлан Шилібайұлы, Исахан Ақылбеков те Құрманбек Сағындықовтың ерекше қырлары мен елге сіңірген еңбегін тебірене әңгімеледі. Айтулы кеш түстен кейін аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Елі барда ер есімі ұмытылмайды» тақырыбында ұйымдастырылған еске алу кеші де жоғары деңгейде өтті. Мұнда әуелі қайраткер өміріне арналып Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы түсірген «Тау алыстаған сайын биіктей түседі...» атты деректі фильмнің тұсауы кесіліп, жұртшылыққа ұсынылды. Оның соңы аудан өнерпаздарының театрландырылған көрінісіне ұласты. Аудан өнерпаздары кештің сәнін ән-күймен сүйемелдей отырып, іс-шараның мазмұнын аша түсті. Кешті аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Құрманбек Сағындықұлының есімі даңқты батыр, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлымен қатар аталады. Ұлылар арасындағы адал достық кімге болса да үлгі. Қаламгердің артында қалған оншақты хаттың алғашқысы бір сыныпта оқып, бірге өскен сырлас, тату досы аңызға айналған әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының атына арналып жазылғанын мақтанышпен айтамыз. Құрманбек Сағындықұлы сөзге ұсталығының, кітапты көп оқитындығының арқасында өзінің замандастары арасында тым ерте танылған, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударудың асқан шебері болған тұлға. Ол журналистік қызмет жолын Жуалы аудандық «Таусағыз» (қазіргі «Жаңа өмір») газетінен бастап, атақты баспаларда басшылық қызмет атқара жүріп, әлемдік классиканың бірқатар тамаша үлгілерін ана тілімізге аударған алғашқы журналист. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын бірінші редакциялаушы, орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының екі тілде қатар жазылуына өз үлесін қосты. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдары оның әскери журналистиканы қалыптастырудағы еңбегі зор. Ол майдан даласындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін баспа бетінде жариялап, жігерлендіріп отырды. Құрманбек Сағындықовтың еңбегі елеусіз қалмай, «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерінің иегері атануы, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкері марапатына да лайықты деп танылуы – бүкіл қазақ халқы үшін үлкен абырой. Бүгінгі іс-шара туған жерінің өз ұлын мақтаныш етіп, жас ұрпаққа үлгі етуінің бір айғағы. Өз заманының алыбы Құрманбек Сағындықұлының ұрпаққа қалдырған мол рухани мұрасы мен есімі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Айдос Құттыбайұлы.
Осы кеш аясында Қ. Сағындықовтың 115 жылдығына арналған аудандық шығармашылық байқаудың жүлдегерлері марапатталды. Сондай-ақ кеште облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ернұр Бураханның мерейтойға орай жолдаған құттықтау хатын оқып, тапсырды. Сонымен қатар бұл жиында да ел ағалары Мұхтар Тінәсілі, Елен Әлімжан, Доқтырхан Тұрлыбек, Нұрлан Шилібайұлы, Исахан Ақылбеков және Күміс Пармашқызы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыс ардагерлерінің «Ғұмырдария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, қайраткер Қ.Сағындықовтың тағылымды өмір жолының ерекше тұстарын, тұлғаның елге сіңірген еңбегін тебірене айтты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




