Гүлнар Бескемпірқызы 1985 жылы 19 жасында босаға аттап келін болған. Міне, осы жылдан бастап еден жуушы ретінде еңбекке араласқан. Әуелі қазіргі Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлесу-Еңбек ауылындағы мекемелердің бірінде тер төксе, көп ұзамай «Аса» кеңшарының кеңсесінде тазалыққа жауапты болды. Кейіннен 15 жыл бойы аталған ауылдағы орта мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істеді. Ал 2018 жылдан бері Бірлесу-Еңбек ауылында орналасқан Ақбастау ауылдық округінің кеңсесінде еден жуушы болып еңбек етеді. Қай мекемеде жүрсе де Гүлнар өз жұмысына өте жауапты.
Әр бөлменің тазалығына ерекше мән береді. Жұмысына ерте келіп, кеш қайтады. Ат үсті қимылдап, жүрдім-бардым істей салу бұл кісіде атымен жоқ. Кеңсеге келетін адамдар да әртүрлі. Біреу сыпайы, біреу дөрекі. Тазалыққа жауапты адамның жұмысын бағалайтындар да бар, бағаламайтындар да аз емес. Біреу былғаныш етігін тазаламай кіріп кетеді. Сөйтіп, кеңсенің кіреберісін, бөлмелерді аймандай етіп былғайды. Ондайға да қабақ шытып жатқан Гүлнар жоқ. Бір езу тартып алып, қайтадан тазалап шығады.
Былай қарасаңыз, «өртеніп кеткен ештеңе жоқ. Тазаласа өзінің жұмысы ғой» деуге де болады. Бірақ әр адамның өзі таза болуы, айналасындағы тазалыққа көңіл аударуы, ең құрығанда таза тұрған жерді бүлдірмеуі маңызды емес пе? Осы тұрғыдан алғанда мұнтаздай болып тұрған жерді алшаң басып бүлдіріп кететін, жүрген жерлерінде айғыз-айғыз ұсқынсыз із қалатын жағымсыз адамдардың жағасынан ала түскің келетіні бар. Бірақ ең жаманы олардың өз қателігін түсінбейтіні. Гүлнар Бе скемпірқызы секілді айналасына жылы шуақ пен тазалық сыйлап жүрген кісілерді көргенде көңіліміз күндей жадырап шыға келеді. Бұл ретте еңбек адамының да сөзіне назар аудардық.
– 1985 жылы Бірле су-Еңбек ауылына келін болып түстім. Ол кезде жаспыз. Айналаның бәрі гүлдей жайнап, шуақты көрінеді. Келін болған жеріме барлық жақсылық пен ізетімді көрсеткім келіп тұратын. Атаапаларды құрметтеп, батасын алдық. Тіпті, өз тегімді отағасының тегіне де өзгертіп жібердік. Келін болып түскен соң бірнеше айдан соң жұмысқа шығып кеттім. Күйеуім мал дәрігер маманы болды. Ол кісі жұмыс істе деп те қинаған жоқ. Жұмыс істейінші дегеніме де қарсы болмады. Ауылдан айлық алатын іс табылып тұрған соң, кірісіп кеттім. Жолдасым екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Солардың барлығын осы еден тазалаған қолыммен бағып-қақтым. Тазалық жұмысына жауапты бола жүріп, балаларымды да тазалыққа, адалдыққа үйреттім. Жолдасым да балалардың адал жүріптұрғанын қалады. Міне, содан бері де зымырап 40 жыл уақыт өте шығыпты. Осы жұмыс маңдайыма жазылған екен. Атқардым. Адал табыспен отбасымды қуантқанымды мақтан етемін. Ештеңесі жұғып қалмайды. Әр жұмыстың өз берекесі бар. Есесіне ұлқыздарымызды оқытып, жақсы маман болуына ықпал еттік. Өзім Жамбыл ауданының Көлқайнар ауылында туыпөстім. Сол ауылда мектеп бітірдік. Бұйрық болып келін атанып, көгерген жерім – Бірлесу-Еңбек. Осы ауылдың үлкендеріне алғысымды айтамын. Қазір өзіміз де талай балаға апа болдық. Қайныларымның құрметі өз алдына, қазіргі жастар «Апа» деп сыйлайды. Оған, әрине, ішіміз жылып қуанып қаламыз. Кейінгі балаларға өзіміз де үнемі жақсы сөзімізді айтып, жанашыр болып отырамыз. Жаңа түсіп жатқан жас келіндерге өзіміз де бата беретін жасқа келіп қалдық. Ауылдың берекесі деген осы. Бір үйде қуаныш болса, бәрі де ортақтасып тұрады. Қысқасы, ауылдағы күнімізге де, жұмысыма да көңілім толады, – дейді кіші қызметкер Гүлнар Жақыпова.
Еңбек адамы туралы басшылықтың да пікірі оң екен.
«Кеңседегі әр қызметкердің өз міндеті бар. Әкімшіліктің жұмысы кешке дейін қазандай қайнап жатады. Дегенмен сәт сайын тазалыққа жауапты болып, жұмысы қызу әкімшілік бөлмелерін мұнтаздай еткен Гүлнар Бескемпірқызының еңбегін жоғары бағалаймын. Ол кісі әр бөлмені айнадай таза ұстағандықтан, әр күні таңертең жұмысымыз өте сәтті басталады. Бұл кісі осылай округ әкімдігі жұмысының серпінді жүруіне белгілі дәрежеде үлесін қосып отыр», – дейді Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




